Алдағы жаңа оқу жылы аймақтың білім беру саласы үшін ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Атап айтқанда, биыл павлодарлық шәкірттер үшін бес жаңа мектептің тұсауы кесіледі деп жоспарлануда.
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша санаулы күннен кейін, яғни 1 қыркүйек — Білім күні қарсаңында облыс орталығындағы Достық шағын ауданында 1200 орындық №48 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл білім ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып, келешек мектептерінің қатарына қосылып отыр. Дәл осындай тағы бір мектеп – Павлодар қаласы Гагарин көшесінде бой көтеруде. Аталған білім беру мекемесі 600 оқушыға лайықталған. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде де заманауи үлгідегі жаңа мектептер салынып жатқанын атап өткен
жөн.
— Павлодар қаласының оқушылары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шарапатын көретін болады. Осы жылы облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында бес мектеп ашылса, соның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша келешек мектептерінің қатарына қосылып отыр. Сонымен қатар, Аққулы ауданының Тілектес ауылында, Ертіс ауданының Бұланбай ауылында, Павлодар ауданының Бірлік ауылында үш білім беру мекемесінің ғимараттары салынуда. Алдағы уақытта аталған мектептер де оқушылар игілігіне тапсырылатын болады. Бұл бес мектептің құрылысына жалпы сомасы 12,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде екі «Жайлы мектептің» құрылысына — 10,8 млрд теңге,
3 ауылдық мектептің құрылысына — 1,5 млрд теңге жұмсалды, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Баширова.
Енді ерекше үлгіде салынған келешек мектептеріне тоқталар болсақ, облыс орталығында бой көтерген қос білім шаңырағы 1800 оқушыны қабылдайды деп жоспарлануда. Яғни, Достық шағын ауданындағы мемлекеттік тілде оқытатын №48 мектептің сыйымдылығы 1200 орынды құраса, Гагарин көшесіндегі №47 мектеп 600 балаға арналған. Екі мектеп те заман талабына сай етіп салынып, білім беру үрдісіне қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Мәселен, №48 мектептің оқу ғимараты инклюзивті білім мен цифрландыру талаптарына сай салынған, дейді мамандар. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін арнайы жеделсаты, пандус және тактильді жолақтар жасалған. Сондай-ақ, IT және STEM кабинеттері, оқушыларды өнерге баулитын сыныптар, шеберханалар, екі спорт залы, 360 орындық мәжіліс залы, 53 оқу кабинеті бар. Әр сынып өткізілетін пәнге байланысты жабдықталған. Айталық, биология пәніне арналған сыныпта шәкірттердің адам ағзасын жан-жақты түсініп, білуі үшін арнайы макеттер қойылған. Аталмыш мектеп директорының міндетін атқарушы Айнұр Бекбаева:
— Бұл білім шаңырағы оқушылар үшін өте жайлы етіп салынған. Қуантарлығы, мұнда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілген. Жалпы, нысан 10 блоктан тұрады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары екі түрлі блоктан жеке кіреді. Сонымен қатар, осында оқитын балалар үзіліс уақытында кітап оқып, демалып, ұлттық ойындар ойнайды. Ол үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұдан бөлек, мектеп жанында спорт қалашығы бар. Онда футбол және баскетбол, хоккей корты сынды ойын алаңдары орналасқан. Дәл осындай қолайлы жағдай өңірдегі өзге мектептерде жоқ шығар, — дейді. Оның айтуынша, болашақта бұл білім ордасында 90-ға жуық педагог еңбек етеді деп күтілуде.
Ал шаһардағы №47 мектеп те заман талабына сай етіп салынуда. Бірақ бұл мекеме білім күні емес, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аймағымызда тұрғызылып жатқан ауыл мектептерінің құрылыс жұмыстары да үздіксіз жалғасуда. Соның бірі — Павлодар ауданының Бірлік ауылындағы 120 орындық мектеп. Оның ғимаратын салып жатқан мердігер «FirstNationalConstruction» ЖШС-нің өкілдері нысан биыл 1 қыр-
күйекке дейін тапсырылатынын алға тартуда. Қазіргі таңда ішкі ұсақ-түйек әрлеу жұмыстары ғана қалған көрінеді.
Аққулы ауданына қарасты Тілектес ауылындағы 90 оқушыға арналған, оның ішінде 20 орындық шағын орталығы бар білім ордасының ғимараты да алдағы жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ.
Ертіс ауданының Бұланбай ауылындағы өртеніп кеткен мектептің орнына салынып жатқан жаңа білім беру мекемесі де көп кешікпей пайдалануға берілетін болады.
Осылайша, облыс бойынша бес жаңа мектеп оқушылар игілігіне берілмек. Бұған қоса, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен Павлодар қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке 288 орындық жапсаржай салынып жатқанын да атап өткен жөн.
Нұржайна ШОДЫР.