Лагерьлерде тынығады

Мау 12, 2025

Железиндік балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін тиісті жоспар түзіл-
ген. Балалардың алғашқы легі демалыстарын бастап та кетті. Қазіргі таңда ауданның 28 мектебінің жанынан лагерьлер ашылды.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Маржан Алшымбаеваның айтуынша, ауданда 2165 оқушы оқиды. Олардың 90-ы биыл мектептен түлеп ұшады. Алдағы жазда 2075 1-10-сынып оқушысын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Әлбетте, тынығу ғана емес, жоғары сынып оқушыларын жұмыспен қамтуға да назар аударылады. Елімізде «Қазақстан балалары» атты жоба әзірленді. Жазғы демалыс осы жоба аясында ұйымдастырылмақ. Негізі, ауданда 29 мектеп бар. Березовка ауылының мектебінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондықтан мұнда мектеп жанынан лагерь ұйымдастырылмаған. Қалған 28-і қазіргі таңда балақайларды барынша жақсы тынығып, каникулды көңілді өткізуіне мән беруде.

— Одан бөлек, жазғы еңбек, еріктілер жасақтары да жұмыс істейді. Олар мектеп алдындағы аумақтарда гүл отырғызып, оларды суару, арам шөп жұлу жұмыстарына тартылады. Абаттандыру және көгалдандыру жасақтары арқылы ауданның 170 жоғары сынып оқушысын қамту көзделіп отыр. Олардың ішінде 40 бала «Жасыл ел» бойынша жұмыспен қамтылса, 10 оқушымыз «Мансап» орталығының көмегімен еңбекке араласады. Ал 120 оқушы жасалған келісімшартқа байланысты ауданның кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарында жұмыс істейді, — дейді Маржан Қадырқызы. Оқушыларға экскурсиялық, мәдени-патриоттық шаралар да ұйымдастыру жоспарланыпты. Нақтысы, олар Павлодар қаласындағы Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне, «Ertis», Әскери даңқ музейлеріне барады. Жазда облыстың, Железин ауданының  сакралды жерлерін аралау да көзделіп отыр. Балалар Баянауылдың көрікті жерлерін, Железин ауданындағы Шуылдақ атты ыстық су атқылап тұратын орынды да көреді.

Оқуда озат, спортта жетістікке жеткен, зияткерлік байқауларда жеңімпаз атанған ауданның 10 оқушыға «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаздық жолдама берілді. Олар сауықтыру шараларымен қамтылып, еліміздің белді лагерьлерінде тынығады. Сонымен қатар, 50 оқушы Өскемендегі «Балақай» лагерінде сауығады.

Қазіргі таңда ұстаздар лагерьлер маусымының алғашқы легінде балалардың әр күнін қызықты өткізуге тырысуда.  Мәселен, Алакөл ауылындағы мектеп жанындағы лагерьде тынығып жатқан оқушылар табиғат аясына шығып, серуендеуде. Серуендеп қана қоймай, «Гүлдің макротүсірілімі» тақырыбында шеберліктерін шыңдауда. Бұл туралы мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылыпты. Оқушылар гүл күлтелерінің, шық тамшыларының және өсімдіктердің ең ұсақ бөлшектерін түсіруге тырысты. Оқушылардың қызығып кеткені соншалық, олар өсімдіктерден бөлек ормандағы кішкентай тіршілік иелеріне дейін суретке түсіріп, сергіп қалды. Яғни, құмырсқа, қоңыз, өрмекшілер мен көбелектерді кадрға алып, бір сәт табиғатпен жақындай түсті. Балалар ең дұрыс әрі жақсы ракурс табу үшін жерге де жатты, еңкейіп де ебін тапты. Нәтижесінде табиғаттың сұлулығын көрсететін нағыз макрофото жинағы шыққан көрінеді.

Құзырлы орган балалардың жазғы мезгілде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мән беріп отыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім мамандарымен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.