Санаулы күннен кейін, нақтырақ айтқанда 18-20 маусым аралығында 217 мыңға жуық қазақстандық, оның ішінде 5048 павлодарлық түлек аттестат алып, оқушылық өмірмен мәңгілікке қоштаспақ. Алда оларды мемлекеттік емтихан, ұлттық бірыңғай тестілеу, білім гранты конкурсына қатысу және мектеп бітіру кеші сынды түрлі сынақтар мен ерекше сәттер күтіп тұр.
Осылайша, оқу жылы аяқталғанымен, түлектердің шаруасы әлі біткен жоқ. Бұл ретте, ата-аналар мен мектеп бітірушілер нені ескеруі тиіс?
Тестілеу жалғасуда
Қазіргі таңда түлектердің он бір жыл бойы алған білімін таразылап, жүзден жүйрік шыққандарының жоғары оқу орнына түсуіне жол ашатын ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны қызу жалғасуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, биыл бұл сынақты 183 мың талапкер тапсырады деп жоспарлануда.
— 46 өңірлік орталықта жоғары оқу орындарына үміткер талапкерлер үшін ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілуде. ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасатын болады. Өңірлік тестілеу орталықтары тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Оларға осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген, — деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов.
Павлодар қаласындағы аймақтық тестілеу орталығының ақпараты бойынша, ағымдағы жылы облыс талапкерлері екі мүмкіндікті қоса алғанда 8305 өтініш берген. Сынақтың алғашқы үш күнінде
576 бітіруші тест тапсырып, олардың 61 пайызы шекті балл жинаған.
Ұлттық тестілеу орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ға жуығы орыс тілінде, ал 266 адам ағылшын тілінде тест тапсырады деп күтілуде.
Айта кетерлігі, биыл да түлектердің көбі «Математика-физика» бағытын таңдаған. ҰБТ-дағы пәндердің саны да өзгеріссіз қалған, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша алынған. Сондай-ақ, академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында әр талапкерге жеке жасалған тест нұсқасы берілуде. Шекті балдар да өзгеріссіз қалды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мәселен, телефондарды, шпаргалкаларды алып кіруге жол бермеу үшін рамалық металл іздегіштер қолданылуда. Бұдан бөлек, тестілеу аудиторияларында байланыс сигналдарын бұғаттайтын құрыл-ғылар пайдаланылып, бейнеба-қылау жүргізілуде.
Ақша жинауға бола ма?
Жасыратыны жоқ, кейбір білім беру мекемелерінің түлектері мектеп бітіру кешін дүркіретіп атап өту үшін қомақты қаражат жинауда. Бұл жағдай көптеген ата-ананың қалтасына салмақ салып жатқан жайы бар. Алайда осындай жағдайға тап болып, айлығы шайлығына жетпей жүрген алматылық ата-ананың жанайқайы жоғары жаққа жетті.
ҚР Оқу-ағарту министрі биыл да мектеп бітіру кешіне қаржы жинау, мұғалімдерге сыйлық сыйлауға болмайтынын айтып, мектепте орынсыз ақша жиғандардың ісі қатаң қадағаланатынын ескертті. Сонымен қатар, министр көп жағдайда қаражатты ата-аналардың өзі жиайтынын алға тартып, салдарынан мектептердің абыройына нұқсан келіп жатқанын да мәлім етті. Сондықтан мұндайда тым пысық әрі қолы ашық болып кететін ата-аналар абай болғаны жөн. Өйткені, олардың кесірінен өзгелер жазықсыз жапа шегуі мүмкін.
Бір анығы, әзірге өңір мектеп-терінде ақша жинау фактісіне қатысты шағым түспеген.
Қауіпсіздікті қадағалау қажет
Қазіргі уақытта бірінші кезекте мектеп бітірушілердің қауіпсіздігіне баса көңіл бөлу қажет. Осылай деген Үкімет басшысы жауапты мекемелер мен ата-аналарға бұл уақытта түлектердің жүріс-тұрысына мұқият қарау керектігін қадап айтты.
— Биыл 200 мыңнан астам бала мектеп бітіреді. Міндет айқын. Барлық емтиханды, ұлттық
бірыңғай тестілеуді, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру керек. Тестілеу мен емтихан кезінде және мектеп бітіру кештерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.
Өйткені, дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі. Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары мектеп бітіру кештерінде түрлі жайсыз оқиғалар орын алуда. Бұған жол бермеу үшін әр ата-ана мен мектеп ұжымы түлектердің қауіпсіздігін қадағалағаны жөн.
Нұржайна ШОДЫР.