Ақтоғай ауданында білім беру саласын дамытуға баса мән берілуде. Әсіресе, педагогтардың біліктілігін көтеру, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, білім ордаларының ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуда. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары сапа көрсеткіші артып, оқушылар жетістіктерінің де еселенгені байқалады.
Аудандық білім беру бөлімінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде Ақтоғайда 22 мектеп жұмыс істеуде. Оның ішінде 13 орта, 7 негізгі және 2 бастауыш білім беру мекемесі бар. Бұдан бөлек, 1 балабақша, 21 шағын орталық және 1 қосымша білім беру ұйымы (өнер мектебі) балаларға қызмет көрсетуде. Аталған мектептерде 1879 оқушы білім алуда. Ал мектепалды мекемелерде 406 балғын тәрбиеленуде. Қуантарлығы, бұл өңірдегі 1–6 жас аралығындағы балалар 98,2 пайыз, 3–6 жас шамасындағы балғындар 100 пайыз балабақшамен қамтылған.
Соңғы жылдары аудан мектептеріне жөндеу жүргізу, материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстарына да баса көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы Әуелбек ауылындағы Ыдырысов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткен. Білім ордасының 15 оқу кабинеті жаңа жиһаздармен толығып, заманауи үлгідегі химия, физика, биология кабинеттері сатып алынды. Бұл мақсатқа бюджеттен 380 миллионнан астам теңге жұмсалған. Сонымен қатар, ауданның 21 мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Оқушылардың талантын шыңдап, талабын ұштау мәселесі де — назарда, дейді мамандар. Аудан мектептерінде 10 домбыра, 13 шахмат кабинеті ашылған. Мұнда келетін балалар ұлттық өнермен сусындап, логикалық ойлау қабілеттерін дамытатын болады.
Ауданның білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде екен. Қазіргі таңда 75 бейнебақылау жүйесі, оның ішінде 466 цифрлық камера орнатылған. Бұл білім беру нысандарының ішкі және жанындағы аумақтарын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Ал 10 білім беру мекемесі оперативтік басқару орталығына (ЦОУ) қосылған. Бастысы, барлық мектепте хабарландыру жүйелері жұмыс істеп тұр. Сол арқылы төтенше жағдайлар туындаған сәтте бірден тиісті мекемелерге сигнал беріледі. Осынау іс-шаралардың барлығы оқушылар мен педагогикалық ұжымның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізуде, дейді білім беру бөлімінің өкілдері.
Атап өтерлігі, педагог мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Бүгінде аудандағы 549 мұғалімнің 94,4 пайызы жаңа форматтағы біліктілік санатына қол жеткізген. Нақтырақ айтқанда, ақтоғайлық ұстаздардың қатарында 116 педагог-зерттеуші, 131 педагог-эксперт, 138 педагог-модератор және магистр дәрежесін алған 18 маман бар. Жалпы, мұғалімдердің 84,7 пайызы жоғары білімді. Өткен жылы 73 пән мұғалімі біліктілікті арттыру және қайта даярлық курстарынан өткен. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасын таба бермек.
Білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің нәтижесінде мұғалімдер мен оқушылар жеткен жетістіктер де аз емес көрінеді. Мәселен, ақтоғайлық ұстаз Ж.Кетікова облыстық «Үздік ауыл мұғалімі» конкурсынан бас жүлдені иеленсе, М.Хасенова «Үздік авторлық бағдарлама» байқауынан ІІ орынды олжалады. Ал Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің мұғалімі Даниял Қабиденов «Жас математиктер» конкурсының жүлдегері атанса, Шідерті негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Шаймерденова бастауыш сынып жетекшілеріне арналған республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасынан II дәрежелі диплом алды. Осы орайда оқушылардың жетістіктері де толағай екенін атап өткен жөн. Айталық, ақтоғайлық 340 оқушы түрлі деңгейдегі конкурстар мен олимпиадаларға қатысып, оның ішінде 84 оқушы облыстық және республикалық кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған.
Аудан мектептерінде сондай-ақ балалардың саналы тәлім-тәрбие алуына да жіті мән берілуде. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында оқушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және моральдік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» бағдарламасы, «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында мазмұнды іс-шаралар, патриоттық жобалар жүзеге асуда.
Айрықша атап өтерлігі, қосымша және инклюзивті білім беру мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Аудандағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін өзгелермен тең жағдай жасалып, барлық мектепте «Қолжетімді орта» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда.
Осылайша, ауданда жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін игі істер қолға алынуда. Бастысы, жарқын жетістік, оң нәтиже бар. Демек, ақтоғайлық балалардың болашағынан үлкен үміт күтуге болады.
Нұржайна ШОДЫР.
