Hairdresser trimming brown hair with scissors

Мамандық таңдау – өмірдің бір кірпішін дұрыс қалау. Дұрыс таңдалған мамандық иесі қашан да өз ісінің шебері әрі білгірі бола алатыны анық. Осы ретте Павлодар қызмет көрсету саласы колледжі  8, 9 – сынып оқушыларына арналған жазғы кәсіптік бағдар беру лагерін ұйымдастырды.

Лагерьдің басты мақсаты – болашақ мамандық иелеріне бағдар беру, сондай-ақ оқушыларды жазғы уақытта  жұмыспен қамту. Айта кетелік, бұл жоба Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінде  осымен екінші рет өтті. Биыл  оған қала мектептерінің
37 оқушысы қатысты. Шәкірттер шаш-
тараз қызметі және тігін өндірісі негіз-дері бойынша курстардан тегін өтіп, осы мамандықтардың  ерекшеліктерін меңгерді. Курс өндірістік оқытудың білікті және тәжірбиелі мамандарының жетекшілігімен өтті.

– Биыл лагерьге көптеген шәкірт қызығып қатысуда. Барлығының да иекемі бар, таланты байқалады. Бес күннің ішінде біраз жұмыс атқарды. «Болашақта осы саланың маманы боламын», «Оқуымды аяқтаған соң осы колледжге түсемін» деп ой түйген шәкірттер бар. Оқушылардың бойында осындай қызығушылық туып жатса, біз бек қуанышты боламыз, – деді колледж басшысы Азамат Кашитов.

Оқушылар тігін ісінің, шаштараз мамандығының қыр–сырымен танысып қана қоймай, жейде, көйлектер,
тігіп, әртүрлі шаш үлгілерін жасады.

– Жазғы кезде уақытымды бос өткізбей, лагерьге келуді жөн санадым. Себебі, шаштараз мамандығына бала кезден қызығамын. Бұл жердегі тәжірибелі ұстаздардың арқасында  аз уақыт  ішінде техникаларды дұрыс қолданып, шаштың үлгілерін тез әрі сапалы жасауды меңгердім.  Мүмкіндік болса,  жазғы уақытымның барлығын осы лагерьге арнайтын едім, – деді №36 мектептің
8-сынып оқушысы Тәттігүл Балықбай.

Курс аяқталған соң барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл сертификат осы колледжге конкурстан тыс оқуға  түсуге мүмкіндік береді.

 

Даяна ИБАДЕЛЬДИНОВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.