Ертең елдегі мектептерде соңғы қоңырау соғылып, тағы бір оқу жылы аяқталмақ. Ендігі міндет – оқушылардың жазғы демалысын ойдағыдай өткізулеріне жағдай жасау. Бұл мәселе бұрнағы күні Үкімет отырысында талқыланды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл ел бойынша 3 908 450 бала оқу жылын аяқтамақ. Олардың қатарындағы 3,1 миллионнан астам оқушыны лагерьмен қамту жоспарлануда. Осы мақсатта 189 маусымдық, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы, 512 шатырлы және киіз үй лагерьлері кезең-кезеңімен ашылады деп күтілуде.
Бүгінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін республикалық және өңірлік ведомствоаралық штабтар құрылып, іске кірісуде. Сондай-ақ, жаз айларында оқушыларды сауықтыру орталықтарының тізімі жасалып, лагерьлердің санитарлық жағдайы қатаң бақыланбақ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аудару қажеттігін қадап айтып, бірқатар құзырлы органдарға тапсырма берді.
— Бірде-бір бала назардан тыс қалмауы тиіс. Көпбалалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін. Әкімдер балалар лагерьлерінің ашылуын және олардың сани-тарлық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алсын, — деді О.Бектенов. Сонымен қатар, ол жазғы демалыс уақытында еңбек етіп, нәпақасын тапқысы келетін оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамту қажеттігін қадап айтты. Премьер-Министр сондай-ақ, қазақстандық балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуі тиіс екенін тілге тиек етіп, жазғы демалыс кезінде оқушылар музейлер, театрлар, қорықтар мен ұлттық парктерге тегін баруын үйлестіруді тапсырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов осы жазда елдегі 11 республикалық театр балаларға арнап 50-ге тарта қойылым ұсынатынын жеткізді.
Демалыс уақытында оқушыларды оңалту мәселесіне де мән берілмек. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларынан шыққан балалар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті талап ететін шаңырақтардың ұл-қыздары тегін оңалтудан өтетін болады.
Айта кетерлік тағы бір жайт, биыл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 10 мың балаға тегін жолдама үлестірілмек.
Н.АҚЫТЕГІ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.