Бұрнағы күні кеншілер шаһарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынған «Самғау» балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, спорт ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты.
Аталмыш орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Асайын Байханов мұнда мектеп оқушылары қосымша білім алып, шығармашылық қабілеттерін одан әрі шыңдай алатынын жеткізді. Ол әр бала өзіне ұнайтын үйірмеге қатысып, талабының арқасында өзінің талантын ашатынына сенім білдірді.
— Екібастұздықтар осындай орталықты салып беруді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жазда кеншілер қаласына келген кезінде сұраған болатын. Бүгінде бұл орталықтың есігі айқара ашылып, шығармашыл жастарды қабылдауға ниетті. «Самғау» орталығының бір ерекшелігі — білім берудің инновациялық тәсілдерімен байланысты. Мәселен, мұнда балалар өсімдіктер өсіре алатын ғылыми-биологиялық зертханамен, ландшафтық сәулет және флористика, сондай-ақ, сәнді дизайн мен киім тігу технологияларымен қамтамасыз етіледі. Бұл балалардың жаңа достар табуға, өнер үйреніп, оны дамытуға, сондай-ақ, уақыттарын тиімді өткізуге болатын екінші үйлері болсын, — деді А.Байханов.
Сонымен қатар, облыс әкімі аталмыш орталықтың демеушілердің қолдауымен бой көтергенін атап, құрылысқа 5,3 млрд теңге бөлген «ERG» және «KazMineralsBozshakol» компаниялар тобына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол балалар мен жастардың үйлесімді дамуы үшін аса қажетті жобаны іске асыруға және нысанның құрылысына қатысқан азаматтардың барлығына алғыс айтты.
Салтанатты шарадан соң облыс әкімі көпшілікпен бірге ішке кіріп, жаңа нысанды аралап көрді. Орталықтағы жұмыс барысымен етене танысқан ол, балалардың сурет салып, домбыра, театр, робототехника үйірмелеріне қатысып, ғылыми жұмыспен айналысып, заманауи технологияларды игеріп жатқанын құптады. Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театрдың жаттығу залы, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер бар. Сонымен бірге, 275 орындық үлкен аудитория орналасқан. Балалар орталық жұмысының шығармашылық бағыттарынан хореография (халықтық, заманауи және классикалық билер), театр өнері, вокал және хор әні немесе аспаптық шеберлік (домбыра, қобыз, гитара, мандолина, дауылпаз, асатаяқ, шертпе) бойынша сабақтарды таңдай алады. Ал екінші қабатта жасыл технологиялар орталығының ғылыми-биологиялық зертханасы (гидро және экопоника) және ландшафтық сәулет пен флористикалық дизайн студиялары, сондай-ақ, пікірталас орталығы, медиа орталық (дыбыс жазу студиясы, телестудия, фотография академиясы, жас блогер студиясы, коворкинг орталығы) және сән студиясы (макияж және костюм суретшісі, интерьер дизайны) орна-ласқан. Үшінші қабат толығымен робототехника және компьютерлік модельдеу, ғарыштық радиобайланыс және радиотехника клубтарын, «steam» және «lego» зертханаларын, ҰҰА клубын (ұшқышсыз ұшу аппараты) қоса алғанда IT-технологияларға, сондай-ақ, балалар пішім мен тігінді, модельдеуді, керамиканы, бейнелеу өнерімен аспаздық өнерді үйренуге мүмкіндік беретін көркемдік-қолданбалы блокқа берілді. Сонымен қатар, орталықта ата-аналар мен балаларға арналған психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті, үстел теннисіне арналған аймақтар, емдік дене шынықтыру және жаттығу залы жұмыс істейтін болады.
Айта кетейік, жалпы ауданы 7200 шаршы метрді құрайтын заманауи орталықта 9 мыңнан астам бала, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар 12 бағыт бойынша қосымша білім алуға, уақыттарын қызықты өткізуге, өз-өздерін дамытуға мүмкіндік алды. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген, жеделсаты және жүк көтергіш құрылғылармен, тифло және сурдо-құрылғылармен жабдықталған. Жаңа нысанның жұмысы Екібастұз қаласының балаларын қосымша білім берумен қамтуды 70 пайызға немесе 16 мыңнан астам оқушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нысанның құрылысы 2023 жылдың қазан айында басталып, 2024 жылы аяқталды. Орталықта жұмыс істеуге 50-ден астам қосымша білім беру педагогтары жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда өңірде өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Бұған дейін мұндай шығармашылық орталық Ертіс ауданында ашылған болатын. Қыркүйек айында Павлодар қаласында «Алтын сақа» балалар шығармашылығы және демалыс орталығы ашылды.
Өз тілшіміз.
Екібастұз қаласы.
Суреттерді түсірген – В.Бугаев.