Әскери борышын өтеп келген жас сарбаздар биыл жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алды. Жаңа оқу жылынан бастап жас талапкерлер университеттерде грантқа оқуға түсті. Бұл мүмкіндікті облысымызда әзірге 10 жас сарбаз пайдаланып отыр.

Кафедра тарихы

Аталмыш кафедраның негізі 1962 жылы қаланған еді. Әскери кафедра ғимараты Ұлы Отан соғысы жылдарында Сталинград қаласынан Павлодар қаласына эвакуацияланған авиамектеп базасында орналасқан. Осы кезден бастап кафедра инженерлік бөлімшелер үшін запастағы офицерлерді даярлауға кірісті. 2006 жылы әскери кафедра жұмысын тоқтатты. Барлық оқу-материалдық база, әдебиет, құжаттама Тараз мемлекеттік университетіне берілді. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің шешімімен әскери кафедра өз қызметін қайта бастады. Мұндағы оқу 2-курстан басталады. Студенттің әскери кафедрадағы оқуы жоғары оқу орнын аяқтағанға дейін жалғасады. Әскери кафедрада студенттерге міндетті дәрістік сабақтар өткізіліп, өзіндік жұмыстар да беріледі. Әскери кафедрадағы сабақтарды өтуге студентке бір күн ғана бөлінген. «Әскери күн» деп белгіленген бұл күнге басқа сабақтары қойылмайды. Оқытушы әскери дайындық сабағы 588 сағаттан кем болмауы тиіс. Ал сержанттар 294 сағат оқиды. Әскери кафедрадағы сабақтар запастағы офицерлерді даярлаудың үлгілік оқу бағдарламасымен жүреді. Оқытушы басшылығымен жүргізілетін міндетті сабақтар көлемі күніне 6 сағаттан аспауы керек. Әскери дайындық сабағына жүйелі түрде қатыспаған, себепсіз бармаған (12 сағаттан артық), тәртіп бұзған немесе оқу жиындарынан өтуден бас тартқан студенттер  сабақтан шеттетіледі. Әскери дайындықтың толық курсынан және оқу жиындарынан өтіп, емтихан тапсырған студенттерге ЖОО аяқтағаны туралы дипломды алғаннан кейін «запастағы лейтенант» әскери шені беріліп, міндетті түрде әскери билетте көрсетіледі.

Тегін білім алады

Әскерде міндетін өтеп келген жастардың жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндігі бар. Осы мақсатта еліміздің Қорғаныс министрлігі 42 жоғары оқу орнымен келісімшарт жасады. Бүгінде сол мүмкіндікпен оқуға түскен сарбаздар баршылық. Олардың бір тобы – жергілікті Торайғыров университетінің шәкірттері. Торайғыров университетінің әскери кафедра меңгерушісі Болат Токиннің айтуынша, аталмыш жоғары оқу орнына биыл 10 мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаз оқуға түскен.

– Біздің әскери кафедрада студенттер төрт мамандық бойынша дайындықтан өтеді. Бүгінде 500-ден аса студент оқып жатыр. Оқу ақылы түрде жүргізіледі. Келісімшарт бойынша жылына 260 мың теңгені төлейді. Өткен жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, кафедрамызда 80 орын бөлінді. Бүгінде 10 сарбаз тегін білім алады. Тәрбиеленушілердің көбі болашақта өздерінің өмірін ҚР Қарулы Күштерінде қызмет етумен байланыстырады. Берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды. Менің ойымша, ары қарай осы салада қызмет жасауға дайын, – дейді Б.Токин. Аталмыш жеңілдікпен биыл оқуға түскен сарбаздардың бірі – Диас Аманбеков.

– Әскери борышымды Талдықорған қаласындағы 37-ші десант шабуылдаушы бригадасында өтедім. Бүгінде Торайғыров университетінің студентімін. Осы жоғары оқу орнына түскеніме қуаныштымын. Әскери кафедрада оқып жатқан замандастарымызға үйретуге тырысамыз. Болашақта осы салада қызмет етуді қалаймын, – дейді Диас.

Қыздар да оқи алады

2015 жылдан бастап әскери кафедраға студент-бойжеткендер де түсе алады. Дайындық екі әскери мамандық бойынша жүргізіледі: байланыс бөлімшесін қолдану (әскери байланысшы) және автоматтандырылған қауіпсіздік жүйесін қолдану. Студент-бойжеткендерге әскери кафедраға түсу үшін медициналық куәландырудан өту, дайындық нормативін тапсыру және психологиялық тестілеуден өту қажет. Нәтижесінде бойжеткендер өз мамандықтарымен қатар, әскери білім алып шыға алады. Сондай бойжеткендердің бірі – Әмина Бекболат. Ол биыл әскери кафедраға оқуға түскен.

– Мен 2-курста оқимын. Алдағы екі жылда әскери дайындықтың толық курсын тегін меңгеріп шығамын. Оқуды аяқтаған соң «запастағы лейтенант» шені беріледі. Бұл кафедраға оқуға түсуге ата-анам еш қарсылық білдірмеді. Керісінше, мені қолдады. Бұйырса, еліме пайдамды тигізгім келеді, – дейді Әмина. Жалпы, Торайғыров университетінің әскери кафедрасы екі бағыттағы әскери-есептік мамандықтар бойынша білім береді. Яғни, офицер және сержант құрамы. Офицерге жалпы әскери бөлімшелердің, бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік қолданылуы, ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы, аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру және қаржылықпен қамтамасыз ету енсе, екінші бағытқа атқыштар, бөлімше командирі – жауынгерлік машинаның командирі, өрттен қорғау және құтқару жұмыстары және өртке қарсы қызмет енеді. Айта кетейік, әскери борышын өтеп келген қазақстандық жастар биыл жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсе алды. Бұл ретте олардың ҰБТ-дағы балы да ескерілмеді. Ал әскерде жоғары нәтиже көрсеткендер университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Тиісті өзгерістер Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекіті-летін типтік қабылдау ережелеріне енгізілді. ҚР Қорғаныс Министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның сөзінше, жауынгерлік даярлық барысында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар университет ұсынатын 100 пайыз жеңілдікті алады. Яғни, оқу орнында тегін оқиды. Бүгінге дейін 40 жоғары оқу орнымен осындай келісім бекітілген. Олар тегін білім алу үшін 3 мыңға жуық орын ұсынып отыр. Бұдан бөлек, әскери борышын өтеп келгендер жоғарғы оқу орындардың әскери кафедраларында емтихансыз тегін оқи алады.

– Әскери қызметін өткергеннен кейін олар запастағы жауынгер болады. Ал егер офицерлік шен алғысы келсе, әскери кафедраға түсіп, оны оқып шыққан соң запастағы лейтенант атанады. Бір маңызды жаңалық – мерзімді әскери қызметін өтеген және жоғары нәтиже көрсеткен жастар конкурстық іріктеу негізінде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихан тапсырмай түсуге мүмкіндік алады, – дейді Төлембаева. Қорғаныс министрі кеңесшісінің айтуынша, мұндай жеңілдіктерге ие болу үшін сарбаздар Халыққа қызмет көрсету орталығынан мерзімді әскери қызметтен өткені туралы анықтама алып, әскери билеттің көшірмесімен бірге жоғары оқу орнына тапсыруға тиіс.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.