Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл ретте техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін атап өтті. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталады. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келетінін айтты. Президенттің бұл сөзі жұмысшы мамандықтарын даярлаумен айналысатын оқу орындарына жаңа серпін берді десек, қателеспейміз. Кәсіптік білім беру саласының мамандары келер жылдан не күтеді? Бұл жүйенің әлеуеті қандай? Осы орайда, Павлодар технологиялық колледжінің басшысы Ренат Дүйсекеновпен тілдесіп, білім ордасының тыныс-тіршілігімен, қолға алған тың жобаларымен танысқан болатынбыз.
— Ренат Құсайынұлы, сіз басқарып отырған технологиялық колледжде студенттер қандай мамандықтарды меңгере алады?
— Білім ордасында студенттер бірнеше мамандық бойынша оқиды. Мәселен, тамақтануды ұйымдастыру, тамақ өнімдерінің технологиясы, сүт өндірісінің технологиясы мамандықтары бар. Сонымен қатар, студенттер кабель өндірісі, полимер саласын да меңгере алады. Бұдан бөлек, орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқиды. Бүгінде оқу ордасында 637 студент білім алуда. Жыл сайын біздің колледжді таңдайтын талапкерлердің қатары өсіп келетінін атап өткім келеді. Өткен оқу жылында студенттердің саны 485 болатын. Биыл 232 білім алушы күндізгі оқу форматына қабылданды. Басқа студенттер күндізгі дуалды оқу форматы арқылы кәсіп меңгереді. Қазіргі уақытта 47 оқытушы бар. Биыл колледжде 22 топ ашылған. Екібастұз және Ақсу қалалары мен Тереңкөл, Шарбақты, Успен және Ақтоғай аудандарынан келетін студенттер көп.
— Технологиялық колледжге түскен студенттер қандай мамандықты көп таңдайды?
— Студенттердің басым көпшілігі колледждің профильді мамандығы – тамақтандыру өндірісін таңдайды. Білім алушылардың 70 пайызы осы саланың қыр-сырын игеруде. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінің технологиясы мамандығына баратындар көп. 2020 жылы респуб-ликалық «Жас маман» жобасы аясында колледж тамақтандыру өндірісі мамандығы бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Бұл бағытқа 170 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Жобаның мақсаты еліміздегі 180 колледжді және 20 жоғары оқу орнын 100 аса талап етілетін мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болды. Мұндай бастаманың игілігін көргенімізге ризамыз.
— Колледждегі студенттер мамандық меңгеру үшін неше жыл білім алады?
— Колледжде жұмысшы мамандықтар бойынша оқитын студенттердің оқу мерзімі 2 жыл 10 айды құрайды. Ал орта буын мамандықтары бойынша оқуға түскендер 3 жыл 10 ай оқиды. Дәлірек айтсам, аспаз, кондитер сынды жұмысшы мамандығын меңгергендер 2 жыл 10 ай білім алады. Оқуын тағы бір жыл жалғастырса, тамақтандыру технологы мамандығын меңгереді. Білім сапасы бойынша екінші мамандықтың дәрежесі жоғары. Осы саладан кейін жоғары оқу орнына түсіп, бакалавр дәрежесінде оқуды жалғастыра алады. Бұл ретте олар жеделдетілген оқу форматында білім алып, 3 жылдың ішінде маман атана алады.
— Талапкерлер қалай қабылданады?
— Білім ордасына 9-сыныпты бітірген оқушылар түсе алады. Сонымен қатар, 11-сыныпты бітірген түлектер де оқуға қабылданады. Олар күндізгі дуалды оқу форматында оқиды. Мектеп түлектері тек 10 ай білім алады. Нәтижесінде жұмысшы мамандығын ғана меңгереді. Яғни, кондитер немесе аспаз бола алады. Оқуды тәмамдаған кезде диплом беріледі. Жалпы, колледжде білім алушыларға жағдай жасау үшін бірнеше жобаны қолға алдық. Биылдан бастап ауылдан келген балаларды колледж 4 мезгіл тамақпен қамтиды. Асқа жұмсалған ақша оқу ордасының қаражаты есебінен төленеді. Мұндай бастама еліміздің өзге колледждерінде жоқ екенін атап өту керек. Шалғай елді мекендерден келген студенттер жатақханаға орналастырылады. Біздің жатақхана 160 орынға шақталған. Бүгінде студенттер 100 пайыз орналастырылды.
Біздің колледжде жартылай дайын өнім әзірленетін цех жұмыс істейді. Өзімізден дайындалған өнімді сатылымға шығарамыз. Яғни, облыс орталығындағы Екінші Павлодар шағын ауданындағы дүкендерде Павлодар технологиялық колледжі деген атпен біздің өнімдер сатылады. Өз өнімдеріміздің дайындауды биыл бастаған едік. Осындай игі істен тапқан ақша жоғарыда атап өткен ауылдан келген балаларды 4 мезгіл тамақпен қамтуға жұмсалады.
Біздің оқу орнына түсу үшін талапкер тек әңгімелесуге келеді. Оқуға түскендер тегін оқиды.
— Биыл студенттер үшін қолға алынған өзге де жаңа-шылдықтар барын естіген едік. Соған тоқталып өтсеңіз…
— Иә, биыл жүзеге асырылып жатқан игі іс көп. Колледж «Каспий» Академиясымен келісімшартқа отырды. Оның аясында студенттер Түркия мемлекетінде тәжірибеден өтіп, диплом алған түлектер сол елдегі ірі қонақ үйлерге жұмысқа орналаса алады. Студенттің шет елге барып келуі, тамағы мен жатар орнын сол қонақ үй иесі қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ай сайын 600 АҚШ доллары көлемінде еңбекақы төлейді. Осы бастаманың аясында 6 ай бұрын екі студентіміз Түркиия еліне кетті. Қазір жағдайларының жақсы екенін, қызмет барысында түрік тілін меңгеріп жүргендерін айтады. Келесі жылы аталған елге 18 студент пен оқу бітірген түлекті дайындап жатырмыз. Мұндай мүмкіндік оқу үлгерімі жақсы студенттерге беріледі. Бұл ретте колледж ішінде кондитер және аспаз мамандықтарында білім алып жатқан студенттер арнайы конкурсқа қатысады. Тек баланың жасы 18-ге толған болуы тиіс. Бұдан бөлек, психолог студентпен жұмыс істеп, шет елге баруға қаншалықты дайын екенін анықтайды. Ата-аналрмен де кездесу ұйымдастырылып, олардың келісімдері алынады. Бүгінде жастарымызды шет елге шығару үшін колледжде ағылшын тілін меңгеру бойынша қосымша сағаттар бөлінді. Бұдан бөлек, студенттердің спортпен айналысуына жағдай жасау үшін Павлодар қаласындағы «Фантазия» ат спорты клубымен келісім жасадық. Оның аясында студенттер атқа мінуді үйренуде.
Биыл колледж қабырғасында алғаш рет инклюзивті білім берумен айналысатын екі топ ашылды. Яғни, білім ордасында мүмкіндігі шектеулі 23 студент оқиды. Мұндай жастар тамақ өнімдерінің технологиясы мамандығы бойынша оқуға қабылданып, жартылай дайын өнімді әзірлеумен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі студенттер 1 жыл 10 ай көлемінде білім алады. Болашақта жартылай дайын өнімдерді дайындаумен айналысатын кәсіпорын-дарға жұмысқа орналасады.
Биыл студенттердің шәкіртақысы 50 пайызға өскенін атап өту керек. Ай сайын студенттер 43 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.
— Колледж студенттері қолдарына диплом алғаннан кейін жұмыспен қалай қамтылады?
— Студенттердің жұмыспен қамту көрсеткіші 87 пайызды құрайды. Қалған 13 пайызы оқуды жалғастыратындар, тұрмыс құрып, бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғандардың үлесіне тиесілі. Біздің студенттер Павлодар қаласындағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істейді. Мәселен, жастардың көпшілігі Павлодар Алюминий зауытындағы «Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді. Павлодар қаласындағы мейрамханалардың бәрінде біздің студенттер жұмыс істейді. Мысалы, тұрғындар көп баратын «Seasons», «GQ», «Alpenhof» сынды танымал мейрамханалар мен «Ертіс» қонақ үйінде қонақтарға қызмет көрсетіп жүрген түлектеріміз бар. Сонымен қатар, «Discovery» дәмханасының басшылығы біздің студенттерді жиі жұмысқа қабылдайды. Бұдан бөлек, қала шетінде орналасқан «Жеті қазына» дәмханасында, «Batyr Mall» сауда және ойын-сауық орталығындағы барлық тамақтандыру орындарында түлек-теріміз жұмыс істеуде. Ал кабель өндірісінде білім алып жатқан студенттерді «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамына жұмысқа жібереміз. Ал полимер мамандығын меңгергендерді «Нефтехим LTD» компаниясы үшін ғана дайындаймыз.
Аталмыш мамандықта оқитын жастар осы компаниядан өндірістік тәжірибеден өтеді. Кәсіпорын студенттерге 85 мың теңге еңбекақы төлейтінін де айтқым келеді. Ал оқу бітіргеннен кейін жұмыспен қамтиды. Дуальді оқу жүйесі 40 пайыз теория мен 60 пайыз тәжірибеден тұрады. Бұл ретте студенттер 2 жыл 10 ай көлемінде колледжде білім алып, кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Ал сүт өндірісінің технологиясы саласын меңгергендер облыс орталығындағы «Best Milk» ЖШС мен «МолКом-Павлодар» кәсіпорындарына жұмысқа қабылданады. Мұндай ірі кәсіпорындарға студенттер келісімшарт аясында жұмысқа орналасады. Бұл ретте колледж, студент және жергілікті кәсіпорындар арасында үш жақты келісімшарт жасалған. Мұндай жұмыс мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылады.
— 2025 жылды Президент Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағанын білесіз. Бұл ретте кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажеттігін атап өтті. Бұл туралы не айтасыз?
— Президенттің жұмысшы мамандығын қадірлеп, мәртебесін өсіргені қуантады. 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлгеніне риза болдым. Колледждердегі оқу жүйесі ауыл шаруашлығы өндірісін дамытудың негізін қалайды десем қателеспеймін. Экономиканы ілге-рілетудің негізі осындай білім ордаларынан басталады. Өйткені, кәсіптік-техникалық білім жүйесінде кадр әлеуеті қалыптасады. Егер осы салаға жыл сайын көңіл бөлінсе, сала тек жандана түседі. Еңбек мигрнаттарымен де мәселе туындамайды. Біз кадр тапшылығы мәселесін өзіміз шеше алатын күнге жетеміз. Өйткені, елімізде жыл сайын туу көрсекіші артуда, саланы таңдайтын студенттер көбеюде. Мамандық меңгеріп, жұмысқа орналасқан әр жас елдің ертеңі үшін жұмыс істейтіні ақиқат.
Біздің колледжге жұмысшы мамандығын меңгергісі келетін студенттер келеді. 11-сыныпты бітіріп, білім деңгейіне байланысты жоғары оқу орнына түсе алмаған балалар біздің колледжге мамандықты жылдам игеріп, жұмысқа ерте араласады. Біз 15 жастағы балаға болашақ мамандығын таңдауға көмектесеміз. Яғни, әр балаға қоғамда өз орын табуға жәрдемдесеміз. Колледж сұранысқа ие мамандықты меңгертуі арқылы оларға адал жолмен еңбек табуға жол ашады. Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты да осыған саяды.
— Жұмысшы мамандықтары жылынан не күтесіз?
— Қазіргі уақытта кәсіптік-техникалық білім жүйесінде де күрмеулі мәселе бар. Мысалы, білім ордаларының материалдық-техникалық базасы жаңартуды қажет етеді. Оқу корпустары мен оқу шеберханалары күрделі жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Қазір елімізде ескі мектептер заманауи білім ордаларына айналуда. Дәл осындай игі жұмыс кәсіптік-техникалық білім жүйесіне де қажет. Осындай ауқымды жұмыстар қолға алынғанда саланың иммиджі де көтеріледі.
«Жас маман» мемлекеттік жобасына қатысқан колледждер заманауи құрылғылармен қамтылды. Сондықтан бізде студенттерге мамандық игеруге қажетті құрылғылар бар. Шыны керек, сол уақытта ұтып алған кофе дайындау машинасы, тоңазытқыштар облыс орталығындағы ірі мейрамханалардың бірінде жоқ. Өйткені бұл құрылғылардың бағасы өте қымбат. Сол себепті мемлекеттік бағдарламаның жемісін көргенімізге қуанамыз. Біздің облыста 10 колледж осындай жабдықтарға ие болды. Енді бізге жоғарыда атап өткенімдей материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Мысалы, колледжде жылу жүйесі 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Сонымен қатар, акт залы, спорт залы мен жатақхана жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осындай ауқымды іс келесі жылы қолға алынса деген үмітіміз бар.
— Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.