Жаңа оқу жылының басталуына 1 ай уақыт қалды. Алайда, аймақтағы мектептердің кейбірінде күрделі жөндеу жұмыстарының жартысына жуығы біткен жоқ. Әлі «ауы мен бауы» бар білім ордаларындағы құрылыс жұмыстарының аз уақытта аяқталуы күмән туғызып отырған жайы бар. Осыған орай, «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес мүшелері аталмыш жағдайды өз көздерімен көріп қайту үшін ауыл-аймақтағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептерді аралауда. Бұл жолы халық қалаулылары Успен ауданындағы қос бірдей білім беру мекемесінің жағдайымен танысты.

Күрделі жөндеу күрмеліп тұр

Биыл Успен ауданындағы Қозыкеткен жалпы орта білім беру мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ал Новопокров негізгі мектебінің терезелерін ауыстыру жоспарланған. Алайда, ауылдағы білім беру мекемеле-ріндегі жөндеу жұмыстары белгіленген уақытынан кешігуде. Мәселен, 1992 жылы қабырғасы қаланып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген Қозыкеткен мекте-біндегі құрылыс жұмысы осы жылдың 1 маусымында басталып, 1 тамыз күні аяқталуы тиіс болған. Бүгінгі күні мұндағы жоспарланған жұмыстардың 60 пайыздан астамы ғана орындалған. Жалпы, күрделі жөндеуге қазынадан 228 млн теңге қарастырылған. Бұл қомақты қаражатқа білім беру мекемесінің ауласын абаттандыру, қасбетін, ішкі-сыртқы қабырғаларын, төбесін, еденін жөндеу және есіктерін салу жұмыстары кірген. Ал терезелері 2017 жылы жаппай жаңаланып, ауыстырылған екен. Қазіргі уақытта дәліздегі шұрық-тесік қабырғаларды жамап, тегістеу, нысанның ішкі жағын ақтау, әрлеу, еден төсеу, мектеп ауласында шағын спорттық алаңдар салу, кіре берістегі дәлізді толығымен жөндеу жұмысы қалған. Айтуға оңай болғанымен, бұған да біраз уақыт қажет екені түсінікті. Осылай деген мониторингтік топ мүшелері жоспар бойынша белгіленген уақытынан кешігіп келе жатқан мердігер ұйым өкілдеріне жұмысты ширатуды тапсырып, көп ұзамай тағы да тексеруге келетіндерін ескертті. Ал аталған жағдайға байланысты жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан «ГрадСтройСервис» ЖШС-нің өкілдері өз уәждерін алға тартты.

— «ГрадСтройСервис» ЖШС-мен қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеудеміз. Негізі, бұл нысанның жобалық-сметалық құжатын жаса-ғанда біраз мәселелер ескеріл-меген. Мұндай үлкен мекемеге, яғни жалпы көлемі 4 мың шаршы метрге жуық мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін небары 2 ай ғана уақыт берілгені дұрыс емес. Осы жұмысты сапалы жүргізуге кемінде 4 ай қажет. Сонымен қатар, аталған жоба 600 миллион теңгеден астам қаржыны қажет етеді. «Ақша аз» деген соң бұйырғанына келістік. Құрылысшыларымыз демалыссыз еңбектенсе де, ұсақ-түйек жұмыс әлі көп. Оның үстіне тапсырыс берген кейбір құрылыс заттары 1 айдай кешігіп келіп жатыр. Осындай жағдайлар да бөгет болуда. Біз келгенде бұл мектептің ахуалы өте ауыр болды. Әрине, 2 айдың ішінде мұндай үлкен мектепті ретке келтіру оңай шаруа емес. Жұмысты тезірек бітіруге тырысамыз, — дейді «Ер Алаш» корпорациясы ЖШС-нің директоры Рустам Нұртайұлы. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін міндетті түрде мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс деген «AMANAT» партиясының жанынан құрылған өңірлік кеңестің төрайымы Света Абдраманова мердігерге әу баста «көтере алмайтын шоқпарды белге байламау» керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы мектептің шатырын ауыстыруға 68,8 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыспен жеке айналысып жатқан мердігер фирма «Иман» ЖШС-нің өкілдері бірнеше күннің ішінде шатыр толық жөнделіп бітетініне уәде берді. Бүгінгі күні шатырдағы жұмыстардың 92 пайызы аяқталған. Айта кетерлігі, аталмыш білім ордасының жиһаздары да ескір-
генін байқадық. Бірақ әзірге мекемеге ғана күрделі жөндеу жүргізіл-генімен, оқушылардың орындық, партасын жаңарту жоспарда жоқ.

— Соңғы рет мектептің жиһаздары 2015 жылы ауыстырылған. Қазір тозып қалды. Компьютерлер де ескірді. Спортзалда да қажетті құрал-жабдықтардың тозығы жеткен. Бұрын жыл сайын оны жаңартып отыру үшін азын-аулақ қаржы берілетін. Кейін, яғни 4-5 жыл бойы ондай көмек көрмедік. Доп, басқа да керек-жарақты өзіміз сатып аламыз, — дейді Қозыкеткен жалпы орта білім беру мектебінің директоры Айдарбек Исабаев. Оның айтуынша, білім ордасы 504 орынға лайықталып салынған. Қазір мұндай үлкен мектепте 107 бала ғана бар. Мониторингтік топ Новопокров негізгі білім беру мектебіне де бас сұқты. Аталған білім ордасының терезелері жаппай ауыстырылуы қажет болған. Бұл мақсатқа бюджеттен 12,3 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда білім беру мекемесіндегі 77 терезе алынып, орнына жаңасы салыған. Мектеп директоры Манат Марцаликовтің сөзіне қарағанда, ішкі жұмыстар толығымен аяқталған. Тек терезенің сыртқы жақтауларын жөндеу ғана қалған. Бұл жұмыстар 15 тамызға дейін бітеді деп жоспарлануда. Мониторингтік топ өңірдегі әлеу-меттік нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарының уақы-тылы жүргізілуін қатаң қадағалап отыратындықтарын айтады.

 

Қазақ сыныбы қашан ашылады?

Успен өңірінде өткір тұрған мәселенің бірі – қазақ сыныптары қатарының аздығы. «AMANAT» партиясының Успен аудандық филиалының төрағасы Есен Инербаевтың айтуынша, бүгінде өңірде небары 2 қазақ мектебі бар.

— Мен бұрын осында аудандық білім беру бөлімінің тізгінін ұстадым. Аудан бойынша 19 мектеп бар. Оның 7-уі — аралас, 2-уі — таза қазақ мектебі. Қалғандары орыс тілінде ғана оқытады. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында біз кезінде ата-аналармен көп жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде бүгінгі күні аудандағы барлық шағын орталықтың балғындары қазақ тілінде ғана тәлім-тәрбие алады. Қуантарлығы, сол кезде өзге ұлт өкілдерінің ата-аналары өздері де ұсыныс жасап, балаларының қазақ тілін үйренгенін қолдайтынын айтты. Сөйтіп, мектепалды мекемелерде жұмыс істейтін мамандарды да қосымша оқытып, осы бағыттағы жұмыстар сәтті жүзеге асып кетті, — дейді ол. Өкінішке қарай, мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тілде тәрбиеленіп келген оқушылардың көбі кейін 1-сыныпқа барғанда қайтадан орысша оқуда. Себебі, көп мектепте қазақ сыныптары жоқ. Бұл жағдай біріншіден, қазақ тілін жаңа ғана меңгеріп келе жатқан бүлдіршіндер үшін қиындық туғызуы ықтимал. Екіншіден, мемлекеттік тілде тәрбие алып жатқан шағын орталықтағы балалардың білімі талапқа сай ма, жоқ па? Ол жағына бақылау жасап жатқан жан жоқ көрінеді. Бұл мәселеге күмәнданған Света Абдраманова:

— Шағын орталықтардың қазақ-шаланғаны жақсы-ақ. Бірақ ондағы мемлекеттік тілде тәлім алған балалардың көбі кейін орыс сыныптарына барғанда қиналып қалмасына кім кепіл? Жалпы, бұл «есеп» үшін жасалған өзгеріс пе? Мәселен, Новопокров мектебінің директорының өзі қазақша сөйлей алмаса, оның қарамағындағы мамандар шағын орталықтағы бүлдіршіндерге қазақша сапалы білім береді дегенге күмәнім бар. «Қылшықтаймын деп былшықтап алмасақ болғаны…», — деді. Мектепалды тәрбиені мемлекеттік тілде алған балақайлардың білімін ары қарай да қазақша жалғастырып кетуіне не кедергі? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Мониторингтік топ барған Новопокров негізгі мектебінде 45 оқушы ғана бар, бәрі орыс тілінде білім алады. Мұндағы шағын орталықты қазақша бітірген балғындар да енді күзде орыс сыныбына барады деп жоспарлануда. Мектеп директоры Манат Марцаликов қазақ сыныбын ашу әзірге мүмкін емес екенін айтады.

— Біздің ауылда қазақ ұлтының саны 20 пайызды ғана құрайды. Қалғаны — өзге ұлт өкілдері. Оның үстіне 9 жылдық мектеп болғандықтан бала саны да аз. Ал жоғары сыныптың оқушылары 12 шақырымдағы Галицкое ауылына арнайы автобуспен барып, оқып келеді, — дейді Новопокров мектебінің директоры. Оның айтуынша, Галицкое ауылында 300-ге тарта бала бар. Олар да орыс тілінде ғана білім алады. Партиялықтар аудандық білім беру бөлімінің өкілдеріне бұл мәселені біртіндеп шешу керектігін тапсырды. Ал Қозыкеткендегі 504 балаға арналған кең мектепте емін-еркін білім алып жатқан 109 баланың 37-сі ғана мемлекеттік тілде оқиды. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, бүгінде өңірде барлығы 1902 оқушы бар. Оның 413-і ғана мемлекеттік тілде білім алады. Жалпы аудандағы 1902 шәкірттің 50 пайызға жуығы, яғни, 889-ы — қазақ ұлтының балалары. Осы аталған 889 қара домалақтың 476-ы орыс сыныптарына барып жүр екен. Ойланарлық жағдай.

 

57 мұғалім жетіспейді

Аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Толқын Әлтаеваның айтуынша, бүгінгі күні өңірде барлығы 57 мұғалім жетіспейді. Маман тапшылығы мәселесі өңірдегі көп мектепте бар. Мәселен, Қозыкеткен мектебінің директоры Айдарбек Исабаевтың айтуынша, мұнда 5 мұғалім жетіспейді.

— Ауылымыз аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Екі орта жақын болғандықтан, 5 мұғалім аудан мектептерінен осында өз көліктерімен келіп, оқушыларымызға сабақ береді. Маман жетіспейтіндігі туралы аудандық білім беру бөлімі де, облыстық білім беру басқармасы да хабардар. Тіпті, бос орындарды «Enbek.kz» порталына да қойдық. Жас мамандарды да шақырамыз. Әзірге оң нәтиже болмай тұр. Ауылымыз жақсы, орталықтандырылған су жүйесі бар. Бірақ неге мамандардың келгісі келмейтінін білмеймін, — дейді. Ал «AMANAT» партиясының жанынан құрылған өңірлік кеңес төрайымының орынбасары, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев маман тарту үшін жақсылап жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.

— Біздің университеттен жыл сайын көптеген жас маман түлеп ұшады. Жұмысқа орналаса алмай жүрген мұғалімдер де бар. Өздеріңіз дұрыс жұмыс жүргізіп, сол мамандарды тарта білулеріңіз керек. Өңірімізде қазақ тілі маманы, бастауыш сынып мұғлімдері жеткілікті дайындалады. Өз басым қыстан бері алыс-жақындағы елді мекендерді аралап жүрмін. Шалғайдағы ауыл мектептерінде мұғалімдер жеткілікті. Ал қалаға жақын әрі жағдайы да едәуір жақсы Успен ауданында кадр мәселесінің туындағанына таңқалып тұрмын, — деді ол. Бұл ретте, Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев жас мамандар барлық жағдай жасалған орындарда ғана тұрғысы келетінін айтып, осы мақсатта бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Соның бірі – аудан орталығында мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған 24 пәтерлі 2 қабатты үй құрылысы қолға алынбақ. Сонымен қатар, аталмыш мәселені шешу үшін оңтүстік өңірлерден қоныстанушылар мен қандастарды тарту да көзделген. Мұнда да қиындық бар көрінеді.

— Көшіп келушілердің көбі жер сұрайды. Біздің ауданда бере қоятын артық жер болмай тұр. Қазір бос жерлерге мониторнг жүргізіліп жатыр, — дейді аудан әкімі. Сондай-ақ, аудандағы көп ауылдарда сатылатын басы артық баспана да жоқ. Жаңа тұрғын үйлерді ірі шаруа қожалықтары ғана өз жұмысшыларына арнап тұрғызуда. Осы жағдай да қоныс-танушылардың келуіне қолбайлау болып тұрған жайы бар.

 

Успен ауданында түйіні шешілмеген мәселелер аз емес. Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарының мән-жайын тексеруге барған мониторингтік топ жұмысы барысында бірқатар түйткілдің беті ашылды. Әсіресе, балалардың мемлекеттік тілде білім алуына жағдай жасау, маман тапшылығы сынды
мәселелердің өткір тұрғанын байқадық. Олардың түйіні шешіле ме? Бұл сұрақ көпшілікті мазалауда.  

Нұржайна ШОДЫР,

Успен ауданы.