Павлодар қалалық №2 балалар кітапханасы 8-ші шағын аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесіп Рухани келісім күніне орай «Тағдырымыз да, тілегіміз де – бір» атты диалогтық кездесу өтті. Оған бірлестіктің мүшелері және жастар қатысты.
Бұл күн Қазақстанда дүниежүзілік деңгейдегі теңдессіз оқиға — рухани келісімінің алғашқы әлемдік конгрессі өткен 1992 жылдан бастау алады. Өйткені, 17 конфессия мен 140-тан астам ұлт өкілінен тұратын еліміз үшін рухани келісім, тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарбек Маусымбаевтың ұйымдастыруымен шараға «Ақ мешіт» мешітінің наиб имамы Ерболат Бейсенбин, католиктер шіркеуінің басшысы Бортчак Томаш Павел, Михаил Архангел шіркеуінің қызметкері Владимир Брюханов шақырылды. Олар өздерінің қызметі жайлы ақпарат беріп, жиналған қауымды татулыққа, мейірімділікке шақырды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарбек Маусымбаевтың сөзінше, мұндай рухани шаралар түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бар жандарды біріктіреді дейді.
— Бүгінгідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау — өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, діндер арасындағы үнқатысуды дамыту — бүкіл әлемдік жауапкершілік. Біз де өз үлесімізді қосудамыз. Ұлттар арасындағы бейбітшілікті, келісімді насихаттау мақсатында №2 балалар кітапханасымен бірлесіп, осындай шара өткіздік. Кездесуге жастарды да тарттық, — дейді С.Маусымбаев.
«Ақ мешіт» мешітінің наиб имамы Ерболат Бейсенбиннің сөзінше, күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама.
— Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Елдің әлеуметтік-экомикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген, — дейді Е.Бейсенбин.
Жиын барысында қатысушылар арасынан сауалдар туындап, оларға тұщымды пікірлер айтылды.
А.БОРАНБАЕВА.