Елімізде наурыз айында өтетін тестілеуге өтініш қабылдау жүріп жатыр. Алайда алдағы уақытта бұл жүйеге бірқатар өзгеріс енгізілуі мүмкін. Яғни, «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер мен толықтыру енгізілмек. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің аталған өзгерістер енгізілген құжаты ашық НҚА порталында жарияланды.
Көпшілікке ұсынылып, қоғамдық талқылауға шығарылып отырған құжатқа сәйкес, алғаш рет қағидаларға академиялық адалдық ұғымы енгізілмек. Мамандардың айтуынша, бұл — ҰБТ тапсыру кезінде әр тестіленушінің мінез-құлқын анықтайтын моральдық-адамгершілік нормаларының, принциптері мен құндылықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Сол арқылы түлектерді көшіруден аулақ болып, сынақты өз білімімен әділ тапсыруға үйрету көзделіп отыр. Өйткені, жыл сайын жүздеген талап-кердің тест нәтижесі жойылып, сағы сынуда.
Сондай-ақ, жаңа өзгеріс бойынша түлек ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш білдіріп, көрсетілген күні тестілеуге қатыса алмаса, тестілеу өткізілетін күндері аудиторияда орын болған жағдайда және нақты дәлелді себептер бойынша ҰБТ-ны өткізу кезеңінде келесі күндердің бірінде қатысу мүмкіндігі берілмек. Ол үшін тест тапсырушының денсаулық жағдайын растайтын №026/е нысанына сәйкес дәрігерлік-консульта-циялық комиссияның қорытындысы, тестілеу өткізілетін күнмен сәйкес келетін ауру тарихы бар үзінді көшірмесімен медициналық картасы болуы тиіс. Сонымен қатар, талапкер министрлік бұйрығымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына, спорттық жарыстарға, кәсіби шеберлік сайыстарына қатысқан жағдайда да тестілеу күнін өзгерте алады.
Электрондық форматтағы ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн режимде құжаттар қабылдау уақыттары да өзгереді. Атап айтқанда, күнтізбелік жылғы 20 желтоқсан мен 30 желтоқсан аралығы, 10 сәуір мен 25 сәуір аралығы, 25 шілде мен 5 тамыз аралығы.
Ал электрондық форматтағы ҰБТ өткізу мерзіміндегі өзгерістер мынадай:
— күнтізбелік жылғы 1 наурыз бен 11 сәуір аралығы;
— 10 мамыр мен 10 шілде аралығы.
Күнтізбелік жылғы 10 мамыр мен 10 шілде аралығында ҰБТ тапсыратын тұлғалар үшін бейіндік пәндер комбинациясын өзгертуге жол берілмейді, дейді мамандар.
Н.АҚЫТЕГІ.