Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында білім беру жүйесін дамытуға және техникалық кадрларды даярлауға ерекше мән берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақты экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білікті мамандарды, әсіресе, техникалық және инженерлік салаларда даярлауға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Бүгінде елімізде аталмыш бағытта техникалық мамандықтарды даярлауға басымдық беріліп жатқанын білеміз. Алайда, бұл салада да әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер жетеді. Еңбек адамдарының ертеңі мен техникалық қызмет көрсетудің қыр-сыры туралы облыс орталығында орналасқан Павлодар техникалық сервис колледжінің директоры Әнуарбек Ахметшаиховпен әңгімелестік.
— Әнуарбек Сабырұлы, алдымен колледж тарихына қысқаша тоқтала кетсек. Аталмыш оқу ордасы жайлы
жас түлектер нені білуі тиіс? Білім шаңырағы хақында болашақ талапкерлерді құлағдар етейік…
— Бұл колледж 1965 жылы құрылған. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім шаңырағы бүгінгі күні заман талабына сай озық техникалық базамен жабдықталып, облыстың үздік 10 колледжінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, колледж қабырғасында автомобиль көлігін жөндеу бойынша кәсіби мамандар мен тәжірибелі шеберлерден құралған облыстағы жалғыз орталық бар. Яғни, Ертіс-Баян өңірі бойынша автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсететін кез келген маман иесі біздің колледжде білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдайды. Мәселен, С.Торайғыров университетінде осы сала бойынша білім алып жатқан студенттер біздің колледжге келіп, тәжірибеден өтеді. Себебі, қос білім ордасы арасында серіктестік меморандум бар. Сондай-ақ, бұл оқу орны «Қазақстан машина жасаушылар одағы» қазақстандық қауымдастығына және «KazWeld» қазақстандық дәнекерлеу қауым-дастығына кіреді. Бұдан басқа, біздің колледж — «Павлодар облысының Автомектептер одағы» кәсіптік бірлестігінің толық мүшесі. Яғни, оның «В», «С», «Д», «Е» санатындағы жүргізушілерді даярлауға және қайта даярлауға бас лицензиясы бар. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша білім беретін оқу орнында «World skills Pavlodar» чемпионатын өткізуге арналған базасы да бар.
Бүгінгі таңда білім беру саласында көптеген модернизациялар жүргізіліп жатыр. Кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнының жаңартылуы, электронды оқыту, оқу орындарына қойылатын жаңа талаптар арқылы білімді жаңа деңгейге көтеру бірқатар инновациялық жобаларға бастама болып, заманауи оқыту әдісі кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан, қазіргі таңдағы білімді одан әрі дамытуды қажет ететін ауқымды жобалар мен әлем тәжірибесіне негізделген инновациялық білім берілуі тиіс. Бұл ретте бүгінгі күні колледж қабырғасында жас мамандарды қолдау және олардың біліктілігін арттыру аясында ел экономикасының негізгі салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған «Жас маман» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бұл бастама оқу орындарының санын көбейту, оларды заманауи жабдықтармен және әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынды. Жоба аясында студенттер тәлімгерлермен бірге өндірістік кәсіпорындарда білімдерін жетілдіруге зор мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қазіргі таңда колледж қабырғасында «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету» бағыты бойынша студенттер үшін арнайы тәжірибе алаңы іске қосылып, дөңгелек жөндеу бойынша цех жұмыс істейді. Мұнда студенттер теориялық білімдерін практикамен толықтырып, өздерінің таңдап алған мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Яғни, біздің студенттер қауымы ерте кезден бастап жұмысқа орналастырылады деп айтсам, артық болмас.
— Жалпы, аталмыш колледжде студенттер қандай мамандықтар бойынша білім алады? Қай мамандық сұранысқа ие?
— Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамытуға тоқталып, индустрияландыру және ел экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қосатын инженерлік және ғылыми кадрларды даярлауды жақсарту қажеттілігін айтты. Өңдеуші өнеркәсіпте, ірі зауыттарда, басқа да жоғары технологиялық салаларда жоғары білікті мамандарға деген сұраныстың артып жатқанын ескерсек, кадр дайындау ісі жүйелі атқарылғаны абзал. Біздің колледжде кадрларды даярлау негізгі 3 мамандық бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Токарлық іс» және «Дәнекерлеу ісі». Қазіргі уақытта білім қабырғасында төрт жүзге жуық, нақтылап айтсақ, 380 студент білім алуда. 2024-2025 оқу жылына 120 студент қабылданды. Оның ішінде «Дәнекерлеу ісі» бойынша «Электр газымен дәнекерлеуші» мамандығына 22 студент түсті. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» бағыты бойынша «Автомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь» мамандығына 21 студент қабылданды. Сондай-ақ, биыл «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» мамандығы бойынша 25 жас азамат студенттер қатарын толықтырды. «Автомобиль көлігін жөндеу шебері» мамандығына 30-дан астам, «Техник-механик» мамандығына 20-ға жуық студент қабылданды.
Бұдан басқа, 2024-2025 жылдарға арналған жобалар шеңберінде колледж қабырғасында техникалық бақылау желісін ашу мен жаңа мамандықтарға оқытып, біліктілікті арттыру бағытындағы ауқымды жоспарлар жүзеге асырылуда. Мәселен, Омбы облысының «Омбы автокөлік колледжі» бюджеттік кәсіптік білім беру мекемесімен 2026 жылға дейін ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ, «Автомобиль жасау» бойынша жаңа мамандықтар тізімін «Автомобиль құрастырушы-оператор», «Автокөлік құралдарын сырлаушы», «Металл жабу және бояу жабдығын баптаушы», «Техник-механик» мамандары толықтырса, «Автомобиль көлігінде тасымал-
дауды ұйымдастыру және қозға-лысты басқару» мамандығына «Құжаттарды өңдеу жөніндегі оператор» және «Техник» мамандары қосылды. Сондай-ақ, «Жол қозғалысын ұйымдастыру» маман-дығы бойынша «Жол инспекторы» мен «Техник» мамандары оқытылса, «Машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша студенттер қатары «Слесарь-жөндеуші», «Кең бейінді станокшы», «Бағдарламалық басқарылатын станоктар операторы», «Станоктық жұмыстарды бақылаушы» және «Техник-технолог» мамандарымен толыға түсті.
Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – жастар арасындағы жұмыссыздық. Тіпті, кейінгі жылдары жоғары оқу орындарының түлектері арасындағы бірқатар гуманитарлық мамандықтар бойынша жұмыссыздық деңгейінің өскені айқын байқалып отыр. Бұл еңбек нарығындағы тепе-теңдіктің сақталуына кері әсерін тигізеді. Оған түрлі факторларды келтіруге болады. Ең басты себептердің бірі – мектеп қабырғасында болашақ мамандық таңдауға қатысты жүргізілетін кәсіби бағыт-бағдар беру іс-шараларының тиісті деңгейде болмауында. Сонымен бірге түлектердің қазіргі заман талабына сай мамандықтар мен кәсіп иелері туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етілмеуін де атап өтуге болады. Осы орайда айта кетейік, біздің колледждің студенттері аталмыш оқу орнын тәмамдаған соң жұмысқа орналасу бойынша жоғарғы көрсеткіштерге ие. Мысалы, ағымдағы жылы колледж қабырғасынан 160 студент түлеп ұшса, оның 114-і жұмысқа орналастырылды. Ал түлектер қатарындағы жеті студент жоғары оқу орнына түсіп, бұл сала бойынша оқуды жалғастыруда. Сондай-ақ, 27 студентіміз Отан алдындағы борышын өтеп, ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет етуде.
— Студенттерге теориямен қатар практиканы да жете меңгерген жақсы. Осы орайда, оқу ордасында білім алушылар үшін дуалды оқыту, ақылы практика қарастырылған ба?
— Әрине. Білім беру үрдісін практикамен байланыстыра отырып, жоғары білікті мамандар даярлау — бүгінгі күннің талабы. Жалпы, болашақ маман үшін тәжірибенің маңызы зор. Практикалық сабақтарды өндіріс базасында ұйымдастыруды біздің колледж жақсы үрдіске айналдырып келеді. Қазіргі таңда дуалды оқыту шеңберінде кәсіпорындармен бірлесе отырып 153 студент тәжірибесін шыңдауда. Атап өтсек, дуалды оқыту шеңберінде біздің студенттер «Қазақстан алюминийі» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «ПЗМК-Имсталькон» ЖШС, «ПТМ-2 Павлодар» ЖШС, «Караван-Строй» ЖШС, «Тотал Сервис» ЖШС (ПМХЗ), «ЛИТОН» ЖШС («Ақ Барс» Автоорталығы, «Ақ Жол» автоүйі», «Акцент» автокешені, «Ақ Жар» автокешені, «Ақ бет» автокешені), «Моторс Плюс» ЖШС («Автоаптека» ЖШС), «Қамқор вагон» ЖШС, «ГСУ Құрылыс» ЖШС және тағы да басқа алпауыт кәсіпорындарда оқудан өтеді. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылдарына арналған ақылы практика шеңберінде 100-ден астам колледж студенті «Қазақстан алюминийі» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «ПЗМК-Имсталькон» ЖШС, «ПТМ-2 Павлодар» ЖШС, «Караван-Строй» ЖШС, «Тотал Сервис» ЖШС (ПМХЗ), «ЛИТОН» ЖШС («Ак Барс» авто орталығы, «Ақ Жол» авто үйі, «Акцент» авто кешені, «Ақ Жар» авто кешені, «Ақ бет» авто кешені, «Моторс Плюс» ЖШС, «Автоаптека» ЖШС, «Қамқор Вагон» ЖШС, «ГСУ Құрылыс» ЖШС-інде ақылы практикадан өтті. Орташа айлық шамамен 80-120 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, озат студенттеріміз үшін 43500 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі.
— Еңбек мамандығына оқытатын білім ордасы болған соң, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғай жатқан ауылдардан келіп, оқып жатқан студенттер баршылық. Жалпы, осындай студенттер үшін оқу ордасында жатақхана бар ма?
— Дұрыс айтасыз. Біздің колледжге облыстың әр аудандарынан, ауылдардан, сондай-ақ, оңтүстік өңірлерден, Жаңаөзен, Шымкент қалаларынан келіп, оқып жатқан студенттер бар. Колледж аумағында 100 балаға арналған жатақхана орналасқан. Бұл жатақханада тұратын студенттер үшін ақы алынбайды. Сондай-ақ, олар бір мезгіл тегін ыстық аспен қамтылады. Жатақхана қабырғасында кітапхана, асхана, демалыс орны бар. Әр студенттің бөлмесі жарық әрі кең. Бір сөзбен айтқанда, оқимын деген жас үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, әр маусымдық демалыс сайын студенттерге жол ақысы төленеді.
— Ауылдан балалар келіп оқып жатқан соң, келесі сауалды қоймасқа болмас. Жалпы, техникалық білім мен терминдердің басым бөлігі орыс тілінде екені мәлім. Осы жағы қиындық туғызбай ма? Ауыл балалары үшін қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік бар ма?
— Өте өзекті мәселе қозғадыңыз. Жалпы, техникалық білім мен терминдердің бәрі орыс тілінде екені белгілі. Сол үшін тіл мамандары мен лингвист ғалымдар бас қосып, техниканың тілін қазақша сөйлететін кез келді. Мысалы, қазіргі кезде оқытушылар құрамының жетекшілігімен студенттер практика жүзінде жұмыс жасайтын станоктар, операторлық бағдарламалардың барлығы да орыс тілінде. Сол себепті көп жағдайда біздің ұстаздар өздері кейбір сабақтарды толықтай қазақша аударып жатады. Сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындардан келген мамандар да техникалық білімнің шеңберін кеңейтіп, тәжірибе жүзінде түсіндіріп береді. Әрине, сабақтарды қазақшаландыру барысында термин мен техникалық тіркестер қиындық тудыратыны жасырын емес. Қазіргі уақытта қазақ тілінде басылып шыққан әдістемелік құралдармен қатар электронды оқулықтар да жетіспейді. Сондықтан кейбір техникалық сөз тіркесі әрбір жерде әртүрлі аударылып жатады. Бұл ретте «болдым, толдымға» салынбай, техникалық білімді «біріздендіріп», осы бағытта жүйелі жұмыс жасау керек.
Бүгінгі таңда колледж қабыр-ғасында мемлекеттік тілде білім беретін бірнеше сынып ашылып, студенттер «Автомобиль жасау» мамандығын қазақ тілінде меңгеруде. Мәселен, биылдан бастап қазақ тілінде оқытылатын «Автоэлектрик» мамандығы бойынша студенттерді қабылдадық. Аталмыш сала бойынша арнайы оқу құралдарын іздестіріп, тауып, тапқанын қазақшаландырып жатырмыз. Айта кетейік, облыс бойынша «Автоэлектрик» мамандығына біздің колледж ғана оқытады. Яғни, облыстағы «автомобиль жасау» саласы бойынша бейінді оқыту негізіндегі жалғыз білім ордасы. Бұл бағытта студенттерге білім беру үшін колледждің техникалық-базасы толығымен оқу-әдістемелік және көрнекі құралдарымен, макет, стендттердің бәрімен қамтылған.
— Халық даналығында «Білікті ұстаз бен білімді шәкірт — егіз» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі таңда колледждің имиджі тек ұстаздар қауы-мымен ғана емес, сонымен қатар, үздік студенттермен де бағаланатыны белгілі. Осы орайда аталмыш оқу ордасындағы озат студенттер туралы сөз қозғасақ...
— Студенттердің кәсіби шеберлік конкурстарындағы жетістіктері әр ұстаз бен оқытушы үшін үлкен мақтаныш шығар. Себебі, бұл жеңістің артында қаншама еңбек жатыр. Біздің студенттер де жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, талай додаларда топ жарып жүр. Аттарын атап, есімдерін ескере кетейін. Мысалы, 2024 жыл – «WorldSkills» өңірлік чемпионаты аясында «Шанақты жөндеу» құзыреттілігі бойынша студентіміз Валентин Волков — 1-орын, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша Дамир Муслимов — 1-орын, «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреттілігі бойынша Максим Кочетов — 1-орын, «Токарлық іс» құзыреттілігі бойынша Қалдыбек Анкабаев — 3-орын, «СББ станоктарындағы токарлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша Ильдар Ысқақов — 3-орын, «Слесарлық іс» құзыреттілігі бойынша Сергей Гнездилов, Богдан Таранов — «Үздік маман» номинациясын еншіледі. Сондай-ақ, облыстық инсталляция байқауы бойынша Максим Рубцов, Константин Нұрғалиев, Ерболсын Жанатбек — 1-орын, «Слесарлық іс» құзыреттілігі бойынша
«ERG SKILL» ІІ респуб-ликалық кәсіби шеберлік конкурсы бойынша Валентин Волков, Сергей Гнездилов — 2-орын иемденсе, «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша Максим Кочетов — 3-орынға ие болды. Осындай үздік студенттер қатарында Анатолий Петраков, Константин Горбаневич, Виталий Баленко, Дамир Жүнісов, Андрей Ухань есімді жастарымыз бар.
— Оқушылардан оқыту-шылар құрамына көшсек. Жалпы, біздің өңірде ғана емес, бүгінгі таңда еліміз бойынша техникалық білім аясында арнайы мамандықтарға оқытатын ұстаздар қауымы аз. Кадр тапшылығы жоқ па?
— Біздің колледжде педагогтер қатарын толықтырып, алпауыт кәсіпорындардан, ірі өндіріс мекемелерінен кәсіби мамандар келіп, студенттерге сабақ береді. Осылайша біз сабақтарға нағыз мамандардың қатысуын қамтамасыз етіп, теорияны тағы да практикамен ұштастырамыз. Жалпы, қазіргі таңда бұл білім шаңырағында 36 ұстаз жұмыс істейді. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп қазақтың қайсар батыры Бауыржан Момышұлы айтпақшы, ұстаздардың еңбегі қашанда ерен. Дана халқымыз «ұстаздың жолы — жарқын, жүгі — ауыр» деп жатады. Себебі, бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Талай жылғы табанды еңбектің арқасында бүгінгі күні колледж қабырғасында қызмет етіп жүрген әр педагогтің есімін әрбір студент ерекше ықыласпен еске алатыны сөзсіз. Себебі, ұстамы берік ұстаздар қауымы қаншама студенттің жолын ашып, өмірлеріне бағыт-бағдар берді.
Бүгінгі таңда колледж қабырғасында жемісті жұмыс істеп, бірнеше рет облыстық, респуб-ликалық жарыстарда топ жарып, ел алдында жүрген оқытушыларымыз баршылық. Осындай ұстаздар қауымының жетістіктеріне де қысқаша тоқтала кетейін. Мысалы, арнайы пәндер оқытушысы Рүстем Миникеев — «Көлік» саласы бойынша педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері арасында республикалық кәсіби шеберлік конкурсының Гран-при иегері атанды. Сондай-ақ, ол «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Pavlodar» өңірлік және республикалық чемпионаттарының бірнеше мәрте бас сарапшысы болып, «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталды. Сонымен қатар, ұстаздар мен оқытушылар арасында ұйымдастырылған түрлі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарға ие болған Нұрбек Балтабеков, Анар Асқапова, Бахтияр Темірғалиев, Нұрлан Сүйімбаев, Әйгерім
Жайырбаева, Лидия Баленко, Валентина Елгина, Жаннар Қасымова, Бибінұр Алшынбаева, Құдайберген Ташенов сынды білікті кадрларымыз бар.
— Әңгімеңізге рақмет! Ел үшін атқарған еселі еңбегіңіз елене берсін!
Сұхбаттасқан — Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.