Елімізде 1-сыныпқа бару үшін өтініш қабылдау жалғасуда. 1 сәуірде басталған шара 31 тамызда аяқталады. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын балалардың ата-аналары 6 және 7 жасқа толған ұл-қызына мектепті өздері таңдайды. Мұндай жауапты жұмыс онлайн форматта жүзеге асырылады.  Бұл ретте ата-аналар нені ескеруі тиіс? Осы орайда, облыстық білім беру басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің маманы Айнагүл Абаевамен тілдескен едік.

— Айнагүл Қайроллақызы, айма-ғымызда 1-сыныпқа құжат қабылдау шарасы қалай жүргізілуде?  Ата-аналардың белсенділігі қандай?

— Республика бойынша 1 сәуірде бастау алған маңызды шара облыс көлемінде өз деңгейінде жүргізілуде. Ата-аналардың белсенділігі қуантады. Биыл облыс бойынша 11 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланған. Оның ішінде Павлодар қаласында 6 мың бала оқушы атанады. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам баланың ата-анасы құжат тапсырды. Жоспар 98 пайызға орындалды деп айта аламыз. Құжаттарды қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.

— Мектеп табалдырығын аттайтын балалардың ата-аналары ұл- қызын қалай тіркейді?

— Ата-аналар үйден шықпай-ақ, онлайн форматта баласын мектепке орналастыра алады. Бұл ретте құжаттарды электронды үкіметтің  egov.kz веб-порталы арқылы тапсырады.

Атап өтерлігі, биылдан бастап мектеп табалдырығын аттайтындар дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге де қабылдана алады. Яғни, емтихан тапсырмайды. 6 жасқа толған балаларды ата-анасы немесе заңды өкілі мектепке тіркейді. Өтініш беру үшін №065у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, 026/у-3 баланың денсаулық паспорты және 3х4 көлеміндегі 2 дана фотосуреті болуы тиіс. Өтініш дүйсенбі-жұма күндері аралығында қабылданады. Ал мереке, демалыс күндері құжат қабыл-
данбайды.

— Облыста  мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ашуға басымдық беріліп отырғанын білеміз. Жоғарыда 10 мыңнан астам оқушының ішінде қазақ сыныбын таңдағандардың үлесі қандай?

— Иә, аймағымызда қазақ сыныптарын ашуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын мемлекеттік тілде білім алатын шәкірт саны орта есеппен 1500 оқушыға артып келеді.  Биыл 1-сыныпқа баратын балалардың 98 пайызы құжат тапсырғанын атап өттім. Оның ішінде 47 пайызы  қазақ сыныбына баруға өтініш білдірді. 31 тамызға дейін бұл көлем тағы артуы мүмкін. Нақты санды құжат қабылдау аяқталған күні айта аламыз.

— Ата-аналар мектепті тұрғы-лықты жері бойынша таңдауы тиіс пе? Ұл-қызын үйінен алыс орналасқан білім беру мекемесіне бере ала ма?

— Биыл да «3 те 1» қағидаты сақталады. Яғни, ата-аналар мектепке аумақ бойынша емес, үш-бір принципі бойынша өтініш бере алады. Мәселен, мектептер үш баланы өз аумағынан, содан кейін 1 баланы аумақтан тыс жерден қабылдайды. Негізі, ата-аналарға  тұрғын үйге жақын жердегі мектептерді таңдауға кеңес береміз.

Интернетке қол жеткізе алмайтын ата-аналар үшін барлық мектепте өтініш беру үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, балаларды қабылдауға қатысты мәселелер бойынша арнайы call-орталықтар жұмыс істейді. Павлодар қаласының тұрғындары 30-14-91 телефон нөміріне хабарласа алады. Ата-аналар мектепке қабылдау бойынша көкейдегі сауалдарын жолдап,  жауап ала алады.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан  — Айдана ҚУАНЫШЕВА.