Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырудың маңызы зор. Осы мақсатта облыс ұстаздарына арналған оқу курстары жиі ұйымдастырылуда. Мәселен, биыл 1-12 сәуір аралығында 250-ден астам павлодарлық мұғалім арнайы курстан өтуде. Бұл жөнінде кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының директоры Роза Әшімбетованың айтуынша, қазіргі таңда орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері үшін бюджеттік біліктілікті арттыру курстары өтуде. Сол арқылы мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламаларын меңгеріп, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алмақ.
— Бүгінде «Өрлеу» акционерлік қоғамы 41 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Ағымдағы жылы республика бойынша 68 мыңнан астам, ал аймағымыздан 3 139 педагогті оқыту жоспарлануда. Курстар барысында мұғалімдердің кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету және білім беру стандарттарын жақсартуға ерекше мән беріледі. Ол үшін барлық филиалдың оқытушылары өзекті мәселелер бойынша алдын ала арнайы курстарда оқытылады. Біздің институтымызда профессорлық оқыту құрамы тек 11 педагогті құрайтындықтан, курстарды өткізу үшін «шебер» немесе «зерттеуші» санаты бар тәжірибелі педагогтерді де жұмылдырамыз. Айталық, биыл қаланың жоғары оқу орындары мен мектептерінен осындай 6 педагог шақыртылды. Мұндай ынтымақтастық біз үшін ғана емес, сол мұғалімдер үшін де тиімді болмақ. Олай дейтінім, олардың кәсіби тұрғыда дамуы, көшбасшы ретінде әріптестерінің арасында танылуы және білім беру тәжірибесінің жаңартылуына оң әсерін тигізетіні байқалады, — деп атап өтті Роза Әшімбетова.
Баспасөз мәслихатында өз білгенін әріптестерімен бөлісіп, курс өткізіп жүрген Павлодар қаласындағы №35 мектептің тәжірибелі мұғалімі, бірқатар байқаулардың жеңімпазы Айбек Камиль де сөз алды. Ол әсіресе шалғайдағы мектеп мұғалімдерімен жұмыс істеуге басымдық бергенін айтып, шағын жинақты мектептерде пәндерді оқытуда цифрлық ресурстарды қолдану тақырыбында курстар ұйымдастырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, білікті педагог курс аяқталғаннан кейін де әріптестерімен араласып, пікір алмасып, ақыл-кеңесін айтудан аянбайтынын жеткізді.
Жиында мұғалімдердің шеберлігін шыңдау әрі озық педагогикалық тәжірибені үлгі ретінде көрсету мақсатында түрлі конкурстар ұйымдастырылып тұратыны да баяндалды. Мәселен, жыл сайын облыстық, республикалық деңгейде «Педагогикалық шеберлік», «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Менің Қазақстаным» сынды ауқымды байқаулар ұйымдастырылуда. Баспасөз мәслихатында аталмыш конкурстарда жеңімпаз атанып, облыс намысын қорғап жүрген дарынды ұстаздар да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Нұржайна ШОДЫР.