Бірлікте білім ордасының құрылысы басталды
Былтыр газетімізде облыс орталығынан небары 21 шақырым қашықта жатқан, Павлодар ауданына қарасты Бірлік ауылы тұрғындарының көптен бері бір мектепке қол жеткізе алмай жүргенін жазған едік. Араға жыл салып, аталған мәселе оң шешімін тапты. Яғни, жақында Бірлік ауылында жалпы орта білім беретін жаңа мектептің алғашқы кірпіші қаланды.
Бұған дейін бұл елді мекенде білім ордасы атымен болмаған. Соған қарамастан, ауылға алыс-жақыннан көшіп келушілер көбейіп, халық саны, әсіресе, оқушы қатары артқан. Шамамен 100-ге жуық бала күн сайын көршілес Заря ауылындағы Заря жалпы орта білім беру мектебіне арнайы автобуспен барып, білім алуға мәжбүр болған. Осыншама баланың екі ауылдың арасында сабылып жүргеніне алаңдаған ата-аналар мектеп қажет екенін айтып, дабыл қаққан еді. Олардың бұл талап-тілегіне облыс әкімі де құлақ түріп, барынша қолдау көрсететінін айтқан болатын.
Сөйтіп, небары бір жылдың ішінде ауылдықтардың арманы орындалады деген үміт сәулесі жанды. Олай дейтініміз, осыдан бірнеше күн бұрын ғана Бірлік ауылында жаңа мектептің іргетасы құйылып, алғашқы кірпішін қалау рәсімі өтті. Игі шараға аймақ басшысы Асайын Байханов қатысып, Бірлік ауылы тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
— Біз ауыл тұрғындарын толғандырған мәселенің шешімін табамыз деп уәде берген болатынбыз. «Айтылған сөз — атылған оқ» демекші, міне, бүгінде мектеп құрылысы басталды. Жоспар бойынша осы жылдың бірінші қыркүйегінде Бірлік ауылының балалары жаңа мектепке барады деген үміттеміз. Балаларыңыз осы білім шаңырағында аман-есен оқып, әйгілі жерлестеріміз — Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин сияқты ғалым болсын деп тілеймін. Жаңа мектептің салынуы ауылдың дамуына, өсіп-өркендеуіне серпін беретініне өте қуаныштымын, — деп атап өтті Асайын Байханов. Ауыл ақсақалдары, ата-аналар мен жастар көп жыл бойы күрмеуі шешілмей келген күрделі мәселеге назар аударып, қолдау көрсеткен облыс басшысына алғыс білдірді. Сондай-ақ, шараға жиналған қауым Бірлік деген атына сай береке-бірлігі жарасқан елді мекенде жаңа мектептің бой көтеруі ауыл мерейін асыра түсетінін жарыса жеткізді.
Мамандардың айтуынша, осы мектептің құрылыс жұмыстары оффтейк-келісімшарт негізінде жүргізілуде. Яғни, бұл дегеніміз – жаңа нысанды инвестор өзі салып, пайдалануға бергеннен кейін мемлекет оны сатып алады деген сөз. Мұндай тәсілдер өңірдегі өзге де апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін шешуде тиімділігін көрсеткенін атап өткен жөн. Жоба бойынша жаңа білім ордасында заманауи үлгіде жабдықталған пәндік кабинеттер, арнайы зертханалар, спорт залы, медициналық пункт ашылатын болады.
Аудандық білім беру бөлімінің өкілдері Бірлік ауылындағы мемлекеттік тілде білім беретін шағын орталық ғимаратының да балғындарға таршылық ететінін айтқан болатын. Олардың сөзіне қарағанда, елді мекендегі аумағы бір жер үйдің көлеміндей ғана мектепке дейінгі мекемеде 20-дан астам бала тәрбиеленуде. Одан көп балғын қабылдауға мүмкіндік жоқ. Қуантарлығы, биыл бұл мәселе де оң шешімін таппақ. Яғни, жаңа мектеп жанынан 40 орындық шағын орталық салынады деп жоспарлануда. Осы жағымды жаңалықты естіген ауылдықтар қуанышында шек жоқ. Бұған дейін мектебі жоқ ауылдың болашағы бұлыңғыр бола ма деп алаңдаған ауылдықтар енді ұл-қызының келешегі кемел болады деген нық сенімде.
Атап өтерлігі, жаңа білім ордасын салу туралы шешім облыс әкімінің өткен жылдың көктемінде елді мекен тұрғын-дарымен болған кездесуінен кейін қабылданған. Сол кезде ауылдықтар аймақ басшысына балаларының білім алуы үшін басқа ауылға барып жүргенін айтып, өздері өсіп-өнген туған жерінде жаңа мектеп салып беруді өтініп сұраған еді. Аз уақыттың ішінде аталмыш мәселе оң шешімін тауып, тұрғындарды қуанышқа бөлеп отырғанына біз де ризамыз.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.