Ақсу қаласында студенттер мен жас мамандар арасында «ERGSkills» байқауын ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Кәсіби шеберлік сынға түсетін бұл сайыс барысында қатысушылар түрлі тапсырманы орындап, өзінің мықтылығын дәлелдеуі тиіс. Бұл – шыңдалудың, тәжірибе алмасудың таптырмас алаңы.
Таяуда Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде «ERGSkills-2025» III аймақтық кәсіби шеберлік байқауының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Бұл — Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы оқу орындары мен кәсіпорындарының 40-қа жуық студенті мен жас маманы қатысқан ауқымды чемпионат.
Байқау төрт өзекті құзыреттілік — қалып жасау ісі, электрмонтаждау, өндірістік автоматика және CAD инженерлік графикасы бойынша ұйымдастырылды. Сайыс «WorldSkills» халықаралық стандарттары негізінде өтті. Сол арқылы өңірдің ең дарынды, бастамашыл және болашағы зор жас мамандарын анықтауға мүмкіндік берді.
Қатысушылардың дайындығын, тапсырманы орындау деңгейін сарапшылар қарады. Олардың бірі — Ақсу ферроқорытпа зауытының бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика цехының жабдықты жөндеу және тексеру учаскесінің бастығы Александр Конев.
— Бұл сайыс – студенттер мен жас мамандар үшін білімін ортаға салып, кәсіби дайындығын көрсететін жақсы алаң. Олар схемалар мен ережелер бойынша тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Осындай дағдылар алдағы уақытта өндіріс процесінде қажет болады, — дейді ол.
Өз кезегінде «ЕЭК» АҚ өндіріс жөніндегі директоры Әлімжан Тілеумағамбетов аталмыш байқау кадрлық резервті қалыптастыруға көмектесетінін алға тартты.
— Байқау барысында қатысу-шылардың ынта-жігерін, дайын-дығын, жеңіске деген құлшынысын байқадық. Жалпы, соңғы уақытта жастардың жұмысшы мамандықтарды таңдап, сол бағытта еңбек етуге, қызметтік сатыда жоғарылауға деген талпынысын құптаймыз әрі әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Байқаудың бұған дейінгі кезеңдерінде топ жарған жастар бүгінде сарапшы қызметін атқарып отыр. Араларында тәлімгер боп жүрген жастар да бар. Шын мәнінде кәсіпорында қызмет етуді қалайтын, сапалы білім алған студенттерді өз кәсіпорындарымызда күтеміз, — деді Ә.Тілеумағамбетов.
Байқау қорытындысы бойынша қалып жасау ісі құзыреттілігі сарапқа салынған сында бірінші орынды Павлодар машина жасау колледжінің студенті Карина Оленбург жеңіп алды. Торайғыров университетінің студенті Нығмат Қабылов пен түсті металлургия жоғары колледжінің студенті Кирилл Бессонов екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Ал электрмонтаждау бағытында Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің студенті Максим Сорозидинов үздік деп танылды. Екінші орынды түсті металлургия жоғары колледжінің студенті Александр Беляев иеленсе, үштікті Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінің студенті Александр Четвериков түйіндеді. Өндірістік автоматика саласында Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің студенті Валерий Кондрушин алдына жан салмады. Павлодар поли-техникалық жоғары колледжінің өкілі Ярослав Демура екінші, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ филиалы – «Шығыс» кенішінің қызметкері Илья Бездольный үшінші орын иегері атанды. Төртінші құзіреттілік — CAD инженерлік графикасы бойынша бірінші орынға Павлодар машина жасау колледжінің студенті Даниил Усанов лайық деп танылды.
Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Нұрлыбек Төлеубай екінші орын алды. Ал ИнЕУ жоғары колледжінен келген Роман Украинченко үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздар дипломдармен, медальдармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
— Шыны керек, жеңімпаз екенімді естігенімде таңырқап қалғаным рас. Себебі жігіттер барын салды. Біз бірінші күні макет салсақ, екінші күні өнімдерді өндірдік. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды, — дейді қалып жасау ісі бойынша жеңіске жеткен Карина Оленбург.
Қатысушылардың айтуынша, «ERGSkills» — жай ғана байқау емес. Бұл — кәсіби өсудің, тәжірибе алмасудың және жас мамандардың сенімді болашағының алаңы. Сайыс жеңімпаздары жұмысқа орналасу кезінде басымдыққа ие болып, халықаралық тағылымдамаларға қатыса алады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Ақсу қаласы.
Суретті түсірген – Татьяна Сартакова.