Елдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары дәл осындай жағымсыз хабарды жарыса жариялауда. Шын мәнінде, оқиға қалай болған? Мұғалімнің оқушы арқасына шеге сұққаны рас па?

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, аталмыш оқиға облыс орталығындағы №26 мектепте орын алған.

– Аталған оқиға мектептің бейнебақылау камерасы орнатылған 3-қабатындағы №34 кабинетте болған. Бейнежазбаға зер салсақ, 9 «Д» сыныбында алгебра сабағы өтіп жатқан. Математика пәнінің мұғалімі тақтаның қасында тұрған оқушының жанынан өтіп бара жатып, оны белгісіз затпен нұқып кеткен, – дейді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.

Сондай-ақ, ведомство тексерген бейнежазбада мұғалім шкафтың бұрамашегесін алып, оқушыны түртіп жатқаны түсіп қалған. Абырой болғанда, баланың денсаулығына еш зақым келмегені анықталды. Оқушыны мектеп медбикесі тексеріп, денесінен ешқандай із де, жарақат та табылмағанын мәлім етті. Баланы жедел жәрдем бригадасы да жіті қарап, ештеңе анықтай алмаған. Ал басы дауға қалған жас ұстаз жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, ата-анасынан кешірім сұраған. Мұғалімнің ерсі қылығына алаңдаған мектеп әкімшілігі оны жұмыстан шығарып жіберген.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда аталған жағдайға байланысты көрінеу кәмелетке толмаған адамға күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалуда.

Аталмыш оқиғаны әлеуметтік желі қолданушылары да қызу талқылап, ой-пікірлері екіге жарылуда. Бірі мұғалімді даттаса, екінші тарап бар пәле баладан болуы мүмкін деген ой айтуда. Қалай десек те, істің ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

Н.ШОДЫР.