Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті балл ала алмай қалған түлектер үшін алдағы тамыз айында тағы бір мүмкіндік берілмек. Яғни, бұл жолы талапкерлер тест тапсырып, соның нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Қазіргі таңда аталмыш білім сынына өтініш қабылдау басталды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, тамыз айындағы ҰБТ-ға өтінімдер қабылдау осы жылдың 30 шілдесіне дейін жалғасады. Оған тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі. Ал тестілеу шарасы 10-15 тамыз аралығында өтеді деп жоспарлануда. Талапкерлер тіркелу кезінде емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Бұл сынаққа осы және өткен жылғы мектеп, колледж түлектері, қандастар, сондай-ақ, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға немесе өзге мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер де қатыса алады.
Айта кетерлігі, биыл тестілеуден қазақстандық түлектердің 42 мыңнан астамы, ал павлодарлық талапкерлердің 24 пайызы сүрініп, шекті балл жинай алмаған болатын. Бұл жолы осы балалар тағы да бақ сынап, жоғары оқу орындарының студенті атану мүмкіндігін иеленбек. Ендеше, барлық талапкерге сәттілік серік болсын дейміз.
Н.АҚЫТЕГІ.