Тура бір айдан соң оқушылар жаңа оқу жылына аяқ басады. Демек, ата-аналардың балаларын мектепке дайындау жұмысы қыза түседі. Баласының бар-жоғын түгендеп, дүкендерді шарлайды. Әлбетте, қаржыдан қысылмағандар ұл-қызының қалауын алып, ертерек қамданып үлгереді. Бірақ қоғамда табысы балаларын толығымен оқу жылына әзірлеуге жетпейтін отбасылар да бар. Міне, осындай жағдайдағы жандарға жәрдемдесу мақсатында елімізде жыл сайын «Мектепке жол» атты акция жүзеге асырылады. Аталмыш көмекті кімдер ала алады? Ол үшін қай мекемеге жүгіну керек? Осы және өзге де сауалдарға облыстық білім беру басқармасының балалар құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің бас маманы Самал Әлімова жауап берген еді.
— Самал Файзрахманқызы, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына дайындық жұмыстары қалай жүріп
жатыр?
— 1 тамыздан бастап елімізде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы бастау алады. Бұл жәрдем науқаны қыркүйек айының аяғына дейін жалғасады. Қазақ-
стан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен тұжырымдамасына сәйкес акция «Жақсылық жаса!» ұранымен өтеді. Азаматтардың өтінішіне дереу жауап қату мақсатында «жедел желі» сенім телефондары ұйымдастырылған. Акция аясында бірқатар шара жоспарланып отыр. Мәселен, азаматтардың бірыңғай қабылдау күні, мектеп жәрмеңкелері, ауылдық елді мекендерге көшпелі автодүкендер ұйымдастырылмақ. «Бірінші сыныпқа алғаш рет», «Баланы мектепке дайындайық» сынды акциялар да қолға алынады. Білім беру ұйымдарының басшылары жәрдемдесу науқанына, балалардың мектеп формасына қатысты әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
— Осы ретте, көмекке мұқтаж балалардың тізімі қалай қалыптастырылатынын айтып өтсеңіз…
— Көмекке мұқтаж оқушылардың бірыңғай мәлімет базасы құрылған. Мәселен, былтыр аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын 12 мыңнан астам оқушы осы тізімде болды. Биылғы мәліметтер қазіргі таңда өңделіп жатыр.
— Аталмыш акция аясында кімдер өтініш беріп, көмек ала алады?
— Демеушілер қаражаты есебінен материалдық көмек аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылардың балалары, жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көрсетіледі.
— Материалдық жәрдем алу үшін ата-аналар қайда хабарласып, кімге өтініш білдіруі тиіс?
— Біздің басқармамызда азамат-тардың өтінішіне дереу әрекет етуге арналған «жедел желі» жұмыс істейді. Сall-centr байланыстарын көрсете кетейін: 650060, 87074916405. Осы нөмірлерге хабарласып, бағыт алуға болады.
— Биыл қанша оқушыны қамту жоспарланып отыр?
— Әрбір оқушының жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындықпен барғанына күш салынады. Яғни, жағдайы жетпегендерге көмек көрсетіледі. Ағымдағы жылы шамамен 13 мыңға жуық баланы қамту көзделіп отыр.
— Демеушілердің көмегінен бөлек, «Жалпыға бірдей» білім беру қорынан облыста әлеуметтік осал топ балаларын оқу жылына дайындауға қанша қаражат қарастырылуда? Бір балаға қанша теңге көлемінде көмек беріледі?
— Иә, демеушілік жәрдемнен бөлек, «Жалпыға бірдей» білім беру қоры бар. Одан қоғамның әлеуметтік осал топтарының балаларын мектепке дайындауға қаржы қарастырылады. Биыл аймағымызда алдағы оқу жылына 638 миллион теңге бөлінді. Бір балаға 49 665 теңгеден қарастырылып отыр.
Айта кетейік, өткен оқу жылында демеушілер, әлеуметтік әріптестердің жәрдемдесуімен акция аясында 8,3 мыңнан астам оқушыға 105 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.