Оқу жылы аяқталысымен мұғалімдер кезекті еңбек демалысына шыға бастайды. Осы сәтте кейбір педагогтер түрлі түсінбеушіліктерге тап болатындарын жасырмайды. Атап айтқанда, демалыс күндерінің толық берілмеуі, төлемақы мөлшерінің азайып қалуы сынды кедергілерге кезігуде. Бұл мәселелерге жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігі назар аударды.
Ведомствоның ақпараты бойынша педагогтер үшін ең маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі — жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы. Оның ұзақтығы 56 күнді құрайды. Сондай-ақ, еңбек демалысының екі түрі беріледі: негізгі және қосымша. Соларға жеке тоқтала кетер болсақ, қосымша демалыс экологиялық қолайсыз және радиациялық қаупі бар аумақтарда тұратын мұғалімдерге арналған. Бұл санатқа жататын ұстаздарға берілетін қосымша демалыстың ұзақтығы 7 күннен 12 күнге дейін, ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер үшін
5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайды. Сондай-ақ, демалыс уақытына түскен мереке күндері еңбек демалысына кірмейді. Яғни, демалыс беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.
— Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу педагогтің демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі, мұнда қосымша ақылар мен үстемеақылар есептелмейді. Сондай-ақ, қызметкердің толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеуі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын қысқартуға негіз болмайды. Демалыс толық көлемде беріледі, — дейді Бюджеттік жоспарлау департаменті Еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Гүлайым Тоқпанова.
Сонымен, педагог қосымша жұмысты немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындаған жағдайда бұл лауазымдарды қатар атқара алады. Мұндай жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы педагогке негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді. Егер мұғалім қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуі тиіс.
Осылайша, ҚР Оқу-ағарту министрлігі елдегі әрбір білім беру ұйымына педагогтердің еңбек құқықтарын сақтау, жыл сайынғы еңбек демалысын уақытылы беру және тиісті жәрдемақыларды төлеу керектігін қатаң ескертуде.
Нұржайна ШОДЫР.