Оқу жылы басталғалы отандық білім беру саласын дамытуға бағытталған түрлі ұсыныс-пікірлер айтылуда. Сондай-ақ, бірқатар өзгерістер де енгізілуі мүмкін. Мұндағы басты мақсат –
ел ертеңі болар жас буынның жан-жақты білімді болып өсуіне жағдай жасау. Сонымен, алда тағы да не күтіп тұр?

 

Екі пән қосыла ма?

Бұған дейін әлеуметтік желіде ғалымдардың алгебра және геомет-рия пәндерін біріктіріп оқыту туралы ұсынысы жарияланып, қоғамда қызу пікір-талас тудырған болатын. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аталған мәселе қарастырылып жатқанын, бірақ әлі де бір тоқтамға келмегенін алға тартты.

— Бұл дүниелерді біз тиісті мамандармен, сарапшылармен шешуіміз керек. Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша үлкен талқылау жүріп жатыр. Екі түрлі пікір бар. Қосып оқытайық дейтіндер де, қоспай оқытайық дейтіндер де бар. Қазір сарапшылар тобы, ғалымдар, әдіскерлер, мұғалімдер бір шешімге келген кезде ғана министрлік оны толыққанды қуаттайды. Әзірге ол сарапшылардың ортақ байламға келмегенін айтқым келеді. Қалай ортақ мәмілеге келеді, сол шешім бойынша жылжимыз. Мен математик емеспін. Сондықтан математик сарапшылардың, нағыз мамандардың пікірін тыңдап, шешім қабылдаймыз, — деді Ғани Бейсембаев.

Демек, екі пән біріктіріліп оқытыла ма, әлде бұрынғыдай өзгеріссіз қала ма, ол жағы көп кешікпей белгілі болмақ.

Онлайн оқытылады

Бұдан былай елдегі колледждерге де өзгерістер енгізілмек. Яғни, алдағы уақытта колледждер жүйесіне онлайн оқыту әдісі енгізілуі мүмкін.

— Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында онлайн оқыту және академиялық ұтқырлық енгізіледі. Қазіргі кезде еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн оқытуды енгізу ұсынылды. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей, кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беруді көздейді, — деді Ғ.Бейсембаев. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі. Аталмыш мемлекеттердегі онлайн оқыту шарасы білім беру процестерінің тиімділігін арттырған көрінеді. Онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты — колледждерге сала сарапшылары мен озық технологияларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларына икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмыстан қол үзбей-ақ нақты жағдайларда тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау болып табылады, дейді сарапшылар.

«Жеке көмекші» болады

Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын мүмкіндігі шектеулі бала саны артуда. Оларды оңалтумен қатар, білім беру мәселесі де өзекті болып тұр. Бүгінде жарымжан балалармен жұмыс істейтін 9 мың арнайы педагог еңбек етуде. Ендігі кезекте тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы қарастырылуда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

— Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін 9 мың арнайы педагог бар. Өткен жылмен салыстырғанда педагог-ассистенттер саны 1 мыңнан 2,5 мыңға артты. Мектепке дейінгі ұйымдарда да «педагог-ассистент» лауазымы енгізілуде. Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы қарастырылуда. «Педагог» кәсіптік стандартына мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бойынша жаңа мамандықтар қосылуда, — деді министр. Сондай-ақ, ведомство басшысы педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

— Биыл курстардан 5 мың педагог өтті. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар санының артуына байланысты туындаған 3,5 мың арнайы маман қажеттілігін шешу бағытында келесі оқу жылынан бастап колледждерде «педагог-ассистенттерді» даярлау басталады, тиісті бұйрық қабылданды, — дейді Ғани Бейсембаев.

Face ID міндетті ме?

Ел арасында қазақстандық бала-бақшаларға жаппай Face ID жүйесі енгізілетіні, онсыз кіріп-шығуға мүлдем рұқсат берілмейтіні жайлы әңгімелер айтылуда. ҚР Оқу-ағарту министрі бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.

— Face ID әлі пилоттық режимде қолданылуда, яғни әзірге міндетті емес. Бұл — соңғы шешім емес. Себебі, бақылаудың және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа да көптеген түрлері бар. Жалпы, бұл жоба бірнеше өңірде пилоттық режимде іске асып жатыр. Оның қаншалықты тиімді екенін осы зерттеу нәтижесі көрсетеді, — деді Ғ.Бейсембаев. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының 100 пайызға жуығына бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл жағынан жекеменшік мекемелер сәл артта қалып отырған жайы бар.

Министрліктің мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Ысқақованың айтуынша, Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым бар, оның 5,5 мыңы — мемлекеттік, қалғаны жекеменшік саналады.

*  *  *

Осылайша, онсыз да реформадан көз ашпайтын білім беру жүйесіне жиі өзгерістер енгізілуде. Бастысы, саладағы бұл жаңашылдықтар сапаға оң ықпал етіп, жас ұрпақтың жарқын болашағына пайдасын тигізсе игі!

Нұржайна ШОДЫР.