Павлодар облысының оқушылары түрлі білім бәсекесінде биік белестен көрініп келеді. Айталық, республикалық олимпиадаға қатысатын құрам соңғы бірнеше жыл қатарынан ел көлемінде «Үздік олимпиадалық команда» атағын иеленіп келеді. Одан бөлек, қоғамдық игі істерде белсенділік танытып жүрген талантты шәкірттер де баршылық.
Облыс әкімі Асайын Байханов «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында дарынды оқушылармен — халықаралық және республикалық олимпиадалардың, конкурстар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен салтанатты түрде кездесті.
Өткен оқу жлында өңір оқушылары көптеген жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облысымыздың қоржынына түрлі деңгейдегі беделді зияткерлік сайыстардан 311 медаль түсті. Жыл қорытындысы бойынша Павлодар облысының командасы «Үздік олимпиадалық команда — 2025» атағына ие болды.
Асайын Байханов оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, Павлодар облысының абыройын ұлттық және халықаралық ареналарда жоғары деңгейге көтергендері үшін ризашылығын білдірді.
— Сіздердің жеңістеріңіз — облысымыз үшін зор мақтаныш. Оқушылардың жетістіктері арқылы өңіріміздің білім сапасы жоғары бағаланып, Павлодар облысының аты академиялық қоғамдастықта үлкен беделге ие. Бұл тек оқушылардың емес, ұстаздардың, тәлімгерлер мен ата-аналардың да зор еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Біз сіздерге сенеміз және еліміздің білімді, жауапты, белсенді және патриот азаматтары ретінде көргіміз келеді, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімі халықаралық Жәутіков олимпиадасының, «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасының, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың, республикалық дебаттық турнирдің, сондай-ақ «Pro Эко» экологиялық жобасының, «Экорепортер» конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, «Таза Қазақстан» акциясының белсенді қатысушыларына Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады. Аймақтағы балалар қоғамдық қозғалысының жетекшілері де түрлі марапатқа ие болды.
Олимпиадалық құрама атынан Ерсұлтан Қайыркен мен Аяна Қайырбек облыс басшылығына назар аударып, қолдау білдіргені үшін алғыстарын білдіріп, өңір жастары бұдан әрі де жоғары жетістіктерге ұмтылатындарын жеткізді. Жас зияткерлер Асайын Байхановқа озат шәкірттерді қолдауы үшін команданың атынан Алғыс хат табыс етті. Кездесу оқушылар сарайының тәрбиеленушілерінің концертімен жалғасты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.