Соңғы уақытта елдегі мектеп асханаларында балалардың тамақтан улануы, санитарлық талаптардың сақталмауы және басқа да жайсыз жағдайлар жиілеп кетті. Оның алдын алу мақсатында республикалық ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, мектеп асханаларына мониторинг жүргізуде. Нәтижесінде, осы жылдың 9 айында 581 баланың зардап шеккені анықталып, 12 қылмыстық іс қозғалған. Бұл ретте, аймақтағы мектеп асханаларындағы ахуал қалай? Ата-аналардың алаңдауына негіз бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Бағадатқызы Ақылбекова жауап береді.
— Гүлнәр Бағадатқызы, облыс мектептеріндегі асханалардың жағдайы қаншалықты қадағалануда? Жалпы, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Әрине, мектеп асханаларында тиісті талаптардың сақталуы жіті бақылауда болады. Ал білім беру мекемелерінің ас блоктарын тексеру шаралары прокуратура органдарының талаптары бойынша және өтініштер түссе, тамақтан улану оқиғалары тіркелсе, сондай-ақ, басқа да түрлі жағдайларға байланысты бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Атап айтар болсақ, аймағымызда ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 277 тексеру шарасы өтті. Өкінішке қарай, 259 асханада бұзушылықтар анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда Павлодар қалалық аумақтық басқармаға мектеп асханасында шұжықтарды қолдану, соның ішінде білім мекемесі тамақтануында тыйым салынған құрамның болуы фактісі бойынша өтініш түсті. Бүгінде аталған мәселеге қатысты тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, жақында ел Президенті де мектептерде оқушыларды сапалы тамақпен қамтамасыз етіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылау қажеттігін тапсырды. Осы бағыттағы жұмыстар әрдайым назарымызда болады.
— Соңғы бір жылдың ішінде өңірдегі білім беру мекемелерінің асханаларында балалардың астан улануы, санитарлық талаптардың сақталмауы сынды жайсыз оқиғалар орын алды ма?
— Қуантарлығы, былтырдан бері облысымызда балалардың астан улану жағдайлары тіркелген жоқ. Алайда санитарлық талаптардың сақталмауы сынды оқиғалар кездесті.
ҚР Премьер-Министрі орынбасарының тапсырмасына сәйкес аймақтағы мектеп асханаларындағы тамақтану сапасына мониторинг жүргізілді. Аталмыш тексеру шарасына білім беру бөлімдерінің мамандары, қамқоршылық кеңестердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, бракераждық комиссиялардан құралған топ қатысып, ас блоктарын бақылап шықты. Нәтижесінде, 355 мектеп асханасының 344-і мониторингпен қамтылды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда.
Атап өтерлігі, павлодарлық оқушылар арасында халықтың санитарлық — эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алуға арналған семинарлар өткізілуде. Оған департамент және оның аумақтық басқармаларының мамандары, ас блогы қызметкерлері, мектеп басшылары мен тамақтандыру қызметтерін жеткізушілер қатысып, пікір алмасып, қажетті ақпараттарымен бөлісуде.
— Асханаларда қызмет істейтін мамандар қандай ережелерді сақтауы қажет және оқушылар нені білуі тиіс?
— Асханаларда қызмет істейтін мамандар міндетті түрде санитарлық қағидаларды білулері қажет. Ең алдымен жұмыс істеуге рұқсат етілген медициналық кітапшалары бар, гигиеналық оқытудан өткен болуы міндетті. Сондай-ақ, тамақтану нысанының қызметкері қол тазалығын сақтау, арнайы киіммен жұмыс істеу, іске кіріспес бұрын шашын жинап, бас киім кию сынды өндірістік және жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы қажет. Барлық жабдық, ыдыс-аяқтар таза болуы тиіс. Тамақ өнімдері белгіленген температурлық режимде және жарамдылық мерзіміне сәйкес сақталуы керек.
Ескеретін тағы бір жайт, тамақтану мекемесінің медицина маманы (бар болса) немесе жауапты өкілі жұмыс басталар алдында қызмет көрсететін және ас дайындайтын адамдардың, аспаздардың қол терісінде және денесінің ашық беттерінде іріңдер, кесілген, күйген немесе инфекциялық аурулар мен жоғарғы тыныс жолдарының аурулары белгілерінің жоқ екеніне көз жеткізіп, күн сайын тексеріп тұруы тиіс. Қарап-тексеру нәтижелері тамақтану нысанының есепке алу құжаттамасына еңгізіледі.
Ал балалар тамақтанар алдында қолдарын сабынмен мұқият жуып, тазалық талаптарын сақтауы қажет. Сонымен қатар, асықпай тамақтанғандары жөн. Бұл туралы үйде үлкендер үйретуі тиіс. Осы айтылған ережелер қатаң сақталса, ата-аналардың алаңдауына еш негіз жоқ деп ойлаймын.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.