Студенттер ЖИ-дің негізін үйренді

Қаз 16, 2025

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Павлодар облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Басты мақсат — ғылым және жоғары білім саласын дамыту мәселелерін талқылау.

Жиын Торайғыров университетінде өткізілді. Вице-министр алдымен оқу орнындағы заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы жобалармен танысты. Студенттер ЖИ көмегімен әзірлеген Neuro News жобасы қатысушылардың қызығушылығын туғызды. Жобаға дауыстық көмекші, дальтонизмге шалдыққан адамдарға арналған контрастты өзгерту сынды функциялары қосылған. Оқу орнының атынан жоба авторларына 450 мың теңгелік сертификат табысталды.

Кездесуде Динара Ринатқызы ғылым және жоғары білім саласындағы үдерістерді бағалап, жасанды интеллектпен жұмыс қарқынын күшейтуді атап өтті. Себебі, алдағы 3 жылда Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеттелген.

— Бұл тапсырманы орындау үшін жастар арасындағы білім деңгейін көтеруіміз қажет. Министрлік үш бағыт бойынша жұмыс атқаруда: жасанды интеллект бойынша кадрлар даярлау, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және жасанды интеллекттің көмегімен қазақ тілін дамыту. Негізгі мақсат — жоғары білімді цифрлық дәуірге даярлау. Осы бағытта алғашқы нәтижелер де көрінуде. Бүгінде 95 университет оқу жоспарына ЖИ курстарын енгізді. Алдағы уақытта бұл барлық жоғары оқу орындарында қолжетімді болады, — деді Динара Щеглова.

Цифрлық дәуірге қадам басу үшін дамыған елдердің тәжірибесі қажеттілік туғызатыны айдан анық. Сондықтан білім саласында тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Министрлік халықаралық «Coursera» платформасымен келісімге отырғалы үш жылға жуық уақыт болған. Бұл платформа арқылы әлемнің озық деген ЖОО-ларынан кез келген уақытта курс оқуға болады. Қосымшада 44 мың курс бар. Сабақтар тегін әрі қазақ, орыс тілдеріне аударылған. Жыл сайын әртүрлі деңгейдегі студенттер 150 мыңнан астам сертификат алады.

Сонымен қатар, вице-министр жаһандану жолындағы «Aisana» жобасымен таныстырды. «Aisana» — білім беру мен ел экономикасында жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жоба. Бағдарламаның арқасында білім алушылар ЖИ негізін үйреніп, оны тәжірибеде қолдана алады. Бұл арқылы 650 мың студентті оқыту көзделген. Аталмыш бағдарламаны кеңейтіп, арнайы сыни және этикалық ойлау қабілетін арттыру жоспарланған. Сол арқылы GhatGPT сияқты оқушыларға үй жұмысын орындауға көмектесетін бағдарламалар жетіледі. Сәйкесінше ЖИ тек қана саланы жетілдіруге қызмет етеді. Яғни, білім алушыларға дайын ақпаратты қолдануға ғана емес, оны түсіндіруге жағдай жасайды.

— ЖИ саласындағы 62 жобаға 9,7 млрд теңге бөлінген. Бұл жобалар барлық басым бағыттарды қамтиды: денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, экология және т.б. ЖИ уақыт өткен сайын сұранысты, жаңашылдықты талап етеді. 2025 жылдың 1 қазанында Мемлекет басшысы жасанды интеллект мәселелері бойынша кеңес өткізіп, екі маңызды тапсырма берген. Біріншісі, елімізде ЖИ саласындағы мамандандырылған зерттеу университеттерін ашу. Екіншісі — мақсатты аудиторияға қарамастан ЖИ бойынша барлық курстарды қамтитын ұлттық платформа әзірлеу, — деп түйіндеді ол.

Кездесудің соңында ғылым және білім вице-министрі аудиторияның көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Жаратылыстану факультетінің деканы, химия ғылымдарының кандидаты Мәдениет Елубай Қазақстанның жасанды интеллектке деген көзқарасы әлемдік тәжірибеден несімен ерекшеленетінін сұрады.

— Біз осы күнге дейін ЖИ саласында біршама жаңашылдыққа қол жеткіздік. Мысалы, 2024 жылы агенттікте электронды үкімет пор-талын — eGov-ты жасадық. Қазіргі таңда осы қосымша еліміз бойынша қолданыста. Бұл — еліміз үшін елеулі жетістік, — деді Динара Щеглова.

Кездесуден соң, вице-министр азаматтардың мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.

Сара АВДОЛ.