Қаһарлы қыстың қатты аязды күндерінде қаладағы бірқатар білім беру мекемесінің іші азынап кеткен жайы бар. Бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген ата-аналар әлеуметтік желі арқылы өз шағымдарын жеткізуде.
Аталмыш жағдайдан кейін Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин шаһардағы шағым түскен білім ордаларының жай-күйімен таныс болды.
— Қатты аяздың басталуымен қаланың кейбір мектептерінде жылыту жүйесімен проблемалар туындағанын жоққа шығара алмаймын. Сондықтан ата-аналар жұртшылығы, жалпы тұрғындар тарапынан шағымдар түскен оқу орындарына бардым. Атап айтқанда, Мақпалеев, №6, 11, 39, 21, 18 мектептеріне қатысты өтініштер болды. Әр мектепте жылу тораптары тексерілді. Қызметкерлермен сөйлесіп, мәселені бақылауға алуды тапсырдым. №39 мектепте температура қажетті параметрлерге кіре бастады. Биылғы жылы №18 мектепте жылу торабына күрделі жөндеу жүргізілгенін атап өткім келеді. Мердігер бүгінгі күні жылу жетіспеушілігінің себептерін жойды. №21 мектепте терезелер оқшауланып, батареялардың жағдайы қаралды, — деп жазды қаланың бас ұстазы өзінің инстаграмм парашасында. Оның айтуынша, облыс орталығындағы мектептерді жылумен және балаларға ыңғайлы оқытумен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Сондай-ақ, келесі жылы №18, 21 мектептердегі терезелер ауыстырылады. Ал қазіргі уақытта №24, 29 мектептер бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, ауа райына байланысты онлайн оқып жатқан оқушыларға сабақтардың дұрыс өткізілмегені жайлы жайсыз пікірлер де айтылуда.
— Осыған байланысты, жылыту жүйесіне қатысты проблемаларды шешумен қатар, мұғалімдердің жұмысын қашықтықтан өткізуін қарап шықтық. Балаларды онлайн оқытуға ауыстырған жағдайда арнайы регламент бар екенін атап өткім келеді. Сабақтар тоқтатылған күндері мұғалімдер өзіндік жұмыстың әртүрлі формаларын, соның ішінде қашықтықтан жұмыс істейді. Қашықтықтан жұмыс істеу туралы барлық ақпаратты педагогтер, сынып жетекшілер білім алушылардың, олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының назарына жеткізеді. Бұл нормалар Павлодар қаласы мектептері басшылығының назарына жеткізілгенін атап өткім келеді, — деді Қуаныш Қыдырәлин.
Н.АҚЫТЕГІ.