Елімізде мектеп директорларын тағайындауға қатысты жаңа өзгерістер енгізілуі мүмкін. Жақында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерді басқару жүйесіне қатысты талаптар жаңартылатынын айтып, өз нұсқаларымен бөлісті. Сол бойынша қала мектептері үшін «2+2», ал ауыл мектептері үшін «3+3» форматы енгізілуі ықтимал. Бұл дегеніміз – қала мектептеріне тағайындалған директор алдымен екі жыл жұмыс істейді, егер қызметі оң бағаланса, тағы екі жылға қалу мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Сөйтіп, бір мектепте басшының ең ұзақ жұмыс істеу мерзімі төрт жылды құрайтын болады. Ал ауыл мектептерінде сыннан сүрінбей өткен директор ары кетсе алты жыл ғана қызмет істей алады.
Қазіргі таңда бұл ұсынысты арнайы құрылған жұмыс тобы қарауда. Сондай-ақ, аталған мәселе халық арасында да қызу талқылануда. Қоғамда түрлі пікірталас тудырған тақырыпты «Алаңның» талқысына да салып көрген едік.
Рауза КЕНЖЕБЕКОВА, білім беру саласының ардагері, зейнеткер ұстаз:
– Әрине, ардагер ұстаз ретінде мектеп директорларын тағайындауға қатысты Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысы дұрыс деп санаймын. Себебі, кез келген басшы белгілі бір уақытқа ғана тағайындалып, сол мерзім ішінде өзінің басқарушылық қабілетін көрсетуі тиіс. Бұрын Кеңес дәуірі кезінде де басшылар 5 жылға ғана сайланатын. Өйткені, бір орында көп отыратынын білген кейбір басшылар қолында билік тұрғанда барды қарпып, қымқырып қалу жағын ойластыруы мүмкін ғой. Сол сияқты мектеп директорларының арасында да қолынан іс келмейтіндер жоқ емес. Осындайлар өзінің деңгейіне қарамай, жылы орнын суытқысы келмейді. Сөйтіп, қит етсе жоғары жақтағы таныстарына телефон шалып, кетпей отырып алып жатады. Соның салдарынан оқушылардың білім сапасы төмендеп кетуі ықтимал.
Міне, осындай олқылықтарға жол бермес үшін көшті бастаған адамға артылар міндет те, жүктелер жауапкершілік те, қойылар талап та жоғары болғаны дұрыс және оған түсіністікпен қараған жөн. Себебі, бұл мәселе ел болашағына қатысты екенін естен шығармауымыз қажет.
Мұрат АСАЙЫНОВ,
Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:
– Менің ойымша, мектеп директорларын алдымен 2-3 жылға тағайындап, осынау қысқа мерзім ішінде олардан оң нәтиже күту асығыстық сияқты. Өйткені, мұндай аз уақыттың ішінде бірден білім сапасын көтеріп жіберу кез келгеннің қолынан келе бермейтіні айтпаса да түсінікті. «Адам аласы ішінде», – демекші, осыдан кейін кейбір директорлар ары қарай тағы 2 жыл орнында отыруы үшін шарасыздан түрлі көзбояушылыққа баруы да мүмкін. Соның салдарынан салада жалған есеп беру, басқа да жағдайлар орын алмасына кім кепіл?! Мұндайға тосқауыл қойып, нақты нәтижеге адал әрі әділ жолмен жету үшін мектеп директорларына көбірек уақыт, мол мүмкіндік берілуі тиіс деген пікірдемін. Сонымен қатар, жаңа ұсыныс саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеп отырғаны түсінікті. Әрине, бір орында ұзақ отырған директорларға қатысты ел арасында түрлі әңгімелер айтылатынын естіп жататынымыз жасырын емес. Бірақ өз ісіне адал азамат пасықтық әрекетке бармайды деп сенемін. Яғни, бұл жағын заң мен адамның ар-ұятына қалдырған жөн болар.
Майра БАЙМҰРАТ,
Павлодар қаласының тұрғыны, көпбалалы ана:
– Мектеп директорларын тағайындауға қатысты талаптардың күшейіп жатқаны тегін емес, әрине. Әйтпегенде, білім сапасы қалай көтеріледі? Қалай ел боламыз? Балаларымыздың болашағы қалай болады? Осы сұрақтар мені де толғандырады.
Шыны керек, бір мектепті ұзақ уақыт бойы басқарып келген кейбір директорлардың оны өз меншігіндей көріп, ойына келгенін істеп отырғандарын да естіп жатамыз. Тіпті, өзіне ұнамаған мінезді мұғалімдерді түртпектеп шығарып жіберетін басшылардың да бар екені жасырын емес. Білім беру саласындағы осындай былықтарды жою үшін әділ әрі іскер директорлар керек. Осы тұрғыдан алғанда, Оқу-ағарту министрінің талабын қос қолдап қолдаймын. Яғни, екі жыл аз уақыт емес. Осы мерзім ішінде мектепке өзгеріс енгізіп, тәртіп орнатып, оң нәтиже көрсетуге болады деп ойлаймын. Сондықтан, өзін директор болуға лайықпын деп санайтындар қандай сынақ болса да сүрінбей өтуге ұмтылуы тиіс. Сонда ғана олар пісіп, жетіліп, мектептің абыройын асқақтататын, бәсекеге қабілетті басшы бола алады.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.
