Таяуда «Туған елге саяхат» балалар патриоттық-танымдық пойызының екінші кезеңінің құрамы Қазақстан бойынша қызықты сапарға аттанды. Бұл жоба аясында еліміздің әр өңірі-
нен жиналған 200 бала еліміздің туристік аймақтарына қызықты саяхат жасайды. Олардың ара-сында Ақтоғай ауданының бір топ оқушысы бар.

Аталмыш жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен және «Әлеуметтік жобалар» қорымен ынтымақтастықта іске асырылуда.

Жобаның мақсаты – ұлттық бірлік, отансүйгіштік және азаматтық сана-сезімді қалыптастыру, балаларды өз елінің мәдениеті, тарихымен таныстыру және оқушылардың бос уақытын тиімді демалыспен қамту.

Жас жолаушылар арасында «Өз өңірімді өркендеткім келеді» атты шығармашылық байқауының жеңімпаздары, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың және «Самұрық-Қазына» өндірістік компаниялары қызметкерлерінің балалары бар.

10-15 жас аралығындағы балалар 12 күндік сапар барысында Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңырдың көрікті жерлерін аралайды. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында 100 келі тұрмыс қалдығын кәдеге жарату орнына тапсырады. Одан соң көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан тағы 200 баланы да қызықты сапар күтіп тұр.

Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен алтыншы мәрте жолға шыққан «Туған елге саяхат» пойызы арқылы бұған дейін 5 жылда 3 мыңға жуық бала қамтылды. Өткен жылдан бері жобаға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия белсенді атсалысуда.

 

Өз тілшіміз.