Елімізде қызылша жұқтырған балалар саны артуда. Осыған орай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған оқушылардың бір бөлігін онлайн оқытуды ұсынуда.

Министрлік өкілдері қызылша жұқтырған науқастармен байланыста болған әрі қызылшаға қарсы екпе алмаған оқушыларды қашықтан оқуға жіберу керектігін айтуда. Сол арқылы ғана жұқпалы індетті ауыздықтауға мүмкіндік бар.

— Бүгінгі таңда білім беру мекемелеріне барып жүрген балалар арасында қызылша жұқтыру фактілері тіркелген. Қазіргі ахуал бойынша, республикада карантинге жабылған мектеп жоқ. Білім ұжымдарында аурудың таралуын болдырмау үшін қызылша жұқтырғаны дәлелденген науқастармен байланыста болған, қызылшаға қарсы екпе алмаған оқушыларды онлайн оқуға жіберу ұсынылады, — делінген министрлік ұсынған мәліметте. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы мектеп басшылығы қызылшаның көп тіркелуіне байланысты екпе алмаған балаларды онлайн оқуға жіберу жөнінде шешім қабылдады. Мұндағы қызылшамен ауыр-ғандардың 60 пайызы екпеден бас тартқандар екені дәлел-денген. Осыған байланысты баласына екпе салдырмаған ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар Павлодар облысында да қызу қолға алынуда. Ата-аналар чаттарына қызылшаның алдын алу жолдары мен жұқпалы ауруға қарсы екпенің пайдасы туралы ақпараттық материалдар, бейнежазбалар таратылып, оқушыларға қызылшаға қарсы қосымша екпе салу туралы ұсыныстар жасалуда. Облыстық білім беру басқар-масының мәліметінше, әзірге павлодарлық оқушыларды онлайн оқыту туралы шешім қабылданған жоқ. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда облыс бойынша қызылша жұқтырудың 136 жағдайы тіркелген. Оның 77 пайызы — балалар, 1,5 пайызы — жасөспірімдер, 23,5 пайызы — ересек адамдар. Сондай-ақ, облыс бойынша 8 мектепте қызылшаның 12 жағдайы, ал 13 мектепке дейінгі ұйымда 29 жағдай тіркелген.

 

Н.ШОДЫР.