Ертең елдегі 1-10-сынып оқушылары үшін сынып сағаттары өткізіліп, тағы бір оқу жылы аяқталмақ. Ал 25 мамыр, сенбі күні, мектеп түлектеріне арналған соңғы қоңырау шарасы ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Ары қарай мемлекеттік емтихандар жалғасын табатын болады.
Қуантарлығы, осы оқу жылы да павлодарлық оқушылар үшін олжалы болды. Біздің шәкірттер білім сындарында биік белестерді бағындырып, аймақ абыройын асқақтатты. Білім беру саласын-дағы осынау жетістіктер мен орын алып жатқан өзгерістер жайын аз-кем сөз еткенді жөн көрдік.
Павлодар — көш басында!
2023-2024 оқу жылы павлодарлық шәкірттер үшін сәттілікке толы болды. «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, осы оқу жылында облыс оқушылары республикалық, халықаралық деңгейде өткен олимпиадалар мен түрлі зияткерлік байқаулардан 206 медаль еншіледі. Оның ішінде 90 алтын, 45 күміс, 71 қола бар.
— Біздің шәкірттеріміз білімімен, талантымен биыл да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, халықаралық олимпиадалардан 35, республикалық білім сайыстарынан 171 жүлделі орын алды. Әсіресе, кез келгеннің қолы жете бермейтін химиядан халықаралық Менделеев, «Туймаада», Азия-Тынық мұхиты, «Жібек жолы», О.Жәутіков атындағы олимпиада мен халықаралық зерттеу жұмыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бұл – үлкен жетістік! — дейді «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Азамат Шаймұрат.
Атап өтерлігі, 2024 жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жара-тылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден павлодарлық балалар 48 медальді қанжығасына байлаған. Соның нәтижесінде, облыс оқушыларының құрамасы «Үздік олимпиадалық команда-2024» атанып, арнайы сертификатқа ие болды.
— Шәкірттердің мұндай жетістікке жетуі — ұлағатты ұстаздар еңбегінің жемісі. Ерекше атап айтар болсақ, облыс орталығындағы №8 мектеп-лицейінің мұғалімдері — Анатолий Билида, Лилия Стадникова, Оксана Колдашева, «Білім-Инновация» лицей-интернатының ұстаздары — Жандос Сансызбаев, Ерназар Қайрат, №3 гимназияның мұғалімдері Наталья Мирошникова, Қымбат Батаева және басқа да білікті педагогтарымыз бар. Барлығына алғыс айтамыз, — дейді Азамат Боранбайұлы.
Ысырапқа жол жоқ
Бұған дейін газетімізде жазға-нымыздай, биыл соңғы қоңырау шарасы жаңа форматта өтетін болады. Сол бойынша ертең 1-10-сынып аралығындағы оқушыларға арналып «Отан игілігі үшін білім» тақырыбы бойынша бірыңғай сынып сағаттарын ұйымдастырылып, оқу жылы қорытындыланады. Ал мектеп бітірушілерге арналған соңғы қоңырау мерекесі 25 мамыр, сенбі күні өткізіледі. Алайда бұрынғыдай сән-салтанат пен ысырапшылдыққа жол берілмейді. Бұл жөнінде жақында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаева мәлім етті.
— Түлектер үшін мектеп бітіру іс-шарасын өткізу бастамасы болды. ҚР Оқу-ағарту министрі түлектерге биылғы жылы балалар бір аудиторияға жинала алатын жылулық пен естеліктерге толы соңғы қоңыраудың жаңа форматын анықтауды ұсынамыз деген хабарлама берді. Біз оларға: «Форматты өздеріңіз ойластырасыздар. Бұл квест, хакатон түрінде немесе ата-аналарыңызбен бірге өтетін кеш болуы мүмкін», —
дедік. Бұл жерде балаларды мерекеден айыру мақсаты жоқ. Менің ойымша, мектеп бітіру және соңғы қоңыраудың тарихы әр елде әртүрлі. Біз мектептегі оқушыларға арнайы форматты ұсынғанда, оқушыларымызды тағы бір зиянды дәстүрден — барлық көшеде көлік кортеждері жүріп, ата-аналардың ақшасы соған жұмсалатын кезден алшақтатуға тырыстық. Олар тек мектеп бітіру рәсімін ғана емес, 25 мамырда да мейрамханаларда тойлатуға ұмтылады. Шығын сомасы кейбір отбасына ауыр тиеді және ол кейде ақылы негізде бір жылдық оқу сомасына пара-пар болады. Сондықтан біз мемлекеттік орган ретінде түлектерімізге «Білімді ұлт — сапалы білім беру» Жолда-уымен жаңа дәстүр қалыптастыруды ұсындық, — деді вице-министр.
Осылайша, биыл қазақстандық түлектерге салтанатты іс-шаралар мен банкеттер, сондай-ақ, автомобильдермен шығуға тыйым салынып отыр.
Айта кетерлігі, ағымдағы оқу жылында ел бойынша 186 мың түлек алтын ұя мектебімен қоштасады. Олардың қатарында 4322 павлодарлық мектеп бітіруші бар.
Емтихан қашан өтеді?
Сонымен, бір-екі күннен кейін елдегі барлық мектепте сабақ аяқталады. Алайда биыл кейбір сынып оқушылары арнайы және мемлекеттік емтихан тапсыратын болады. ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес 5-8 және 10-сынып оқушылары үшін емтихан 27 мамырда басталады. Яғни, аталған сынып шәкірттері қазақ тілін қаншалықты білетіндігін тексеру үшін сыннан өтеді. Ал 9-сынып пен 11-сыныпта білім алатын жасөспірімдер мемлекеттік емтихан тапсырады.
— 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында мемлекеттік емтихан тапсырса, 11-сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 12-15 маусым аралығында жоспарланған, — деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаева. Оның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін, диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
* * *
Міне, осы оқу жылы да ойдағыдай аяқталды. Ендігі мақсат — балалардың жазғы демалысын көңілді әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау.
Ал мектеп бітіруші түлектерге алдағы мемлекеттік емтиханнан сүрінбей өтіңдер дей отырып, ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсыруларына тілектеспіз!
Нұржайна ШОДЫР.