Соңғы жылдары елімізде студенттерді әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылуда. Әсіресе, кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде оқитын жастарға жан-жақты жайлы жағдай жасалып жатқанын айрықша атап өткен жөн. Мәселен, осы оқу жылының басында колледж студенттері шәкіртақысының екі есеге дейін өскені соның дәлеліндей. Бұдан басқа қандай қолдаулар көрсетілуде? Павлодарлық колледждердің материалдық-техникалық базасы талапқа сай ма? Биыл өңірде Жұмысшы мамандықтар жылына орай қандай жобалар жүзеге асады деп жоспарлануда? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап алу үшін облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Оспанқызы Айтқазинамен сұхбаттасқан едік.
— Самал Оспанқызы, әңгімемізді өңірдегі колледждердің жалпы жағдайынан бастасақ… Яғни, бүгінгі таңда облыс бойынша неше колледж бар және олардың қаншасы мемлекеттік білім беру мекемесі? Материалдық-техникалық базасы қалай?
— Облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 42 колледж жұмыс істейді. Оның 12-сі жеке меншік болып табылады. 2024-2025 оқу жылында білім алушылар контингенті 22 мыңнан астам адамды құрады. Олардың қатарындағы 17,8 мың студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Жалпы, аймағымызда заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 10 құзыреттілік орталығы бар. Сонымен қатар, демеушілер мен әлеуметтік әріптестер жыл сайын колледждердің шеберханаларын жаңартып отыратынын атап өткен жөн.
2022 жылы заман талабына жауап беретін IT Hub ашылған ақпараттық технологиялар колледжі қайта қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда аталған IT Hub республикалық және әлемдік чемпионаттарға IT мамандарын даярлауға арналған облыстық алаң болып табылады. Сондай-ақ, ERG S.a.r.I меморандумы және «Колледждерге арналған ERG» жобасы аясында облыс колледждері 574 млн теңгенің заманауи техникаларымен жабдықталды. Бұдан бөлек, облыс әкімінің 50 млн теңге көлеміндегі гранты тағайындалатын «ТжКБ жүйесіндегі үздік білім беру ұйымы» конкурсы бар. Өткен жылы бұл байқауда Ертіс аграрлық-техникалық колледжі жеңімпаз атанып, грантқа ие болды.
— Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Осыған байланысты биыл павлодарлық колледждерде қандай өзгерістер, жаңалықтар болады? Сонымен қатар, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облысымызда қандай жоба-жоспарлар жүзеге асады деп күтілуде?
— Аймақ басшысы Павлодар облысында «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітті. Соның аясында бірқатар игі істер қолға алынбақ. Атап айтар болсақ, негізгі шаралардың қатарында 6 колледжге жеке инвестициялар тарту арқылы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, облыс колледждерiн жаңарту және жетілдіру, оларға демеушілік көрсететін кәсіпорындардың санын 40-қа дейін арттыру көзделуде. Сондай-ақ, өңір мектептерінде 50 профильді сынып ашылады. Жаңа мамандықтар мен біліктіліктер бойынша 10 лицензия алу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға қабылдау 2 мың студентке дейін артады және кәсіпорындардан атаулы шәкіртақы алушылар саны көбейе түседі деген үміт бар.
— Облыс колледждерінде оқуға қызығушылық танытқан павлодарлық студенттердің саны жыл сайын артып келе жатқанын байқадық. Өткен жылы өңірде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі рекордтық деңгейге жетті. Мұның сыры неде?
— Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен колледждерде тегін оқу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының рекордтық көлемі бөлініп, 6200 орынды құрады. Бұл осыдан 3 жыл бұрынғы көрсеткіштен 37 пайызға артық.
2022 жылдан бастап республика колледждерінде студенттерді оқуға қабылдау аттестаттың орташа балы бойынша емтихансыз жүргізіліп келеді. Жұмысшы мамандықтарда оқығысы келетін студенттер әңгімелесу қорытындысы бойынша 100 пайыз бюджеттік орындарға түседі.
Колледждердің жаңартылуы мен бәсекеге қабілеттілігі үшін мемлекет қабылдаған білім беру реформалары, стратегиялық жоспарлар және жаңа стандарттардың енгізілуі білім сапасын арттыруға барынша ықпал етеді.
Жалпы, бюджет қаражаты есебінен бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысы көлемінің өсуі жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді және елдің экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетінін атап өткен жөн.
— Жалпы, студент жастардың жан-жақты білім алуы үшін қандай мүмкіндіктер жасалуда?
— Әрине, студенттердің алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Соның бірі – жатақханамен қамту. Мәселен, бүгінде облыс колледждерінде 32 жатақхана жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, Павлодар қаласында – 17, Ақсу қаласында — 2, Екібастұз қаласында — 2, ауылдық колледж-дерде 11 жатақхана бар. Өткен жылы Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне 200 орындық жаңа жатақхана және Павлодар жоғары медициналық колледжінің студенттеріне 189 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Яғни, мұндағы жастардың барлығы жатақханамен қамтылды деп айтуға болады. Сондай-ақ, студент жастарды қолдау мақсатында 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы көлемі 100 пайызға ұлғайды. Мысалы, орта буын мамандарының шәкіртақысы 20 948 теңгеден 41 898 теңгеге дейін, ал жұмысшы мамандықтары үшін 21 787 теңгеден 43 574 теңгеге дейін өсті.
Бүгінгі таңда студенттердің 85 пайызы шәкіртақы алады. Бұдан басқа, жұмысшы мамандықтар бойынша оқитын студенттер бірреттік тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
— Аймақтағы бірқатар колледжде «Жас маман» жобасы жүзеге асуда. Соның аясында нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Иә, облысымызда «Жас маман» жобасы сәтті іске асуда. Бұл жобада экономиканың 10 бағыты бойынша Құзыреттілік орталықтары құрылатын 10 колледж белгіленген. Негізі, «Жас маман» жобасы колледждерді жабдықтаумен қатар, оларға халықаралық стандарттардың енгізілуін де көздейді. Осы мақсатта шетелдік әріптестермен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, аталмыш жоба бойынша соңғы 2 жылдың ішінде 100-ден астам педагог біліктілігін арттырып, бизнес-жобаларды іске асыру үшін құзыреттілік орталықтары құрылды. WorldSkills оқу лагерьлері мен колледждерді халықаралық деңгейде мойындады.
«Жас маман» жобасын іске асыру жастардың кәсіби дамуына, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікке және экономиканың түрлі кезеңдерінде сұранысқа ие мамандарды даярлауға зор үлес қосады деген үміттеміз. Бүгінде 3 колледж базасында өз ісін ұйымдастыруға көмек көрсететін шағын кәсіпорындар ашылды.
— Көптеген колледж өңірдегі өндіріс орындарымен бірлесе жұмыс істеуде. Бұл ретте, жастарға қандай қолайлы жағдайлар жасалуда?
— Жастардың жұмыспен қамтылуына мол мүмкіндіктер қарастырылған. Айталық, 2024 жылы облыстағы колледж түлектерінің жалпы саны 6 337 адамды құрады және олардың 4 986-сы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыды. Бүгінгі күні оларды жұмыспен қамту деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Кәсіпорындар материалдық базаны нығайту үшін демеушілік көмек көрсетеді және мұғалімдерге қосымша ақы төлеуді ынталандырады. Қазіргі таңда Павлодар облысында 30 кәсіпорын колледждерге қамқорлық көрсетуде, оның ішінде «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Еуро-Азия энергетикалық корпорациясы» АҚ, Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС және басқа да өндіріс орындары бар.
Кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналасатын кадрларды міндетті түрде мақсатқа сай даярлау үрдісі енгізілді. Бүгінде осындай тапсырыс аясында облыс колледждерінде 1770 студент білім алуда. Өткен жылы қабылдау 730 адамды құраса, биыл бұл көрсеткіш 2000 студентке дейін артады деген жоспар бар. Сонымен қатар, көлік, тамақтану, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, сервис, энергетика және байланыс салалары бойынша білім беретін 40 колледж дуалды оқыту жүйесін енгізді. Дуалды оқыту шеңберінде колледж студенттері ақылы тәжірибеден өтіп, 150 мың теңгеге дейін жалақы алады.
Айта кетерлігі, жастардың бұл тәжірибе кезеңі еңбек өтіліне есептеледі.
— Сөз соңында павлодарлық колледж студенттерінің соңғы жетістіктері туралы айтып берсеңіз…
— Әрине, студенттеріміздің жетістіктері толағай. Мәселен, әлемдік чемпионатқа дайындалу үшін Ақсу қара металлургия колледжінің 3 студенті Мәскеу қаласында шетелдік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. ERGSKILLS кәсіби шеберлік конкурсының жеңімпаз студенттері Германия және Францияда шетелдік тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ, 8 колледждің студенттері 2 жыл бойы Шэньси политехникалық институтының және Шэньси энергетикалық-өнеркәсіптік институтының базасында «Дәнекерлеу технологиясы», «Слесарлық іс», «Электромонтаж» бейіні бойынша Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясына тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Тағы бір атап өтерлігі, былтыр «WordSkills Kazakhstan-2024» ұлттық кәсіби шеберлік байқауларының көрсеткіші жақсарды. Бүгінгі таңда біз еліміздегі командалардың үздік төрттігіне еніп, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола және 13 медальон иегері атандық. Ал былтыр күзде Францияның Лион қаласында өткен «WorldSkills-2024» конкурсының 47-ші әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасынан павлодарлық Артур Лейман «Ұлт үздігі» аталымын иеленді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.