Бұдан былай оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға заң бойынша тыйым салынбақ. Жақында Парламент Сенаты мектеп құзыреттілігіне қатысты тиісті заңды бірауыздан мақұлдады. Енді Президент қол қойса, ереже күшіне енбек. Бүгінде осы шектеу-талаптарға қатысты жекелеген азаматтар тарапынан сыңаржақ пікірлер білдірілуде. Ұстаздар қауымы мектеп өміріндегі өзгерісті қуана қарсы алса, кейбір ата-аналарға бұл жаңалық түрпідей тиді. Сонымен, телефонға тыйым салу арқылы оқушы үлгерімін арттыра аламыз ба? Уақытын білімнен гөрі, интернеттегі «қызықтарды» тамашалауға жұмсайтын ұрпақтың тәрбиесіне кім жауапты? Қоғам талқысына түскен аталмыш мәселе төңірегінде ой қозғап, «Алаң» қатысушыларының алдына шығардық.

 

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР Оқу-ағарту министрі (пікір интернеттен алынды):

— Мектеп негізінен сапалы білім мен сапалы тәрбие беруі керек. Сондықтан да, оқушы сабақ барысында мұғалімнің беретін материалдарын толық меңгеріп, білімін шыңдауы қажет. Әрине, бүгінгі таңда біздің балаларымызды осы смартфондардың ішіндегі дүние алаңдататыны белгілі.

Бүгінде ел бойынша ұялы телефондарға енгізілген шектеу шаралары ата-аналар мен мұғалімдердің өтініштері мен арыз-шағымдары нәтижесінде қолға алынды. Тағы да айта кетейін, бұл — смартфонды тек сабақ кезінде пайдалануға тыйым салатын заң. Ал сабақ біткен соң, сабақтан тыс уақытта оқушы ұялы телефон арқылы ата-анасымен байланысуға құқылы. Бұл тек қана оқушылар үшін сабақ уақытында енгізілетін шектеу деп қабылдауымыз керек.

Асылбек НАУРЫЗБАЕВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

—  Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі білім мекемелерінде смартфон қолдануға тыйым салмақ. Осыған байланысты ата-аналар арасында түрлі шағымдар айтылып, түсініспеушілік орын алуда.

Қазіргі уақытта бесіктен енді ғана белі шыққан бүлдіршіннің өзі заманауи құралдың тілін жетік меңгерген. Бұрынғы жастар «аттың құлағында ойнайтын болса» қазіргі жас ұрпақ «ұялы телефон мен интернеттің құлағын» тең ұстайды. «Заманына қарай адамы» деген тәмсілді ескерсек, мұның артықшылығы да бар. Көштен қалмай, жаңа дүниенің тілін білгенге не жетсін? Сол себепті, дамыған елдің бәрі заманауи технологияларға көңіл бөліп жатқан кезде, біздің одан бас тартуымыз қызық. Қазір тіпті мобилография деген мамандық бар. Телефонды шектеу арқылы оқушылардың үлгерімі артып кетеді дегенге күмәнім бар.

 

Жанаргүл АЯПБЕРГЕНОВА, ардагер ұстаз, Ақсу қаласы:

— Ұялы телефон ұстаған оқушы сабақ оқитынына күмәнім бар. Мұны жеке тәжірибемнен айтып отырмын. Осы ұялы телефонның арқасында мектеп өмірі қаптаған селфиге толып, оқушы білімі төмендеп жатыр.

Ұялы телефон ұстап отырып, кітап оқып көріңізші. Басыңызға түк те кірмейді. Сол себепті сауаты аз, кеудесі қуыс ұрпақ қалыптасуда. Сосын кім кінәлі? Әрине, бәрін мұғалімге жабады. Ал үйде ата-ана сүттен ақ, судан таза ма? «Мектеп» деген білім ұясынан ұялы телефонның беделі жоғары боп тұр. Кейбір оқушылар сабақ үстінде де әлеуметтік желіге кіріп, көңілін басқа нәрсеге бұрып жатады. Мұны мұғалім білмейді емес, біледі. Бірақ соған қарамастан оқушының қолындағы смартфонды тартып алуға құқығы жоқ. Себебі қазіргі балалар қит етсе, бейнеге жазып, әп-сәтте ғаламтор «жұлдызы» етіп жіберуі ғажап емес.

 

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек  МҰҚЫШЕВ.