Жыл сайын оқу жылы аяқталғаннан кейін балалар жазғы лагерьге асығатыны анық. Оқушылардың жазғы демалысын көңілді әрі қызықты ұйымдастыру мақсатында облыста 1-10-сыныптар аралығында 48 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 31 мектепте әрқайсысы 15 күнге созылатын екі маусымда күндізгі лагерьлер ашылды.
Аталған лагерьлер 1-4-сынып оқушыларына арналған. Онда
15 мыңнан астам бала қамтылған. Бұл оқушылардың жалпы санының
70 пайызын құрайды. Мектеп жанындағы лагерьлердің бірінші маусымы 3-21 маусым аралығында, екінші маусымы 24 маусым мен 12 шілде аралығында өткізілді.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше назар аударылады. Жетім, қамқоршылары бар отбасыларда тұратын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары жергілікті бюджет қаражаты есебінен демалып, сауығады. Мұндай балалардың жалпы саны 3370-ті құрайды.
Мәселен, осы жылдың жазғы кезеңінде Павлодар қаласының білім беру бөлімінің «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында 886 баланы қамтитын
7 маусым өткізу жоспарланған.
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Ернар Садуовтың сөзінше, 1 маусымнан бастап жалпы саны 406 баланы қамтитын үш ауысым өткізілді. Жеті ауысымда 886 баланы қамту жоспарланған. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 24 тегін жолдама, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан оқушыларға жеңілдікпен 63 жолдама, белсенді, қоғамдық қызметте және оқуда табысқа жеткен балаларға 72 тегін жолдама берілді.
– 247 жолдама ата-аналардың қаражаты есебінен сатып алынды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше назар аударылады. Жетім балалар, қамқоршылары бар отбасыларда тұратын, яғни ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балалары жергілікті бюджет қаражаты есебінен демалып, сауығады. Мұндай 3370 оқушы бар, – деді Е.Садуов.
«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалу ақылы негізде 10 күнге 25 мың теңгені құрайды. Қазіргі күнде үшінші ауысымға 127 оқушы келген. Орталыққа көбінесе қалалық мектептерден балалар келіп, демалады. Таза ауада палау, бауырсақ пісіруді, құрт жаюды, жүн түтіп, ұршық иіруді үйренуде. Сондай-ақ, балалар бос уақытта қосымша кітап оқып, алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін меңгереді.
– Балаларға күніне бес рет технологиялық карталар бойынша дайындалған тамақ беріледі. Яғни, тек пайдалы тағамдар. Балалар жақсы көретін фаст-фудтар берілмейді. Аллергиясы бар балаларға да баса назар аударып, керек болған жағдайда тамағын басқа тағамға ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, балалар күнде оттегі коктейлін ішеді. Бір оттегі коктейлінің пайдасы қарағай орманында үш сағаттық серуенге тең, – дейді орталық басшысының міндетін атқарушы Маржан Қасенуәлиева.
Аталмыш оқу-сауықтыру орталығы пайдалануға берілген сәттен бастап күрделі жөндеуден өтпеген. Ғимарат 1988 жылы салынған. Орталықтың айналасы таза болғанымен, корпустар мен коммуникациялар ескірген. Тіпті, балаларға арналған жатын бөлмелерде есіктер жоқ. Оның орнына перделер ілінген. Биыл жылыту жүйесін, электр сымдарын жаңартып, пластикалық терезелер мен қосымша бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, сигнал болмағандықтан мобильді интернет жұмыс істемейді. Wi-Fi желісіне қосылу арқылы балаларға телефон күніне бір рет бір сағатқа беріледі.
– Балалар жақындарымен күніне бір рет байланысқа шығады. Ата-аналар балалардың телефондарынан үзіліс алғанын көбінесе құптайды. Оқушылар демалуға келгенде біз ата-аналармен WhatsApp желісінде топ құрып, тәрбиешілер олармен байланыста болады. Телефонсыз-ақ түрлі бос уақытты қамтитын шаралар ұйымдастырылады, – деді М.Қасенуәлиева.
Айта кетейік, балаларды толық сауықтыру және бос уақытын өткізу үшін 7 жоба жоспарланған. Олар оқушылардың білім, аспаздық сынды дағдыларды меңгеріп, ұлттаралық мұраны сақтауға, табиғатты аялауға, денсаулықты сақтауға және адамгершілікке тәрбиелейді.
— Жазғы ауысым барысында «Мен көшбасшымын!» президентті, орталық министрлерін сайлауы өткізіледі. Келу күні қауіпсіздік шараларын сақтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша профилактикалық әңгімелесу жүргізу мақсатында сала мамандары арнайы шақырылады.
Одан бөлек, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы Жастар бастамаларын дамыту орталығымен, «Домовята» театр шеберханасымен және Павлодар қалалық Естай атындағы мәдениет үйімен бірлесіп, іс-шаралар, тақырыптық кездесулер өткізеді.
Айдана БОРАНБАЕВА.