Талғам таразысы

Мау 26, 2025

Академик Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы «Қара сөз және дарынды сөз жүйесі» атты ғылыми-танымдық баян-пайымында қазақтың тұлғатану ілімінің қилы аспектісіне терең бойлаудың озық үлгісін көрсете алған. Қаламгер ғалым тұлғатану ілімінің қағидаттары үдесінде  көпшілікке мәлім-беймәлім тұлғалардың өміри жолына барлау жасап, кейіпкерлерінің шығармашылығы мен қоғамдық қызметінен туындайтын қоғамдық танымдық-тәлімдік, тағылымдық әсер-ықпалын жіті таразылайды.

Нәтижеде қазақ мәдениеті мен ғылымындағы бірегей тұлғалардың мұрасын зерделеуге, олардың өміри ұстанымдарын, идеяларын бүгінгі жаңа ұрпақ өкілдерінің назарына іліктіреді. Алғашқы «Барлау» бөлімінде қазақ өркениетін дамытуға елеулі үлес қосып, елтанушылық, ағартушылық салада түрен түрген, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің тұғырлы тағындағы тұлғалардың өзіндік көзқарастары таразыланса, «Бойлау» бөлімінде тіл білімі қайраткерлерінің толымды тұжырымдары сарапталады. Ал «Байлау» бөлімі қазіргі қазақ қоғамындағы сан алуан қилы ғылым саласы өкілдерінің, елге елеулі азаматтарының төккен терін бағалауға, саралауға бағытталған.

Аталмыш еңбекте автор тарапынан тереңдете түйінделген тұжырымдар кім-кімді де ойлантпай қоймайды. Ұсынылған туындыдағы әрбір көргені көп кемелдің, жеткені көп беделдің, өміртанудың қалтарысты иірімде-рінің тұңғиық тереңіне бойлай білген зерде мен зейіннің айтқандары көпшілікке ағыл-тегіл ой салады. Танымал ғалымның тыңғылықты толғамдары осы қырымен құнды. Еңбек мәдениеттану, кітапхана ісі, сондай-ақ өзге де ғылым, ілім, ағарту, тәрбие саласының кәсіби мамандарының ойына ой қосар баға жетпес ғылыми әрі көсемсөздік саптағы көмекші құрал бола алары даусыз.

Біздіңше, еңбектегі автор қара сөзі ғалам, Құдай, ғылым, әлеумет тұрғысынан таразыланып, үгіт-тәрбие, сын тарапынан өріле баяндалып, шешен-ғалымның дарынды сөзі қалыбында айқындала айшықталған. Автордың дарынды сөзі ақындық арқалы акордпен игеріле келе, кейіпкер-тұлға келбетін әуезді толғап, көріктей сомдағанына сеніміміз мол. Ақырында автор өткенді-бүгінді заманда қазақ өркениетін дамытуға тағылымды ой қоса қарекет қылған ұлт әдебиеті мен мәдениетінде тұғырлы орны бар толағай тұлғаларға орайлас тосын тұжырымдар жасаған. Мәселен, біз үшін Абайдың рухани мұрасы тұлғаны түзетудің, түлетудің катализаторы болса, автор Абай Құнанбайұлын қазақтың темірқазығы тұрғысында шегелей айтып, Абайдың қазаққа ғана емес, күллі адамзат әлеміне нұрлы ақыл мен жылы жүрек боларын шерте келе, қазаққа біткен ыстық қайрат болмысына бойлатады. Бүгінгі катаклизм мен апокалипсистен тұратын алай-түлей әлемде адам баласының  осы үштік (ақыл, жүрек, қайрат) тұғырға арқа сүйей ұшпаққа жетерін ойлатады.

Еңбек авторы: «Асан Қайғы бабам Шыңғыстау аймағындағы Орда тауының басына шығып тұрып: «Ойпыр-ой, мына Шыңғыстың жерінің құтыруын-ай! Шөбінің құдіреті ғой бәрі. Мұның шөбін жеген мал, малын жеген адамында тыныштық болмас. Әлем жүзіне өзін танытпай қоймас» деген екен. Сол әлем жүзіне танылған тұлғаның бірі Мұхтар Әуезов екеніне күмән жоқ және көзіміз де жетті», — деп  сәтті ой түйеді. Енді бір мезетте: «Сол уақыт шеңберінде «талтаңбайлық» пен «мырқым-байлықты» шымбайға батырған Бейімбет болса, арқан тастам биік-тікте шырылдаған «Бозторғай» Сәбит Дөнентаев еді. Бұл екі арыс қазақ сықағының керегесін керіп, адалбақанын аспандатқаны да сөзсіз», — деп орынды күйеді.

Автор тіл білімінде ірілі-іргелі тиянағы бекем ғалымдардың тұжырымдарын өзінше сараптап, арысы жүз жылдық, берісі бүгіндік белсенді ғалымдардың бәсін түстей алғаны да рас. Дәлеліміз автордың алтын қаламының ұшынан өріле құлаш жайған мына мезеттер: «Қазақ білімінің адалбақаны Ахмет Байтұрсынов еді. Қазақ ғылымының адалбақаны Құдайберген Жұбанов болды.

Білім мен ғылымның негізін салған алаштық қос азамат қазақ тілінің теориясын қалыптастырған іні-бауырларын бауырына тарта алды. Қазақ тіл білімі ғылымының уығын қадау Сәрсен Аманжолов, Ахмади Ысқақов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев сынды аға ғалымдардың пешенесіне жазылыпты. Әрине, әр есімі менмұндалайтын тұлғалар жүрген сахнаға жақын жүру әркімге арман болды. Ал сол сахнаның белді ойыншысы болу бәрінің бағына баланбаған еді»… Не болмаса: «Барша қазақ баласы басына небір зұлмат күндер туса да, тілін жоғалтпаған. Қайта, бесіктегі бөпесінің құлағына құйған, қаз-қаз тұрғызып, тәй-тәй жүргізген. Сөйтіп ғылым тіліне жеткізген.

Қазақ тілі Ахмет Байтұрсыновпен бекіп, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжоловпен қанаты қатайған. Нығмет Сауранбаев, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ахмади Ысқақов ізденістері бүгінгі белестердің алғашқы көкжиегі болатын. Кешегі Сейіл Исаев, Қайырболат Есенов, Төлеубай Қордабаев, бүгінгі аға буын ғалымдарымыздың бүкіл түркологтар үшін ашылып-ашылмаған академик екендігі даусыз»… Қол соға құптауға әбден лайық дарын сөз үздігі дерлік!..

Туынды туындыгеріне тоқтала туралай айтсақ, қоғам тек зиялы қауым өкілдерімен ғана бағаланбасы ақиқат. Автордың орталықтан тыс аумақтарда (периферия) мемлекеттік міндеттемелерді тер төге атқарып жүрген тұлғалардың кешенді іс-әрекеттерінің өзі тұлғалық бейнені қалыптастыруға белгілі деңгейлік тұрғыдағы шарт боларын ұғыну бағытындағы олқылықты да толтыруға қарымды қадам жасай алғанын қалай айтпассың. Мәселен, бұл ретте автордың: «Нақты бодандықтың қамыты киілгенін сүт бетіне шыққан қаймақтары ғана ұқты. Тарихта «алашордалықтар» деп аталған аға буын өкілдері қазақ ұғымына «ұлт», «ұлтшыл», «ұлттық» сынды қасиетті сөздерді де сіңіріп кетті. Қазақ ұлтының тағдыры жан-жақты шыңдалған, әлемдік деңгейдегі абыройға ие Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ ұлдарының қолына тиді. Үш жылға жетер-жетпес қана ғұмыры болған Алаш мемлекеті алдыңғы көп ғасырлық, онан кейінгі үш жүз жылдық, онан соңғы 150 жылдық уақытта атқарылмаған, анығында басталмаған істі шешіп берді» деуі имандай шындық емес пе, ағайын!..

Баян-пайымында кейіпкерінің біріне автор былайша дарын сөзін арнағанын оқыдық: «Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңызындағы» Алексей Мересьевтің жығылып сүрінгені бүк пен шіктей әсер етті. Сіз елуге келгенде асықтың тәйкесі едіңіз де, алпыста асығыңыз алшысынан жаңылмаушы еді ғой. Тіпті, қазірдің өзінде қазақтың Мересьеві өзіңіз екенсіз-ау: жас келіп, шаштың қысқарғаны болмаса, ашылған маңдай мен ақ селеу түскен құнанбай бастың сол Мересьевтің өзін шаң қаптырып кететінін көріп отырмын»… Паһ! Жаса, Бекен бауырым! Айтсаң, осылай айт!.. Бұл дегеніңіз – «саңырау еститіндей, соқыр көретіндей» сөз саптау емес пе! Текті сөз тегін өріле ме?! Осылайша сипатталған дарынды сөзге сарыарқа мінезді қазақы қара сөздің иесі Зейнолла сынды ағамыз елжіремей қайтеді!.. «Уақыт тас-екеш тасты да тоздырар» деген. Шын көңілден шыққан асыл сөз қара тасты да жібітері, қаптаған қалың қара тұмандай қайғыны да тарқатары мәлім емес пе!.. Өкініштісі, қазағымыздың қаншама нар тұлғалы ұлдарының жанқиярлық еңбегі елеп-ескерілмей жатыр десеңші!..

Қысқасынан айтқанда, еңбек авторы профессор Бекен Сағындықұлының пейілі пәк, сөзі ақ. Қолыңызға алған баян-пайымның құндылығы күмәнсіз!.. Тілеріміз: Бекен сынды ақ пейілді адал азаматымыз, көсемсөзші-ғалым бауырымыз қиялы жетпесті көргей, арманы жетпесті білгей! Аманшылықта, саушылықта жүргей! Тұлғатану, елтану ісінде ойы у болмағай, сөзі су болмағай, үміті бу болмағай! Әумин!

Абат Қыдыршаев,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Қоғамдық
даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.