Ғылымның дамуы — өркениет өзегі

Қыр 25, 2025

Мемлекет басшысы жоғары білім беру саласын дамытуға айрықша мән беруде. Себебі, ғылым мен білімнің қарқынды дамуына әсер ететін бірден-бір қозғаушы күш — университеттер болып табылады. Осыған орай, елімізде «1 қазан – ҚР Жоғары білім қызметкерлері күні» болып бекітіліп,
аталған сала өкілдерінің жеткен жетістіктері жарияланып, еселі еңбектері еленетін мерекеге айналған еді. Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстандағы беделді жоғары оқу орындарының бірі – «Торайғыров университеті» КЕАҚ-ның ғылыми жұмыс және зерттеулерді коммерцияландыру
жөніндегі басқарма мүшесі, проректор Ержанов Нұрлан Тельманұлымен сұхбаттасқан едік.

– Нұрлан Тельманұлы, отандық ғылымның дамуы жоғары білім саласына тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл ретте, өзіңіз еңбек етіп жүрген университеттегі қызметкерлер қазақстандық ғылымға
қандай үлес қосуда? Осы жөнінде айтып өтсеңіз…

— Ғылыми және инновациялық қызмет Торайғыров университетінің өңірлік зерттеу және өнеркәсіптік орталық ретінде даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және олардың нәтижелерін тиімді коммерцияландыру – университеттің де, жалпы, өңірдің де тұрақты дамуының негізі.

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында білім мен ғылымды дамытуға айрықша мән берді. Иә, білім экономикасына көшу жағдайында ғылымды, білім беруді және инновацияларды басқаруды интеграциялаудың маңызы зор. Бұл ретте, Торайғыров университетінің қызметкерлері де ғылыми зерттеулер жасау, жаңа технологияларды әзірлеу, ғылыми мақалаларды жариялау, жоғары білікті кадрларды даярлау, іс-шараларға белсенді қатысу арқылы қазақ-стандық ғылымның дамуына қомақты үлес қосып келеді. Университет сондай-ақ, ғылыми мектептерді дамытып, Қазақстанның және шетелдің жетекші ғылыми ұйымдарымен, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуда. Сонымен қатар, облыстық басқармалармен, жергілікті атқарушы органдармен шарттар жасау бойынша жұмыс жүргізіліп, осы және келесі күнтізбелік жылдың бюджетіне енгізу үшін ұсыныстар жолдануда. Бұдан бөлек, шаруашылық келісімшарт шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау мақсатында өңірлік өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жұмыс жалғасуда.

Бүгінде жоғары оқу орнында 77 оқу және ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Университет кадрларды сапалы даярлауды және инженерия, энергетика, экология, ақпараттық технологиялар, химия, аграрлық ғылымдар сияқты негізгі бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз ететін зертханалық база мен ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына ие.

Атап өтерлігі, былтыр университет атына 29 өнертабыс пен пайдалы модельге патент алынды. Оның ішінде 9 еуразиялық, 17 республикалық өнертабыс пен 3 пайдалы модель бар. Сондай-ақ, бізде 6 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Оқу орны 10 ғылыми журнал шығарады. Оның ішіндегі 6 журнал Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне кірді.

Міне, осы еңбектердің бәрі — отандық ғылымды дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың нәтижесі.

– Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобаларын гранттық қаржыландыру үшін қазынадан қыруар қаражат бөлініп жатады. Мұндай қолдауға ие болғандардың қатарында әріптестеріңіз де бар екенін айттыңыз. Олардың осынау еңбектері қаншалықты ел кәде-сіне жарауда?

— Торайғыров университеті индустриялық өңірдің орталығында орналасқан және біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет – ғылыми әлеуетті нақты экономикалық, технологиялық шешімдерге айналдыру. Демек, ғылыми зерттеулер өңір экономикасы мен жалпы елге пайда әкелуі тиіс.

Биыл «Торайғыров университеті» КЕАҚ-да жалпы сомасы 1 623 790,80 мың теңгені құрайтын әртүрлі көздерден қаржыландырылатын 84 тақырып бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Яғни, өзекті ғылыми бағыттар бойынша бірқатар ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асуда. Мысалы, ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында «Қазақтың жергілікті жылқы тұқымының төрт экотипінің генетикалық әртүрлілігін толық геномдық секвенирлеу арқылы зерттеу», жаратылыстану ғылымдары саласында «Полимер қалдықтарын термопластикалық өңдеу арқылы композиттер жасаудың химиялық-технологиялық аспектілері», инженерия саласында «Автоматты аккумуляторлық батареяны қамтитын аралас энергия қондырғысы бар көлік құралын әзірлеу және зерттеу», энергетика саласында «Қазақстандағы атом электр станциясында электр сұлбасындағы ескерілмеген ақауларға байланысты болуы мүмкін апаттардың алдын алу және локализациялау» және басқа да бағыттар бойынша түрлі тақырыптағы тың жобалар зерттелуде.

Университеттің ғылыми-зерттеу қызметін дамытудың негізгі бағыты – облыстық басқармалар және өңірдегі өндіріс орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Осы мақсатта оқу орны ірі кәсіпорындар арасында әріптестік орнату үшін ғылыми зерттеулерге тапсырыс беруді және ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыруды көздейтін ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.

Бүгінде университет облыстағы «Каустик» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Нефтехим LTD компаниясы» ЖШС, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты және басқа да ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуде. Сол арқылы университеттің ғылыми-зерттеу қызметі мемлекеттік басқару органдарының бизнес-процестерінің тиімділігін арттыруда, кәсіпорындардың инновациялылығын және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын құруда, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда көрініс табуда.

– Соңғы жылдары ғалымдарды, яғни жоғары білім саласының өкілдерін қолдауға басымдық берілуде. Десе де, сіздің ойыңызша шешімін таппаған қандай мәселелер бар?

— Жоғары білім беру саласында ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған шараларға қарамастан, әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Соларға тоқталар болсам, білікті оқытушылар мен ғалымдардың жетіспеушілігі, оқу бағдарламаларының ескіргендігі, академиялық еркіндіктің болмауы, сыбайлас жемқорлық пен плагиат мәселелері, сондай-ақ, білім мен ғылымның тәжірибелік бағыттылығын арттыру және цифрлық технологияларды дамыту қажеттілігі. Жас мамандар арасында «ми ағымы» құбылысы, яғни жастардың тұрақтамай, басқа жерлерге кетуі және мотивацияның төмендігі байқалады. Сонымен қатар, түлектердің дайындығы еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келмей жатады.

Қазақстандық жоғары оқу орындарында докторанттар санының төмендігін ескере отырып, жас кадрлар үшін оқытушылық және ғылыми қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін іс-шараларды қарастыру қажет. Осыған байланысты жоғары оқу орында-рына докторантура және постдокторантура деңгейінде ғылыми кадрларды даярлау жүйесін реформалау қажет. Докторантураға үміткерлерді іріктеу олардың зерттеу дағдыларын бағалау негізінде, сондай-ақ, университеттің ғылыми мектептерінің бейініне сәйкес жүргізілуі тиіс деп ойлаймын.

– Академиялық адалдық туралы көп айтылады. Бірақ жоғары оқу орындарында көшіру мен плагиат мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Бұл — жүйенің әлсіздігі ме, әлде оқытушы мен студенттің кінәсі ме? Жалпы, осы бағытта университетте жұмыстар жүргізіле ме?

— Біздің университетте академиялық адалдық мәселелеріне ерекше назар аударылады және осы мақсатта тұтас жүйе қалыптастырылған. Университетте студенттер мен оқытушылардың адал мінез-құлық қағидаттарын бекітетін академиялық саясат жұмыс істейді. Академиялық адалдық кодексі бар. Ол оқу жұмыстары, емтихандар және ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде білім алушылар мен қызметкерлердің мінез-құлқын реттейді. Сонымен қатар, студенттердің жазбаша жұмыстары мен оқытушылардың ғылыми жарияланымдарының түпнұсқалығын бақылауға мүмкіндік беретін анти-плагиат жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, осы нормалардың сақталуын қамтамасыз ететін және ықтимал бұзушылық жағдайларын қарайтын Комплаенс қызметінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Жалпы алғанда, университет адалдық пен зияткерлік еңбекке құрметпен қарау мәдениетін жүйелі түрде қалыптастырады. Бұл әркімнің жеке үлесі бағаланатын салауатты академиялық ортаны құруға мүмкіндік береді.

–  Кейбір студенттерден «оқытушылар бізден көп нәрсе талап етеді, бірақ өздері дамымайды» деген әңгімені естіп қалатынымыз бар. Осы орайда бүгінгідей күн сайын өзгеріп, қарыштап дамып жатқан заманда жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру мәселесіне қаншалықты назар аударылуда?

— «Торайғыров университеті» КЕАҚ профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Жүйелі жұмыс оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін тұрақты жетілдіруге бағытталған. Біліктілікті арттыру бекітілген жоспар негізінде жүзеге асырылады. Жалпы, 2024–2025 оқу жылының ішінде 400-ден астам оқытушы мен университет қызметкері біліктіліктерін арттырды, Сондай-ақ, 18 оқытушы Қазақ-станның және шетелдің жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарына барып, курстардан өтті.

– Проректор ретінде Қазақ-станның жоғары білім саласының болашағын қалай елестетесіз және осы жүйені жетілдіру үшін қандай реформа қажет деп ойлайсыз?

— Әлемдік білім беру кеңістігі цифрландыру және білім беру бағдарламаларының тәжірибелік бағыттылығын күшейту жағдайында университеттердің міндеті тек білім берумен шектеліп қана қоймай, студенттерде сыни ойлау, көшбасшылық және кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Бұл оларды қарқынды өзгеріп жатқан әлемнің сын-қатерлеріне дайын етеді.

Жүйені жетілдіру үшін қаржыландырудың икемді моделі, жоғары оқу орындарының автономиясын кеңейту, дуалды оқытуды дамыту және индустриямен тығыз ынтымақтастық қажет. Маңызды қадам-дардың бірі – цифрлық технологиялар мен онлайн курстарды енгізу, сондай-ақ зерттеу университеттерін және халықаралық серіктестікті қолдау. Мұның барлығы қазақ-стандық жоғары оқу орындарын инновациялар орталығы мен ел дамуының драйверіне айналдыруға мүмкіндік береді.

– ҚР Жоғары білім қызметкерлері күніне орай әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

— Барша әріптесімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге таусылмас жігер, шығармашылық шабыт және кәсіби жетістіктер тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, студенттеріңіз табыстарымен қуанта берсін! Өздеріңізге және отбасыларыңызға зор денсаулық, амандық-саулық, сондай-ақ, ғылым мен білімде жаңа белестер тілеймін!

– Ақпаратыңызға рақмет! Кәсіби мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.