Таяуда облысымызда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің республикалық тамыз кеңесі өтті. Биыл алғаш рет ерекше үлгіде ұйымдастырылған шараға ҚР Парламентінің депутаттары, министрліктер мен республикалық ұйым-дардың өкілдері, сондай-ақ, еліміздің 19 өңірінен педагогтер қауымы арнайы келіп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылады.
Педагог мамандардың дәстүрлі шарасына жиналғандарды облыс әкімі Асайын Байханов жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім беру жүйесін дамыту — еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі екенін, сол үшін жас ұрпаққа қамқорлық жасаудың маңызы зор екенін атап өтті. Басқосу барысында ҚР Оқу-ағарту министрлі-гінің өкілдері, халық қалаулылары мен ұлағатты ұстаздар сөз алып, саладағы жетістіктер мен жетілдіруі тиіс мәселелерге тоқталды. Ал секциялық отырыстар барысында білім беру мазмұны, бизнеспен әріптестік, тәрбие жұмысын жетілдірудің озық тәжірибесі мен жолдары жан-жақты қарастырылып, педагогика саласының сарапшылары түрлі тақырыпта баяндама жасады. Сонымен қатар, алыс-жақыннан келген қонақтар өңірдегі бірқатар колледждердің жағдайымен танысты. Соның бірі — Павлодар монтаждау колледжіне барған делегация оқу орнына экскурсия жасап, материалдық-техникалық базасымен таныс болды. Мұндағы жоғары курс студенттері заманауи құрал-жабдықтармен қалай жұмыс істейтіндерін іс жүзінде көрсетті. Қонақтар колледждің жабдықталуына жоғары баға беріп, жалпы елдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға әлі де серпіліс керек екенін алға тартты. Павлодарлық мамандар аталмыш кеңесте айтылған ұсыныстар кәсіби білім беруді одан әрі дамытуға және кадрларды даярлау сапасын жақсартуға мол пайдасын тигізетінін айтады.
Н.АҚЫТЕГІ.
Суретті түсірген – Валерий Бугаев.