Оқу жылының басталуына санаулы күн ғана қалды. Ата-аналар балаларына оқу құралдары мен мектеп формасын алып, қызу дайындықты бастап кетті. Ал білім ошақтары оқушы қабылдауға дайын ба? Аймақта білім саласында қандай өзгерістер бар? Осы мәселені анықтау мақсатында облыстық білім басқармасының басшысы Самал Айтқазинамен сұхбаттасқан едік.
— Самал Оспанқызы, жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Аймақтағы мектептердің дайындығы қандай? Мектеп тапшылығы мен екі-үш ауысымда оқу мәселелері шешімін тапты ма?
— Өңірдегі күрделі жөндеуді қажет ететін, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Бүгінгі таңда облыста 3 апатты, 8 үш ауысымды мектеп бар. Биыл Павлодар қаласындағы Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназия жанынан салынған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ, 600 орындық №47 жалпы орта білім беретін мектеп пен «Достық» шағын ауданында 1200 орынға лайықталған білім ордасы салынады. Келесі жылы әрқайсысы 1200 орындық 3 жаңа мектеп бой көтереді. Ал апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу үшін 3 ауданда 3 білім беру мекемесінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы, 2020 жылдан бері өңірдегі 162 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы 40 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары өз жалғасын тапты.
— Биыл қанша оқушы мектепке барады?
— 2023-2024 оқу жылында облыста 361 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейтін болады, оның ішінде 356-мемлекеттік, 5-жеке меншік. Екібастұз қаласында 2023 жылдың қыркүйек айынан «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы Екібастұз ғылым мектебі» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігінің жеке меншік бастауыш мектебі жұмысын бастайды. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 11 689 бала қабылданады. Жалпы, 115 мыңға жуық оқушы білім алатын болады.
— Облыста жаңа мектептер салынып жатқаны қуантады. Оларды кадрмен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?
— Павлодар облысының білім беру басқармасына қарасты білім беру ұйымдарына педагогтер конкурс негізінде қабылданады. Әр ұйым конкурс өткізу туралы хабарландыруды білім беру ұйымының интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында орналас-
тырады. Үміткерлер соған сәйкес құжаттарды ұсынады. Сонымен қатар, жас мамандарды еңбекке тарту арқылы аталмыш мәселені шешу көзделуде. Осы ретте, педагог мамандарды даярлайтын Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетімен бірлескен меморандум жасалып, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
— Мектептерде оқушылар үшін қандай әлеуметтік көмектер бар?
— Өздеріңіз білетіндей, бір жыл бұрын білім алушыларға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау және есепке алу қағидаларына мектеп формасы мен жазу құралдарын сатып алу түріндегі материалдық көмек көрсету қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұрын мектептер көмектің бұл түрін конкурстық рәсімдер арқылы көрсеткен болса, қазір ата-аналардың шоттарына ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес көлемде қаражат аударылатын болды. Ата-аналар өз қалауы бойынша қажетті заттарды сатып алып, балаларын мектепке дайындайды және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын құжаттармен дәлелдейді. Бүгінгі таңда облыста әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 12514 бала білім алуда. Мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға жаппай оқыту қорынан әрбір білім алушыға бірыңғай көлем айқындалды. Биыл Павлодар облысы бойынша шот картаға аударуға арналған қаражат көлемі 1 оқушыға 47 300 теңгені құрайды. Жаппай оқыту қоры шеңберінде материалдық көмек алу үшін АӘК алатын отбасының немесе күнкөріс деңгейі төмен отбасының мәртебесін растау үшін тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік қорғау бөліміне жүгіну қажет. Отбасы мәртебесі расталғаннан кейін мектеп әкімшілігіне хабарласуға болады. Сонымен қатар, 1 тамыздан бастап облыста дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы басталды, акция 30 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.
— Күні кеше мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл Павлодар облысында қанша бала грантпен оқуға түсті?
— Биыл 11-сыныпты 4024 оқушы тәмамдады. Түлектердің 90 пайызы (3581) ҰБТ-ға қатысты. Мемлекеттік білім гранттарын 1647 түлек иеленді. Жыл сайын ҰБТ тапсырғысы келетін түлектердің өсуі байқалып, мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің саны артып келеді. Сонымен қатар, Баянауыл, Ертіс, Шарбақты аудандарында қазақ тілінде оқытатын алты шағын мектептің барлық түлектері грант иегерлері атанды. Осылайша, олар білім беру қызметтерінің 100 пайыз сапасын растап шықты. Атап айтсақ, бұл — Баянауыл ауданының Көпеев, Бекмаханов, Марғұлан, Рахметов атындағы мектептері, Ертіс ауданының Қызылқақ, Шарбақты ауданының Есілбай ауылындағы жалпы орта білім беру мектебі.
— Осы орайда оқу ақысына қатысты да заңды сауал туындайды. Ақылы бөлімге құжат тапсырған талапкерлер үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырыла ма?
— Ақылы оқу түріндегі жеңілдіктерді жоғары оқу орны өз тарапынан қарастырады. Университеттің ішкі жеңілдіктер жүйесінің ережесі бар. Сол ережеге сәйкес жеңілдіктер қарастырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру гранттарын алмаған түлектердің тегін оқуға әлі де мүмкіндіктері бар. Мәселен, пайдала-нылмаған гранттар бөлінген жағ- дайда бұл түлектер жаңағы грантқа ие бола алады. Ол ҰБТ-дағы балдарына сәйкес беріледі. Сондай-ақ, оқу жылы ішінде «бас тартушылардың» гранттары, яғни түлектерге берілген, бірақ олардан бас тартылған гранттар бөлінетін болады. Университетке коммерциялық негізде түсіп, содан кейін жоғары GPA арқылы бос гранттарға өтініш беріп, грант иегері атануға болады. Бұдан басқа, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға университет гранттарын алуға мүмкіндіктері бар. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры да ауылдық жерлердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, жетімдер немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға гранттар береді. Жалпы орта білім туралы аттестат негізінде колледжге тегін түсу мүмкіндігін қарастыруға болады.
— Ұстаздардың кәсіби біліктілігін және оқушылардың білім сапасын арттыруға облыста қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Облыста білім беру сапасын және педагогтердің кәсіби шебер-лігін арттыруға бағытталған бірқатар білім беру жобасы іске асырылуда. Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп балалық шақ кезеңдерінде баланы дамытудың бірыңғай желісін іске асыру, педагогикалық процеске тұтас, дәйекті және перспективалық сипат беру үшін облыста мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін «Мектепке бағдар» жобасы іске асырылуда. Аталған жобамен облыстың 9 мыңнан астам педагогі қамтылған. Жобаның құрамдас бөлігі сұранысқа ие 13 бағыт бойынша оқу-әдістемелік орталықтарының жұмысы болып табылады. Өңірдің үздік педагогтерін тарта отырып, білім алушыларды халықаралық зерттеулерге және сыртқы бағалауға сапалы даярлау үшін «Оқу үшін оқыту» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба шеңберінде мұғалімдер халықаралық зерттеулер тәжірибесіне сүйене отырып, білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен креативті ойлауын дамытуға бағытталған тапсырмалар (тренажер) базасын іріктеп, сынақтан өткізеді. Функционалдық сауаттылықты, білім алушылардың креативті ойлауын және алған білімін тәжірибеде қолдана білуін дамытуға мүмкіндік беретін жұмыстың тиімді тәсілдерін қолдану әдістемесі бойынша тәжірибелік семинарлар өткізіледі. Ал «Олимп шыңына» жобасы аясында педагогтер олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеу, оқушыларды олимпиадалық үлгідегі тапсырмаларды орындауға үйрету әдістемесін меңгереді. Сондай-ақ, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жақсарту мақсатында 2000 педагогті қамти отырып, «Еrtis mektebi 2025» білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту бағдарламасы іске асырылуда. Осылайша, Павлодар облысында іске асырылып жатқан инновациялық жобалар педагогтерді қолдауға және олардың кәсіби деңгейін арттыруға, оқушыларды жобалық қызметке тартуға ықпал етеді.
— Ақпаратыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан — А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.