Таяуда облыс орталығындағы мектептердің бір топ оқушысы Баянауыл баурайында «Көшбасшы турист, эколог, өлкетанушы» деген атпен ұйым-дастырылған көшпелі лагерьде көңілді демалып қайтты. Игі шараға Павлодар қалалық білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы мұрындық болды.

Көшпелі лагерьдің басты мақсаты – шаһар шәкірттерінің Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде демалып, туған өлкенің көрікті жерлерін тамашалап, бос уақыттарын тиімді өткізу, дейді ұйымдастырушылар. Екі апталық демалыс барысында сондай-ақ, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, байқаулар, түрлі спорттық жарыстар мен бірнеше бағыт бойынша қызықты іс-шаралар өткізілді. Мәселен, «Өлкетану» бағытында балалар ұлттық паркпен жіті танысып, «Жасыбай қабірі», «Қоңыр әулие» үңгірі, басқа да киелі тарихи орындарға экскурсия жасады. «Көшбасшылық мектебі» бағы-
тында зияткерлік ойындар мен тренингтерге қатысты.

— Бізге көшпелі лагерь қатты ұнады. Бұл жолы қасиетті Баян жеріндегі көптеген аңыз-әңгімелерді естіп, білдік. Жасыбай көлінің жағасын тазартуға арналған экологиялық акцияға да атсалыстық. Шығармашылық кештерге де қатысып, жақсы көңіл көтердік. Есте қаларлықтай қызықты сәттер көп болды, — дейді Қуандық Әлихан есімді павлодарлық оқушы.

Нұржайна ШОДЫР.