Мектепке қабылдау жалғасуда

Там 7, 2025

Аймағымызда 1-сыныпқа өтініш қабылдау жалғасуда. 1 сәуірде басталған шара 31 тамызда аяқталады. Ата-аналар 6 жастан асқан және биыл 6 жасқа толатын ұл-қызына мектепті өздері таңдайды. 1-сыныпқа қабылдау  онлайн форматта жүзеге асырылады. Облысымызда  жауапты жұмыс қалай жүргізілуде? Ата-аналар мектепті таңдағанда нені ескеруі тиіс? Осы орайда, облыстық білім беру басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің маманы Айнагүл Абаевамен тілдескен болатынбыз.

— Айнагүл Қайроллақызы, аймағымызда 1-сыныпқа құжат қабылдау шарасы қалай жүргізілуде? Жергілікті ата-аналар белсенділік танытып жатыр ма?

— Биыл аймағымызда 1-сыныпқа жалпы саны 11 мыңға жуық бала барады деп жоспарлануда. Өтініш беретін кезде баланың жасы 6-ға толған немесе жыл соңына дейін 6-ға толатын болуы тиіс.  1-сыныпқа өтініш қабылдау осы айдың соңында аяқталады. Сондықтан әлі күнге дейін мектеп таңдап жүрген ата-аналардан өтініш беру мәселесін тездетуі қажет. Қазір 10 мыңға жуық ата-анадан өтініш түсті.

— Баласын оқушы қатарына қосқысы келетін  ата-аналар ұл-қызын мектепке қалай тіркейді?

— 1-сыныпқа өтініштерді қабылдау egov.kz мемлекеттік порталы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ата-аналардың қалауы бойынша өтініш қағаз түрінде де қабылданады.  Бұл ретте ата-анасы немесе оларды алмастыратын тұлғалардың өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, 3х4 көлеміндегі 2 фотосуреті, 052-2/у және 065/у формасындағы денсаулық жағдайы туралы анықтамаларды тапсыруы тиіс.

— Облыста  мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарды ашуға басымдық беріліп отыр-ғанын білеміз. Жоғарыда 10 мыңға жуық оқушының ішінде қазақ сыныбын таңдағандардың үлесі қандай?

— Иә аймағымызда қазақ сыныптарын ашуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын мемлекеттік тілде білім алатын шәкірт саны артып келеді.  Биыл 1-сыныпқа баратын балалардың 95 пайызы құжат тапсырды. Оның 50 пайызы  қазақ сыныбына өтініш білдірді. 31 тамызға дейін бұл көлем тағы артуы мүмкін. Нақты санды құжат қабылдау аяқталған күні айта аламыз.

— Ата-аналар мектепті тұрғылықты жері бойынша таңдауы тиіс пе? Ұл-қызын үйінен алыс орналасқан білім беру мекемесіне бере ала ма?

— Биыл да 3 те 1 қағидаты сақталады. Яғни, ата-аналар мектепке аумақ бойынша емес, үш-бір принципі бойынша өтініш бере алады. Мәселен, мектептер үш баланы өз аумағынан, содан кейін 1 баланы аумақтан тыс жерден қабылдайды. Негізінен, ата-аналарға  тұрғын үйге жақын жердегі мектептерді таңдауға кеңес береміз.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық мәселелері бойынша ата-аналар тұрғылықты жері бойынша қалалық және аудандық білім беру бөлімдеріне, мектептерге жүгіне алады.

 — Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана ҚУАНЫШЕВА.