Түлектердің он бір жыл бойы орта мектепте алған білімін таразылап, таңдаған мамандығының тағдырын шешетін ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны өз мәресіне жетті. Сонымен, қорытынды қандай?
Орташа балл — 68!
Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер қатысып, білім грантын иелену үшін екі рет бақ сынады. Яғни, осы екі мүмкіндікті есепке алғанда мектеп бітірушілер 326 мың рет ҰБТ тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 75,1 пайызы қазақ тілінде, 24,8 пайызы орыс тілінде, ал 168 түлек ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Талапкерлердің 76,4 пайызы, яғни 139 мың бала шекті балл жинады. Сондай-ақ, орташа балл көрсеткіші — 68, ең жоғары балл — 140. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, бір бала ең жоғары 140 балл жинаса, екі түлек 139 ұпай алған.
— Жоғары балды еншілеген үш талапкер де — ауыл мектептерінің бітірушілері. Бір ұпай жинаған түлек те бар, — деп атап өтті комитет төрағасы.
ҰБТ-да 641 ерекше білім беру қажеттілігі бар адам бақ сынады. Өкінішке қарай, осы жылы да ереже бұзу оқиғалары орын алды. Тестілеу талаптарын сақтамағаны үшін 628 түлектің нәтижесі жойылды. Олардың қатарындағы 393 мектеп бітіруші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылса, тестілеу кезінде тәртіп бұзған 188 адам аудиториядан шығарылды. Ал бейнежазбаларды тексеру барысында 47 талапкердің ережеге бағынбағаны анықталып, нәтижесі бірден жойылған. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, бұрынғыдай аудиторияға бөгде тұлғалардың кіріп кетуі сынды фактілер тіркелмеген. Бірақ бұл жолғы тест науқанындағы бейнежазбалар ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін қатаң сүзгіден өтеді, дейді мамандар. Егер тестілеу талаптарын бұзған талапкерлер анықталса, олардың гранттары кері қайтарылатын болады. Сонымен қатар, биыл 65 мыңнан астам апелляциялық өтініш келіп түскен.
Аймақтағы ахуал қалай?
Осы жылы облыс бойынша 5 388 түлек ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Олардың 49 пайызы қазақ тілінде, 50 пайызы орыс тілінде, 10 адам ағылшын тілінде білімін сынады.
Тестілеу қорытындысы бойынша павлодарлық түлектердің 76 пайызы шекті балл жинаған. Орташа балл – 69, ең жоғары балл — 137. Мұндай жоғары ұпайды екі талапкер еншіледі. Атап айтар болсақ, олар —
дарынды балаларға арналған Павлодар қаласындағы Абай атындағы гимназия мен Ақсу қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы гимназияның түлегі. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасаудың арқасында 27 талапкер тестке қатысты. Ереже бұзу оқиғасы да тіркелді.
— Бүгінгі таңда 13 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 6 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң 2 адамның ереже бұзғаны анықталды. Олардың да тест нәтижесі есепке алынбайды, — делінген ұлттық тестілеу орталығы ұсынған ақпаратта.
Мадияр ЕРКЕБҰЛАН, Павлодар қаласы, Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:
— Шүкір, мен ұлттық бірыңғай тестілеуден 127 балл алдым. Бастысы, талапкер зейін қойып дайындалып, еңбектену керек екенін түсіндім. Маған ұстаздарым көмектесті және осы оқу жылында қосымша білім беру орталығына да бардым, көп іздендім. Еңбегім еш кеткен жоқ. Мақсатым — Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, шет тілінің маманы атану. Сабақ үстеліме сол оқу орнының суретін әкеліп қойдым. Оған қараған сайын білімге деген құштарлығым арта түсті. Адам әр іске кіріспес бұрын осылай өзін ынталандыру керектігін, оның пайдасы көп екеніне көзім жетті.
Әрине, менің әр жетістігім ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Сол үшін мектеп мұғалімдеріне алғыс айтамын.
Томирис ДҮЙСЕМБАЕВА, Павлодар қаласындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:
— Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқимын және осы саланың маманы болуды мақсат еттім. 5-сыныптан бастап қазақ тілі пәні бойынша өткен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Республикалық білім додасында да бақ сынап, қола медальға қол жеткіздім. Сондықтан да болар, тестілеу тапсырмалары соншалықты күрделі болған жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 135 балл алдым. Онлайн курстар арқылы дайындалдым және көп көркем шығарма оқыдым. Бұл ретте, ұстаздарымның да еңбегі зор екенін ерекше атап өткім келеді. Оларға ризашылығымды білдіремін.
Амандық болса, Астана қаласында жаңадан ашылғалы жатқан Абай атындағы университеттің филиалына оқуға түсемін деген жоспарым бар.
Нұржайна ШОДЫР.