қала оқушыларының демалысы көңілді
Облыс оқушыларының жазғы демалысын ойдағыдай өткізу үшін 326 мектеп жанындағы және 424 профильді лагерь жұмыс істеуде. Мұнда 100 мыңнан астам павлодарлық шәкірт демалып, денсаулығында ақауы бар балалар қосымша сауықтыру шараларымен қамтылмақ.
Павлодар қаласының оқушылары үшін де көңілді демалыс ұйымдастырылған. Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, осы мақсатта «Жаз-2023» бағдарламасы жүзеге асуда. Соның аясында 21 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы қала мектептерінің жанындағы лагерьлерде демалуда.
— Жаздың үш айында жалпы білім беретін 40 мектептің жанынан ашылған лагерьлер 3 маусым бойынша жұмыс істейді. Әр маусымда туристік-өлкетану, экологиялық, зияткерлік, әскери-спорттық, этномәдени және басқа да бағыттар бойынша бейіндік лагерьлер балаларға қызмет көрсетеді. Оның ұзақтығы 15 күнді құрайды. Мұндағы оқушыларға 3 мезгіл тамақ беріледі. Мектеп жанындағы лагерьлерде санитарлық-гигиеналық шараларды сақтай отырып, мәдени-демалыс орындарына саяхатқа шығу жоспарланған, — дейді қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Балжан Әділханова.
Осындай туристік шара киелі Баянауыл жерінде өтті. Павлодар қаласының жасөспірімдері «Туған өлкем» республикалық фестивалі аясында Тендік ауылына барып, «Ертіс өңірінің ежелгі киелі нысандары» атты туристік-өлкетану практикумына қатысып қайтты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты — оқушылар арасында туристік-өлкетану қозғалысын дамыту арқылы аймағымыздың мәдени-тарихи мұрасын зерттеп, сақтауға жәрдемдесу. Бұл саяхатқа Павлодар қаласы білім беру бөлімінің экология және туризм орталығының «Табиғат және біз», «Атамекен», «Біздің әлем», «Жас өлкетанушы» балалар бірлестіктерінің тәрбиеленушілері, №21, 24, 25 және Б.Момышұлы, Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 3-9-сынып оқушылары барып қайтты. Олар «Ақ келін» тарихи-мемориалдық кешеніне, қоғам қайраткері әрі ағартушы Мұса Шорманов пен Бұқар жырау Қалқаманұлы кесенесіне бас сұқты. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйіне де ат басын бұрып, ондағы ұлттық жәдігерлер мен осы жақта туып-өскен ұлы тұлғалардың өмірі жайлы мағлұматтармен тереңірек таныс болды.
— Баянауылға жасаған сапарымыз маған ұнады. Біз көптеген қызықты мағлұматтарды естіп білдік. Бұл жақтан Ертіс өңірінің тарихы мен белгілі тұлғалар туралы алған білімім ой-өрісімді кеңейтті. Болашақта олар жайлы естіген мәліметтерімді сабақта, шығармашылық жұмыстарда пайдаланатын боламын, — дейді №25 мектептің 9-сынып оқушысы Нұрасыл Сейсембай. Сонымен қатар, демалыс кезеңінде шаһардағы шәкірттер үшін қызықты ойын-сауық кештері де өтуде. Соның бірі — экология және туризм орталығы мен «Қазақстан алюминийі» АҚ ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылған «QUEST TERRITORY-ЭКО» квест-ойыны. Оған қаладағы №9, 28, 30, 35 мектептердің 4-5-сынып оқушыларынан құралған 6 команда белсенді қатысты. Адамзаттың қоршаған ортаға деген қамқорлығын қалыптастыруды мақсат еткен ойынға қатысушылар экология, фенология, өлкетану және туризм тақырыптары бойынша білімдерін сарапқа салды. Олардың өнер-біліміне өз бағаларын берген «Қазақстан алюминийі» АҚ мен экология және туризм орталығының өкілдері шара жоғары деңгейде өткенін айтып, қатысушыларға естелік сыйлықтар тарту етті.
Ал экологиялық бағыттағы №36 мектептің «Арман экоқаласы» бейіндік лагері үшін әр күн қызыққа толы. Мұнда балаларды қоршаған ортаны қорғау және оған қамқорлық жасауға баулуға бағытталған экологиялық диктанттар, пікірталас, экскурсия, экодесант, түрлі марафондар мен өзге де қызықты іс-шаралар үздіксіз өткізіліп тұрады. Айталық, осындағы «Экоәлем» жасағы балалар арасында «Әлемдегі күрделі экологиялық мәселелер» тақырыбында дебат ұйымдастырса, «Дене шынықтыру және спорт» жасағының қатысушылары «Таза қала», «Мен тазамын» ұранымен мектеп аумағын абаттандыру бойынша экологиялық марафон өткізді. Бүгінде аталмыш лагерьге 5-11-сынып аралығындағы 240 оқушы қатысады.
— Бейіндік лагерь жұмысының негізгі идеясы – экологиялық тәрбие беріп, жасөспірімдердің шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына жағдай жасау. Сол арқылы балалардың экологиялық мәдениеті мен дене дамуын қалыптастыру, — дейді бейіндік лагерь басшысы, педагог-психолог Татьяна Фирсова. Сондай-ақ, қалалық шәкірттер үшін «Жазғы микс — 2023» кешенді бағдарламасы аясында «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалар дарындылығын дамыту орталығы «Менің кәсібім — менің болашағым» атты қызықты экскурсиялар да ұйымдастыруда. Кәсіби бағдар беруге бағытталған шара аясында балалар өрт сөндірушілердің жұмысымен таныс болды. Өрт қауіпсіздігі жөніндегі маман Пелих Михаил күнделікті атқаратын міндеттері туралы айтып, қауіпсіздік ережелерімен таныстырды.
— Экскурсия барысында көп мағлұмат алдық. Осындай шаралардың біз үшін маңызы зор. Өрт сөндірушілердің жұмысы қиын әрі жауапты екенін енді түсіндім, — дейді Б.Момышұлы атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Бекзат Балтабаев. Кәсіби бағдар беру экскурсиясы мұнымен ғана шектелген жоқ. Бір топ оқушы Павлодар қаласының трамвай басқармасына барып, жүргізуші кабинасына отырып көріп, цехтардың жұмысымен танысты. Трамвай депосының инженері Игорь Олейник осы көліктің пайда болу тарихы жайлы қызықты мәліметтермен бөлісті.
Қалалық білім беру бөлімі өкілдерінің айтуынша, лагерьлердің көңілді өтуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, жеткіншектер денсаулығын нығайту мақсатында күнделікті жаттығулар мен спорттық шараларды үздіксіз ұйымдастырып тұру дәстүрге айналған. Сондай-ақ, жазғы кезеңде 700-ге жуық ересек оқушының әрқайсысына 24,3 мың теңге көлемінде еңбекақы төленіп, қала және ауылдық аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру бойынша еңбек жасақтарында жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Кейбір балалар мектеп ауласындағы жасыл желектерді, жылыжайларды күтіп-баптаумен уақыттарын өткізуде.
Жалпы, шаһар бойынша 1-10-сынып оқушыларының 94,6 пайызы жазғы демалыспен, сауықтырумен және жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Бұл шамамен 46 мыңнан астам оқушыны құрайды.
Атап өтерлігі, мамандар жаз айларында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де баса мән беруде. Осы мақсатта тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқушылармен, ата-аналармен әңгімелесу шаралары жүргізіліп, электронды жадынамалар жолдануда. Сонымен қатар, білім беру бөлімі мен оқу орындарының сайттарында, әлеуметтік желілерде суға батып кетудің алдын алу, өрттен сақтану жолдары жайлы бейнероликтер жарияланған.
Осылайша, шаһар шәкірттерінің әр күні шаттыққа толы болуы үшін лагерьлерде түрлі іс-шаралар қолға алынуда.
Нұржайна ШОДЫР.