Айтулы мереке қарсаңында Аққулы ауданы Тілектес ауылында салтанатты түрде жаңа мектеп ашылды. Жаңа орта білім беру ордасының құрылысы сәуір айында қолға алынып, жаңа оқу жылының қарсаңында аяқталды. Жиынға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Оқу ордасының ғимараты өткен ғасырдың 30-40 жылдары ауылдың алғашқы мектебінің орнында бой көтерген. Заманауи тұрғыда салынған мектепте оқушыларға 70, шағын орталықтағы 20 бүлдіршінге арналған орын бар.
Бұған дейін оқушылар 1972 жылы қамыстан салынған ғимаратта оқыған. Оқу сыныптары суық, оқу жағдайлары шектеулі болғандықтар ауыл тұрғындары тарапынан шағым түскен.
– Көктем мезгілінде осы ауылдың тұрғындарымен кездескенде жаңа оқу жылына мектеп құрылысын аяқтаймыз деп уәде берген едік. «Айтылған сөз, атылған оқ» дегендей, сөзімізде тұрып, бүгін жаңа оқу ордасының ашылуына келіп отырмыз. Болашақта бұл мектептің түлектері еліне адал қызмет ететін азамат болуын тілеймін, – дейді аймақ басшысы Асайын Байханов.
Тілектес орта білім беру мектебінің директоры Айнұр Бекбауованың айтуынша, ауылда бұрын-соңды спорт алаңы бол-маған. Оқушылар бұдан былай волейбол, баскетбол ойындарына қатысып, аудандық және облыстық деңгейдегі сайыстарда бақ сынасуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, мектепте 14 оқу кабинеті, мәжіліс және спорт залдары, асхана, медициналық кабинет және психолог кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Ауыл ақсақалдарының бірі, аудан тумасы, елге танымал қоғам қайраткері Тито Сыздықов балалық шағын еске алып, ауылдың көркеюіне ризашылығын білдірді.
– Осы ауылда жеті жасқа дейін тұрдым. Ауыл үлкендерінен естіген ашаршылық жылдардың, қиын-қыстау кездердің ащысын татқан оқиғалары әлі күнге дейін есімде. Бұл ауылда бірі көшіп, енді біреуі қайтып келді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылды жабудан аман алып қалдық. Енді, міне жаңа мектеп ашып, білімді жастар қатарын толықтырамыз, – дейді ол. Аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлшат Батталова мемлекет басшысы мектеп бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізу туралы тапсырма беріп, Тілектес мектебі аудан бойынша ЖИ енгізілген алғашқы пилоттық білім ұясы болатынын, сондай-ақ соның ішінде ЗD принтер қойылған айтты.
Салтанат ҒАББАС.
Аққулы ауданы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.