Білім беру саласында зор еңбек сіңіріп, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиесіне үлес қосып жүрген жандар көп. Осы салада тынбай еңбек етіп жүрген білікті мамандардың бірі — Мәдина Дәркенқызы Мұсабекова.

Болашақ мұғалім Павлодар педагогикалық институтын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Ақтоғай ауданы Октябрь орта мектебінде бастайды. 1997 жылдан бастап Павлодар қаласының №7 жалпы орта білім беру мектебінде қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі болып еңбек етті. 2005 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. №7 мектепте 26 жыл табан аудармай еңбек еткен ол мектептің жұмысымен біте қайнап келеді. №7 мектептің мемлекеттік тілде оқытатын мектепке ауысу жұмысы бірден бола қойған жоқ. 2006 жылдан бастап осы мақсатта қаншама жұмыс атқарылды. Мәдина Дәркенқызы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде осы жұмыстың басы-қасында жүрді. Сондықтан бүгінгі таңда білім ошағының толыққанды мемлекеттік тілде оқытатын мектепке айналуына қосқан үлесі зор.  18 жылдан астам уақыт бойы оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Мәдина Дәркенқызы мектептегі оқу процесінің сапасын бақылауды, оқу жоспары мен бағдарламалардың орындалуын, білім алушылардың ағымдағы үлгерімін, аралық және қорытынды аттестаттауын өткізу және дайындау бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Біліктілігінің арқасында бірнеше жыл қатарынан «Алтын белгі» үміткерлерінің құжаттарын тексеру жөніндегі облыстық мониторинг тобы құрамында жұмыс атқарады. Еңбекте жеткен жетістіктері үшін салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы, облыстың білім саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен кәсіптік қызметіндегі жоғары көрсеткіштері үшін Павлодар облысының білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен, Павлодар қаласы  әкімінің сыйлығымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Меңтай МҰХТАРОВА,

Павлодар қалалық №7 жалпы орта білім беру мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.