Павлодар қаласының балалары үшін осы жаз түрлі байқаулар мен қызықты іс-шараларға толы болды. «Жазғы POV-2024» бағдарламасы аясында оқушыларға арналып «National Trend» шеберлік сағаты өтті.
«Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы мұрындық болған шара 6 аталымнан тұрды. Бұған қатысуға ниет білдірген оқушылар да көп болды. Атап айтар болсақ, «Атласты ленталардан раушан гүл жасау» атты шеберлік сағатына №6, 7, 14, 35, 39 және М.Әуезов атындағы мектептердің оқушылары қатысты. Олар түрлі гүлдер жасап, оны зергерлік бұйымдар істеуге пайдаланды. «Ыдыс-аяқтарды безендіру» атты шеберлік сағатына Ә.Бөкейхан атындағы, Ш.Шөкин атындағы және №6, 7, 14, 35 мектептердің шәкірттері белсенділік танытты. Декор үшін ағаш, шыны, қыш ыдыстар, қаңылтыр банкалар қолданылды. Ал «Жастықтарды дайындау және безендіру» туралы шеберлік сағатында балалар ұлттық ою-өрнек нақыштары бар жастық түрлерін жасап, тігуді үйренді. Сондай-ақ, шаһар шәкірттері тоқыма бұйымдарын тігу, оларды бисермен безендіру, түймелерді қадау және жамау технологиясы бойынша жасалатын «Киізбен жұмыс»
шеберлік сағатына да қызығушылықпен қатысты.
Аталмыш шараны ұйымдастырған орталықтың он саусағынан өнер тамған педагогтары мұндай іс-шаралардың балаларға берері мол екенін айтады.
Нұржайна ШОДЫР.