Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астанада ұйымдастырылған техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне павлодарлық жастар да белсенді қатысып, ерекше әсермен оралды.
Аталмыш шараға еліміздің түкпір-түкпіріндегі болашақ жұмысшы мамандар, яғни осы салада білім алып жатқан үздік студенттер, колледж басшылары мен талантты оқушылар жиналып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесуге мүмкіндік алды. Мемлекет басшысы энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларға қажетті мамандарды даярлау үрдісімен, жастардың табысты еңбегімен танысты. Фестивальге қатысқан павлодарлық колледждердің білімді студенттері де жеткен жетістіктерін көрсетті. Атап айтқанда, шараға жиналған қауым Павлодар қызмет көрсету және тамақ-тандыру колледжінің студенттері, WorldSkills Kazakhstan кәсіби шеберлік сайысының жүлдегерлері Аружан Кенжебаева, Артур Лейман және басқа да талантты жастар бағындырған белестермен таныс болды. Осы орайда былтыр Артур Лейман Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде Францияның Лион қаласында өткен халықаралық жарыста «Ең үздік ұлт» аталымын жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері Бейбіт Паруаз бен Әлімхан Мансуровтің фестиваль кезінде республикалық хакатонға қатысып, мыс электролизін автоматтандыруға арналған манипулятор роботын жасап шығарғаны жайлы да сөз болды. Мемлекет басшысымен кездесу кезінде Бейбіт аталмыш роботтың мыс тазалау зауыттарында қалай қолданылатынын айтып, жасанды интеллекттің адам еңбегін жеңілдетуге үлкен үлес қосатынын жеткізді. Өзге жастар да болашақ мамандықтары туралы ойларын ортаға салып, осы тақырып төңірегінде ел Президентімен тікелей пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір еңбек түрі құрметке лайық екенін айтып, жас буынды адал еңбек етуге шақырды.
Шара барысында 40 интерактивті аймақ ұсынылып, 200-ден астам мамандықпен танысуға және түрлі экономикалық салалардың ерекшеліктері туралы ақпарат алуға мүмкіндік берілді.
Еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, техникалық мамандықтарға деген жастар қызығушылығын арттыруды мақсат еткен фестивальге біздің облысымыздан арнайы шақырылған Еуразиялық энергетикалық корпорациясы «Шығыс» көмір кенішінің еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының «Еңбек ері» атағының иегері, Екібастұз қаласының құрметті азаматы Рышат Әміренов сөз алып, еңбек адамының қоғамдағы рөлі жайлы ойын ортаға салды. Жұмысшы мамандықтар бойынша білім алып жатқан ізбасарларына үлкен үміт артатынын
айтып, жарқын болашақ тіледі.
ҚР Оқу-ағарту министрі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығына тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
— Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі — еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Негізгі мақсат — олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда, — деді Ғани Бейсембаев. Оның айтуынша, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды деп күтілуде.
Бірнеше күнге созылған республикалық фестиваль барысында түрлі тақырыпта семинарлар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, жұмысшы мамандықтар шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер өтті. Шараға барған павлодарлық студенттер мол тәжірибе алғанын айтып, естен кетпес ерекше әсерлерімен бөлісті.
Қайсар ДӘУЛЕТБАЙ, Жоғары түсті металлургия колледжінің студенті:
— «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі жоғары деңгейде өтті. Соңғы шығып жатқан заманауи техникалар мен технологиялар бізді қатты таңқалдырды. Жалпы, барлық қатысушы үшін бұл шараның берері өте көп болды деп ойлаймын. Өз басым жұмысшы мамандықтар бағыты бойынша білім алып жатқаныма ризамын. Болашақта осы саланы дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаймын, еліме ерінбей еңбек етемін деген сенімдемін.
Анна ЯКУШЕНКО, Павлодар технологиялық колледжінің студенті:
— Мен бұл шара барысында бұған дейін естіп-білмеген өте құнды ақпараттармен таныс болдым. Жұмысшы мамандықтарының әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен мақсат-міндеті бар екенін түсіндім. Ең бастысы, бұдан былай осы саланы дамытуға көп көңіл бөлінетінін естідік. Жұмысшы мамандарын қолдауға мемлекеттік деңгейде мән беріліп, мәртебесі көтеріліп жатқанына өте қуаныштымын.
Нұржайна ШОДЫР.