Білімді ұрпақ – ұлт болашағы екені анық. Сондықтан да кім-кімде ұрпағының уақытылы сапалы білім алғанын қалайды. Әлемдік өзгерістермен қатар қадам басқанын тілейді. Себебі, біліммен қаруланған буын ғана елді ілгерілетіп, өзге мемлекеттермен теңестіруге талпынады. Әлбетте, сол білімнің жүйелі, денсаулыққа салмақ салмайтындай болғаны да талап етіледі. Мектеп бағдарламасында жүктеменің көптігі аракідік ата-аналар тарапынан айтылып қалады. Бірақ, кейбір қоғам белсенділері тәрбиелік, сауаттылық тұрғысынан тағы да қосымша пәндер енгізу керектігін алға тартады. Жалпы, Қазақстанда мектеп пәндерін жүйелеу керек пе? Заманға сай кейбірін қысқартқан жөн бе? Бұл бағытта қандай өзгеріс болғаны абзал? Міне, осы сұрақтарға «Алаң»-да жауап іздеп көреміз.
Алтынбек НУХҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты (пікір интернеттен алынды):
— Сапалы білім беру жағынан озық елдер Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада сияқты елдерде мектеп оқушылары 7-8-сыныпта нақты ғылым салаларына қатысты 4-6 пән оқыса, Қазақстанда — 15 пән. Ал 9-сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Бізде міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп. Мұндай шамадан тыс пәндердің жалпы саны әлемдегі бірде-бір дамыған елде жоқ. Бізде химия, биология, география сияқты оқу пәндері жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде, ал аталған мемлекеттерде осы пәндер топтастырылып, бір ғана «Ғылым» пәні деп оқытылып, 324 сағатты құрайды. Соған қарамастан, соңғы 15 жылдағы халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыс-тану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары болып отыр. Біздің оқушыларға тақырып бойынша шамадан тыс көлемде ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта. Озық елдің тағы бірі – Ұлыбританияда керісінше ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Орта білім беру сапасын көтерудің Концепциясына сәйкесінше өзгерістер енгізілуі керек деп есептеймін.
Ләйлә НҰРМАҒАМБЕТОВА, ардагер ұстаз:
— Ол рас, саны көп, сапасы аз пәндер мен оқулықтар көбейіп кетті. Жаңа министр келген сайын реформа жасауға тырысады. Жыл сайын өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Оқушылар түгілі, мұғалімдер сол жаңашылдықтардың соңынан ілесе алмайды. Жаңа бір өзгеріске үйрене бергенде, оны алып, орнына басқасын бастап кетеді. Содан білім сапасы да оңалмайды. Мұғалім де жалығады. Сонымен қатар, мұғалімдерден түрлі есеп талап етуді доғару қажет. Қазір, естуімше, түрлі қағаз түрінде толтырылатын есептен бөлек, фото-бейне есептер де қосылыпты. Мұндай жүктеме ұстаздардың нақты міндеті – білім беруді өз деңгейінде атқаруға мұрша бермейді.
Тағы бір айтарым, оқулықтардың тілін жеңілдету керек. Бүгінде баласына сабағын орындауға көмектесуге отырған ата-ананың өзі ұқпай жататын тапсырмалар барын құлағымыз шалады. Ересек адам түсінбеген тақырыпты бала қайдан ұға қойсын. Бір ұқпаған соң оның білімі ары қарай да ақсай береді.
Сонымен қатар, ана тілі, әдебиет пәндерінде оқушыларға тәрбиелік мәні бар қысқа да нұсқа әңгімелер қарастырылуы тиіс. Баланы еркін сөйлеп, пікірі дәлелді білдіре алатындай деңгейде білім берілуі керек.
Әсел СҰЛТАНОВА, ата-ана:
— Әр баланың өз ыңғайы болады. Негізі, 7-8-сыныптан кейін оқушылардың өздері де қай бағытта мықты екенін байқай бастайды. Сүйіп оқитын, тереңдей үңіле алатын пәндері айқындалады, соған сай мамандық таңдауға кіріседі. Міне, сондықтан жоғары сыныптарда барлық пәнді міндеттемей, таңдаған мамандығына қарай оқытылса, пайдасы көбірек болар еді. Яғни, келешегіне керегі болмайтын сабақтарға уақытын жоғалтпас еді. Біреуге гуманитарлық пәндерді меңгеру қиынға соққанымен, ол жаратылыстану бағытында жоғары нәтижелерге жетуі мүмкін. Пәннің саны көп болғаннан сапа оңалмайды. Балалар тез шаршап, нақты келешегіне керек пәнді меңгеруге күш жетіңкіремейді. Оқулықтардың мазмұнын да қайта қараса, артық болмайды. Тәжірибелік жұмыстарға көңіл бөлінсе деймін.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.