Озат оқушыларға қолдау бар

Қаз 30, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Біздің өңірде түрлі салада жетістікке жетіп, талантын танытқан дарынды оқушыларға берілетін «Тәуелсіздік ұланы» сыйақысы бар. Еңбегімен ерекшеленген, көзге түскен жас ұрпаққа бұл марапатты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов салтанатты түрде табыстады.

 

Бұл марапат дәстүрлі түрде Республика күні қарсаңында өтті. Оның мақсаты – түрлі салада ерекше қабілеттерімен көзге түскен, ғылым мен шығармашылықта, спорт пен қоғамдық өмірде белсенділік танытқан дарынды және батыл балаларды қолдау, еңбегін бағалау. Биыл  бұл сайыс бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, білім беру саласының өкілдері, ұстаздар мен ата-аналар, сондай-ақ облыстың әр қаласы мен ауданынан келген үздік оқушылар қатысты.

Шараның басында сөз алған аймақ басшысы жас ұрпаққа арналған жүрекжарды тілегін білдіріп, олардың жетістіктерін мақтан тұтатынын айтты.

– Сендер — мықтылардың мық-тысысыңдар. Еліміздің дамуына үлес қосып, Қазақстанды танытып жүрген жас буынның өкілісіңдер. Алдымен, барлығы тәртіп пен жауапкершіліктен басталады. Батыл болыңдар, өздеріңе сеніңдер, өзгелерден көбірек ұмтылыңдар. Сендерден үлгі алады, сондықтан оны жақсы көрсетіңдер. Барлығы алда, ал сендер – сол болашақтың иесісіңдер,– деді аймақ басшысы.

Биыл «Тәуелсіздік ұланы» сыйақысына қатысуға 800-ден астам өтінім түскен. Солардың арасынан 350 үміткер облыстық кезеңге өтті. Нәтижесінде 100 жеңімпаз іріктеліп, әрқайсысы 50 АЕҚ яғни 196 600 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен арнайы төсбелгіге ие болды. Марапаттау рәсімі бес негізгі атылым бойынша өтті. «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі» саласы бойынша 29 оқушы марапатталды. Ал «Шығармашылық шеберлік» атылымында 11 оқушы, «Спорттық шеберлік» бойынша – 6 оқушы, «Кәсіби шеберлік» – 8 оқушы және «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» аталымдарында 2 оқушы жеңімпаз аттанды.

Жеңімпаздар атынан сахнаға шыққан «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Камила Әубәкірова өз ойымен бөлісті.

– Инженер-технолог болғым келеді. Болашақта елім үшін көптеген жетістіктерге жетіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосуды қалаймын. Осындай шаралар бізге сенім мен күш береді. Дарынды, мақсатшыл жастар көбейе берсін, – деді ол.

Ал №43 мектептің 10-сынып оқушысы Богдан Комаров өзінің өміріндегі батыл әрекетін еске алды.

– Бір күні көшеде келе жатып, бір қызды ұрып жатқан жігітті көрдім. Сол сәтте ойланбай, оның қасына барып, заңбұзушылықты тоқтаттым. Өзімді батыр деп санамаймын, себебі бұл – қарапайым адамдық парыз. Бір-бірімізге көмектесу – ерлік емес, адамдық міндет. Қыз қазір оңалтудан өтіп жатыр, жағдайы жақсы, – деді ол.

Бұл сөздер отырғандардың жүрегіне әсер етті. Көпшілік жасөспірімнің батылдығына қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді.

Жеңімпаздардың бірі, «Жас дарын» лицейінің 10-сынып оқу-шысы Фариза Даутова өзінің қуанышын жасырмады.

– Бүгін — мен үшін ерекше күн. Өз еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын. Павлодар қаласында жастарға арналған мүмкіндіктер көп. Аймақ басшысына алғысым шексіз. Ол жастарға әрдайым қолдау көрсетеді. «Еткен еңбек еленбей қалмайды» деген сөздің мағынасын бүгін шын түсіндім. Олимпиадалар мен түрлі конкурста жетістікке жету арқылы еңбектің бағаланатынын ұқтым, — деді ол.

Іс-шараның соңында алғаш рет «Тәуелсіздік ұраны» шырқалып, барша қатысушылар орнынан тұрып, еліміздің болашағы – жас ұрпаққа құрмет көрсетті. Әкім мен жеңімпаздар естелікке суретке түсіп, салтанатты рәсім жоғары рухта қорытындыланды.

«Тәуелсіздік ұланы» – тек марапаттау рәсімі емес, бұл – елдің ертеңіне сенім ұялататын, жастардың бойындағы рух, жігер мен отаншылдық сезімін оятатын маңызды жоба. Мұндай бастамалар арқылы жастардың еңбегі бағаланып, олардың өз қабілеттерін әрі қарай дамытуға деген ынтасы артады.

Бүгін марапат алған әр оқушы  болашақ ғалым, инженер, спортшы, өнер иесі немесе қоғам қайраткері болуы әбден мүмкін. Павлодар облысының дарынды жастары еліміздің жарқын болашағы мен Тәуелсіздіктің тірегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.