Табиғатты қорғаймыз!

Нау 13, 2025

Жақында облыс орталығындағы мектептерде «ProEco» республикалық эколо-гиялық жобалар байқауының қалалық кезеңі өтті.

Аталмыш шараға шаһардағы №14, 17, 18, 24, 25, 27, 33, 39, 40, 46, Қ.Бекхожин атындағы, А.Байтұрсынұлы атындағы, С.Торайғыров атындағы, Б.Момышұлы атындағы, М.Әлімбаев атындағы және Жетекші ауылындағы мектеп оқушылары қатысты.

Байқау «Туған өлкенің табиғаты», «Мені қоршаған әлем», «Үздік экологиялық бастама», «Таза қала сенен басталады» атты төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды.

— Бұл сайыстың басты мақсаты – зерттеу жұмыстарымен айналысатын, экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын, ізденгіш жеткіншектерді анықтап, қолдау көрсету. Сол арқылы жас буынды табиғатты қорғауға, жанашырлық танытуға баулу көзделуде, — деп атап өтті Павлодар қалалық білім беру бөліміне қарасты балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының бөлім меңгерушісі Наталья Губарь. Оның айтуынша, үздік деп танылған жұмыстар облыстық кезеңге ұсынылатын болады.

Байқау қорытындысы бойынша 19 оқушының жұмысы жүлделі орындарға ие болды.

Нұржайна ШОДЫР.