Екібастұз қаласындағы мектептердің көбі ескіріп тұр. Бүгінгі таңда шахтерлер шаһарындағы білім ордаларының жартысына жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қабырғасы қаланғаннан бері, яғни көптен көңіл бөлінбей келген мектептердің кейбіріне биыл ғана ішінара күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл білім беру мекемелерінің ішкі бөліктері ғана біртіндеп жөнделгенімен, сырты сын көтермейді.

Күрделі жөндеу қажет!

Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің журналистері көпшіліктің сұрауы бойынша Екібастұз қаласындағы осындай мектептердің мәселесімен және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім нысандарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Екібастұз қаласындағы ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген ескі мектептердің бірі – Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беру мекемесі. Мамандардың айтуынша, бұл білім ордасы — шаһардағы ашылған алғашқы қазақ мектебі. Келесі жылы ұжым 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Өкінішке қарай, осындай терең тарихы бар, талай таланттар түлеп ұшқан білім беру мекемесінің халі мүшкіл көрінеді. Аталмыш мектеп директоры Қарлығаш Ташенованың сөзіне қарағанда, бұл ғимарат 1987 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген, тек жыл сайын әктеу, әрлеу, сырлау сынды ағымдағы жұмыстар ғана жасалып келген.

— Негізі, әу баста осы мектеп басқа ғимаратта болыпты. Кейін мұнда көшіп келгеннен бері көп уақыт өткенімен, толыққанды күрделі жөндеу жүргізілмеген екен. Мен 2020 жылы бұл мектепке директор болып тағайындалдым. Содан бері білім ордасын жөндеуге бағытталған 8 жобаның сметалық құжатын жасап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті мекемеге жібердім. Оның кейбірі ескіріп те қалды. Әйтеуір биыл мектептің жылу құбырлары толығымен ауыстырылды. Сонымен қатар, 400-ден астам терезенің 60-ы жаңадан орнатылды, — дейді мектеп директоры. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 74,3 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде мектеп терезелерінің 25 пайызы ғана ауыстырылғанымен, қалған әйнектер әбден тозған, электр желісі де ескірген. Мұны мектеп басшысы да ашық айтып отыр.

— Шыны керек, терезелер шіріп тұр. Ашуға қорқамыз. Таза ауа кіргізу үшін әйнектерді ашсақ, жаба алмаймыз. Жапсақ, аша алмаймыз. Қыстың күні гипспен бітеп тастағанбыз. Себебі, гуілдеп жел кіріп, ғимараттың іші азынап кетті. Электр желісінің жағдайы да мәз емес. Шамамен 3-4 жыл бұрын осы мектепте кішігірім өрт шығып, сол кезде біраз сымдар ауыстырылыпты. Енді соның бәрін жаңарту қажет, — дейді Қарлығаш Ташенова. Ал мектеп сыртының сиқы сын көтермейді. Ғимарат сыртындағы сылақтар қабыршықтанып, үгітіліп түсіп жатқанын байқауға болады. Көптен күрделі жөндеу көрмей келген мектептің жағдайы ата-аналарды да толғандыруда.

— Бұл білім ордасында 2 балам оқиды. Мектебіміздің іші де, сырты да тозып тұр. Балаларымыздың жарқыраған, жайнаған мектепте оқығанын қалаймыз. Осы мектепке толық күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу – барлық ата-ананың тілегі. Басқа жағына сөзіміз жоқ. Оқушылардың білім сапасы жақсы, жетістіктері толағай, — дейді Роза Жазықбаева есімді ана. Білім беру мекемесінде балалары оқитын тағы бір ана Сандуғаш Сапарова:

— Мұғалімдерге шексіз ризамыз. Тек мектебіміздің жұтап тұрғаны көңілімізді құлазытады. Тіпті, мектеп ауласына суретке түсуге де ұят. Сондай-ақ, сырттағы спорт алаңының жағдайы да өте нашар. Осы мәселелер оң шешімін тапса екен, — дейді. Шаһардың бас ұстазы Лаура Дисюпова келесі 2024 жылы мектептің шатыры жөнделіп, есіктер пен терезелері ауыстырылып, электр желісі жаңартылатынын айтты.

«Жығылғанға — жұдырық» демекші, өткен қыста қалада коммуналдық апат орын алған кезде аталған мектеп қатты зардап шеккен. Оқу ғимаратының бір блогындағы су құбыры жарылып, онсыз да шіріп жатқан еден жарамсыз болып қалған. Кейін бүлінген орын қалпына келтірілгенімен, шыққан шығын әлі күнге дейін өтелмеген. Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы оны өндіріп алу үшін заң органдарына арызданып, 7 млн теңге талап етіп отырғанын мәлімдеді. Қазір іс қаралып жатқан көрінеді.   Бүгінде ұлы Абайдың атымен аталған 4 қабатты үлкен мектепте 700 оқушы білім нәрімен сусындауда. Білім сапасы жағынан көрсеткіштер көңіл көншіткенімен, мектептің жағдайы әлі де нашар. Себебі, ғимараттың ішіне аз-аздан жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, мәселені түбірімен толық шешу үшін тағы да күтуден басқа амал жоқ.   Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, қазіргі уақытта шаһарда 23 мектеп бар болса, оның 9-ы пайдалануға берілгеннен бері мүлдем күрделі жөндеу көрмеген. Тек биылдан бастап ахуалы ауыр бірқатар мектептің ішкі бөліктеріне аз-кем күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастаған. Біз сөз етіп отырған Абай атындағы №2 мектепке осы жылы ғана ішінара күрделі жөндеу жүргізілгенімен, қалған 8 мектептегі (№5, 9, 10, 12, 16, 21, 23, 25) жағдай «баяғы жартас — сол жартас» күйінде қалып отырған жайы бар.

Қомақты қаржы қайда кетті?

Биыл Екібастұз қаласындағы 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық қазынадан 1 миллиардқа жуық, нақтырақ айтқанда 966,7 млн теңге бөлінген. Бұл қомақты қаражатқа №2, 9, 11, 18, 22, 26 мектептерге ішінара күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы білім ордаларының да жағдайымен танысқанды жөн көрдік. Сонымен, 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебіндегі бірқатар мәселе шешілгенін байқадық.

— Бұрын мектептің әйнектері ескі болғандықтан, қыс мезгілінде сыныптар салқындап кететін. Есіктер де тозғандықтан, кейбірі дұрыс жабылмайтын. Шойын темірден тартылған жылу құбырлары да шіріп кеткен еді. Енді әйнектер 100 пайыз ауыстырылды. Жаңа есіктер салынып, су құбырлары мен кәріз жүйесі толығымен жаңартылды. Оқушыларға арналған 23 дәретхана да жаңадан орнатылды. Бұл мақсатқа 40 млн 850 мың теңге бөлінді, — дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Дулат Тыныбеков.  Оның айтуынша, ендігі мәселе – оқу ғимаратының қасбетін жөндеу. Сонымен қатар, мектептің сырты да тозып тұрғанын көруге болады. Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің басшысы осы жұмыстарға шамамен 15-20 млн теңге қажет екенін, әзірге білім беру мекемелерінің ішкі жағдайын реттеуге басымдық беріліп отырғанын алға тартты. Ал №26 гимназия-мектебінің айналасын-дағы шұрық тесік асфальт жабындысы жылдар бойы оқушылардың жүріп-тұруына қиындық туғызған. Тіпті, мамандар мұнда «Алғашқы қоңырау», «Соңғы қоңырау» сынды салтанатты іс-шараларды өткізу мүмкін болмағанын айтады. Биыл осы мәселе оң шешімін тапқан. Гимназия директоры Қанат Шайхсламовтың айтуынша, білім ордасының ауласындағы 4 мың шаршы метр жерге кеспе тас төселіп, қоршау орнатылып, спорт алаңы жөнделген. Бұл бағыттағы жұмыстар үшін қазынадан 57 млн теңге қаржы жұмсалған. Салынға-нына 29 жыл болған мектепке бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі таңда мұнда 1200 бала мемлекеттік тілде білім алуда. Ағымдағы жылы ішкі жағына 100 пайыз күрделі жөндеу жұмыс-тары жасалып жатқан шаһардағы жалғыз білім ордасы — №18 мектеп. Бұл мекеменің терезелері, есіктері, электр желісі, едені толығымен жаңартылып, ауыстырылған. Қабыр-ғалар тегістеліп, әктелген. Спорт залы да жөнделуде. Осы мақсатқа 334,6 млн теңге қарастырылған.

— Мектеп 1988 жылы пайдалануға берілген. Содан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Биыл жаппай ішкі жағы жаңартылуда. Қызылорда және Павлодар қаласынан келген жұмысшылар апта бойы демалыссыз еңбек етуде. Білім күніне дейін барлық шаруаны аяқтайтын боламыз. Мектебіміз үлкен, 1500-ден астам оқушымыз бар, — дейді білім ордасының директоры Саламат Избастина. Бөлім басшысының айтуынша, келесі жылы ғимараттың сыртқы жағы жөнделеді деп жоспарлануда.  Шахтерлер шаһарындағы №11 және №9 мектептердің де жағдайы мәз емес. Қазіргі таңда №11 мектептің әйнектері мен есіктері ауыстырылған. Сондай-ақ, бұл мектеп қыс бойы салқын болатындықтан жылу жүйесін автоматты түрде реттеп тұратын арнайы құрал-жабдық та сатып алынған. Ал №9 мектептің кәріз жүйесі ауыстырылып, жылу құбырлары тартылған. Осыдан 44 жыл бұрын салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген білім беру мекемесінің терезелері мен есіктері де ескірген. Мектеп директоры Бекзат Қалқаманұлы бұл жұмыстар келесі жылы атқа-рылатынын айтады.

Екібастұз қалалық білім беру бөлімінің өкілдері мектептер жаңа оқу жылына дайын екенін айтады. Дегенмен де, шаһардағы білім ордаларының көбі әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар біртіндеп қолға алынып жатқанымен, мәселені біржола шешу әзірге мүмкін болмай тұр.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Екібастұз қаласы.