«Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн»

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауынан.

Қазақстанның әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуі үшін білім беру саласын дамытып, жоғары оқу орындарын интернацияландырудың маңызы зор. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізге халықаралық білім беру стандарттары енгізіліп, шетелдік университеттермен келісімдер жасалуда.

Бүгінгі таңда елде 34 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік келісімдер жасалып, Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 серіктес жоғары оқу орындары жұмыс істеуде. Ал ағымдағы жылы тағы да 11 келісімді іске асыру жоспарлануда.

Мемлекет тарапынан шетелдік серіктестік жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттердің білім алуы үшін 2 090 грант бөлінді. Нәтижесінде, ел жастары 34 түрлі мамандық, оның ішінде жоғары сұранысқа ие педагогикалық, инженерлік-техникалық және жасанды интеллект бағыттары бойынша білім алуда.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, шетелдік жетекші университеттермен ынтымақтастық аясында атом өнеркәсібі, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды аса сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауға басымдық берілген. Қазіргі таңда ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар өңірдегі жоғары оқу орындары базасында британдық Heriot Watt, ирландиялық Квинс, түркиялық Гази, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология және Қытайдың Бейжің университеттерінің филиалдары ашылған. Сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі жоғары білім беруді интернационалдыру стратегиясы шеңберінде шетелдік азаматтарға, олардың қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ диаспорасының өкілдеріне арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылды. Айталық, осы оқу жылында қазақстандық 37 жоғары оқу орнына шетелдік азаматтарға арналған шәкіртақы бағдарламасы бойынша жастар қабылданып, білім алуда.

Халықаралық білім беру мәселесі туралы сөз еткенде «Болашақ» бағдарламасы туралы айтпасқа болмас. Бұл бағдарламаның елімізде жүзеге асқанына 30 жылдан астам уақыт өткен. Осы мерзім аралығында 12 727 отандасымыз әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқып, білікті маман атанған. Олардың 55 пайызы гуманитарлық, 36 пайызы инженерлік-техникалық, 7 пайызы медициналық, 2 пайызы мәдениет және өнер бағыты бойынша білім алған. Министрлік мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасының түлектері 30-дан астам шет мемлекеттің 500-ге тарта таңдаулы жоғары оқу орындарын оқып, оны тәмамдап, тағылымдамадан өткен. Аталмыш бағдарлама түлектері өткен жылы 213 мың медициналық ота жасап, 145 мың білім алушы мен студенттерді оқытып, мыңнан астам ғылыми еңбектерін жариялады. Бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік.

Мамандардың айтуынша, өз жемісін берген халықаралық «Болашақ» бағдарламасы болашақта да жалғасын таба бермек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы бағдарламаға бөлінетін халықаралық шәкіртақы техникалық, инженерлік, медициналық және педагогикалық мамандықтарға қайта бағытталмақ.

Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1 096 стипендиат оқуда, оның ішінде 833 адам — магистратура бағдарламасы бойынша, 145 адам – докторантура бағытында, сондай-ақ тағылымдамадан өтіп жүргендер де бар.

Ерекше айта кетерлігі, болашақта осы бағдарламаның талабы өзгеріп, бакалавр деңгейін енгізу бойынша заң жобасы қарастырылуда. Бұл жөнінде Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов:

— Біз «Болашақ» бағдарламасының аясын кеңейтуді ұсынып жатырмыз. Қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистратура және докторантура деңгейінде ғана білім алуға болады. Біз соған бакалавриатты да қосып отырмыз. Бірақ ол бәріне емес, тек дарынды, яғни арнайы тізімге кірген, танылған, беделді деген халықаралық олимпиадада немесе ғылыми сайыста жеңімпаз атанған талапкер, өз бағыты бойынша әрі қарай білім аламын десе, оған «Болашақ» бағдарламасы» аясында шетелде мемлекет есебінен жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі, — дейді.

Осылайша, отандық білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай етіп, білікті маман даярлау бағытында игі істер қолға алынуда. Бастысы, бұл бастамалардың елге берері мол, дейді мамандар.

Н.АҚЫТЕГІ.